Басылым
2 мин оқу 440

Тегеурінді «Темірқазық»

<p style="text-align: justify;">1923 жылы қайраткер, елші, қаламгер Нәзір Төреқұлов &laquo;Темірқазық&raquo; журналының алғашқы нөмірін баспадан шығарды. Міне, биыл осы тарихи басылымға 100 жыл толып отыр.</p>

Тегеурінді «Темірқазық»

«Күншығыс елдеріне саясат кіндігі, жол көсемі, іс көсемі, ел тәр­бие­шісі болып тұратын әдебиет­ке негіз салатын, елге білім кілтін ашатын журналдың керектігі көп­теп сезілетін. Ел жоғын білетін, ел тіле­гіне, ел мұңына құлақ салатын журнал елге тура жол сілтейтін, тері­сін, қисығын тергейтін журнал ел­дің шын қамқоры, шын досы болып көрінбек», деген тілек сөзін «Темірқазыққа» арнаған Нәзір Төреқұлов сол басылымның дү­ние­ге келуіне аянбай тер төгіп, ең­бек етті.

Бар-жоғы үш-ақ нөмірі шық­қан «Темірқазық» журналы өз оқырман­да­ры­ның көзайымына айналып, сол тұстағы белгілі қалам иелері осы журналға қоғамда болып жатқан өзекті мәселелерге байланысты мақалалар жазды.

«Темірқазықтың» алғашқы нө­мірі шыққанда ауыл қазағы өзі­нің тілегін өлең шумақтарымен жол­даған. Міне, сондай ел қаза­ғының бірі Ескендір Шын­тасұлы­ның жүрекжарды өлеңі журналға арналғаны – соның айғағы. Өлең жолдарында ауыл азаматы:

«Қайырлы, құтты болсын, «Темірқазық»,

Саналы аңсағанға бұл бір азық.

Етеді жолбасшылық, жөн көр­сетіп,

Адассақ бағыт ауып, жолдан азып.

Қазақтың кемдікте өскен айнасы бұл,

Өзімнен өзіңе айтар тергеп-қазып.

Аз сөзбен елден көңіл білдіремін

Сүйелді қолдарыммен өлең жазып»,

– деп қуана жолдаған өлеңі ауыл қаза­ғы­ның журналға тілекші екенін көрсетеді.

Cол кезеңде Мәскеудегі Алаш зиялылары «Күншығыс баспасы» айналасында топтасқан еді. Баспа туралы ХХ ғасырдың 20-жылдары баспасөзде жиі айтылған. Қазақша ресми аты – «КСРО халықтары кіндік баспасының қазақ-қырғыз бөлімі». Оның тарихы 1922 жылдан басталады. Дәл сол жылы автономиялық республикалар мен облыстарға арналған кітаптар, мерзімді басылымдар шығаратын КСРО Орталық атқару комитетінің Шығыс баспасы негізінде ашылды. 1922-1928 жылдары Нәзір Төреқұлов КСРО Орталық атқару комитеті жанындағы Орталық бас­па басқармасының төрағасы, қазақ секциясының басшысы қызметін атқарған. 1924 жылы КСРО халық­та­рының орталық баспасы ретінде қайта құрылған. 50 тілде кітап, аударма, саяси әдебиет, 12 тілде газет-журнал шығарған. Баспа саны аз ұлттардың ең алғашқы әліпбиін жасап, оқулықтарын жариялаған. Халық арасында «Күн­­шығыс баспасы» деп айтылып кеткен. Тегеурінді «Темірқазық» журналы да осы баспадан шыққан.

«Темірқазық» журналының 2-3 саны бүгінде Алматы қаласындағы Құжаттану және мұрағат ісі жө­нін­дегі ғылыми-техникалық ақпарат орталығы сирек кездесетін кітап­тар мен материалдар қорында сақ­таулы.

Мәскеуде жарық көрген «Те­мір­қазық» журналы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситеті жур­налистика факуль­те­тінің PhD Алтын Ақын­бе­кованың із­­дені­сінің нәти­жесінде араб қар­­пінен кирил­лицаға ауыстыры­лып, ғылыми ай­налымға еніп отыр.

Әбдіжапар САПАРБАЕВ,

Халықаралық «Нәзір Төреқұлов» қайырымдылық қорының президенті, экономика ғылымдарының докторы, профессор

Бөлісу:
Тегеурінді «Темірқазық» · Egemen Qazaqstan