Жарнама
 
Құқық
2 мин оқу 1,234

Төбелескен қыздардың соты

<p style="text-align: justify;">Өскеменде өрімдей қыздар бұзақылық жасап, жаға ұстатарлық істері қоғам талқысына түскені әлі ұмтыла қойған жоқ. Сауда кешендерінің біріндегі әжетханада колледждің 1-курс студентін бірнеше қыз тепкіге жығып, мәжбүрлеп шешіндіргені, оны бейнекамераға түсіргендері елдің есінде. Одан бері екі айдан астам уақыт өтті. Тергеу ісі аяқталып, кеше соттың бірінші отырысы өтті.</p>

Төбелескен қыздардың соты

Белгілі болғандай, жәбір көрген студентті бір топ қыз, бір емес, бір­неше рет соққыға жыққан. Оның бәрі әлеуметтік желіде тараған бейнематериалдарда айдан анық көрініп тұр. Жасырып-жабатындай емес. Алай­да, БАҚ өкілдері ресми ақпаратты қоғамдық пікір туындатып барып қана ала алған еді. Оған дейін білім беру мекемесінің басшыларынан, құқық қорғау органдарынан тар­қатып ақпарат ала алмағанымыз шындық. Қоғамдық пікірдің өзін саралап, сараптап, сүзіп шықсаңыздар, жәбір көрген қызға қолдау көрсе­тіп, жылы лебіздерін білдірген. Ал күдікті тарапты заң аясында жазаға тарту керектігін жазған. Сөйтіп, қыл­мыстық іс қозғалды. Екі айдан астам уақыт тергеу жүргізілді.

Кеше шулы іске қатысты сот отырысы өтеді деп, Шығыс Қазақстан облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырыл­ған ауданаралық сотына бардық. Алайда, судья айыпталушы тараптың және прокурордың ұсынысымен сот жабық түрде өтеді деген шешімге келіпті. Себебі, кәмелет жасқа тол­маған қыздардың психология­сына нұқсан келуі мүмкін екен. Жәбір­ленуші қыздың анасы мен туған-туыстары ғана соттың ашық өтуін сұрады.

– Қызымды ұрып, бейнека­ме­­раға түсіргенде кәмелет жасқа тол­мағандарын білді ғой. Оның үстіне, Аяулымның ата-анасынан басқасы кешірім сұрап келмеді. Қызым бірнеше рет ауруханаға жатты. Әлі күнге дейін басым ауырады дей­ді. Сабаққа баруға да зауқы жоқ. Бейне­камераға түсіріп, абыройын айрандай төкті. Енді сот әділ шешім шығарып, күдікті қыздар жазаның ең қатаң түрін алса екен, – дейді жәбірленген қыздың анасы Альмира Досымова.

Айтқандай, сот бұдан былай жабық өтеді. Прокуратура өкілі түсін­діргендей, сот шешімі шыққан соң істің бүге-шігесі ресми түрде ха­барланады. Ал халықтың күткені – әділ шешім.

Өскемен

Бөлісу:
Төбелескен қыздардың соты · Egemen Qazaqstan