Таным
2 мин оқу 330

Мінез

<p style="text-align: justify;">Әл-Фараби &laquo;мінез &ndash; жан айнасы&raquo; деді. Қазақы ұғымда мінезі жақсы адам&shy;ды &laquo;ішіне кеме жүзетіндей кең&raquo;, &laquo;мінезі төр жайлаудай&raquo;, &laquo;кө&shy;ңілі көлдей шалқыған жан&raquo; деп әс&shy;пет&shy;теп жатады. Шынында, мінез адам тағ&shy;дырына тікелей әсер етуші күшке ие.</p>

Мінез

Этнограф жазушы Болат Бопай­ұлы жер бетіндегі адамдардың мінезі екі үлкен күретамырдан қалып­тасатынын баян етеді. Бірі – «тума мінез», екіншісі – «жұқпа мінез». Тума мінезге жеті атадан жал­ғас­қан қанды, генді, текті, туыс­тық­ты қуып тұтасқан, сүтпен келіп сүйекке біткен мінез деп жатқызады. Ал жұқпа мінез деп бала күннен көрген-білген, көңілге түйіп, айнала­дан сезген, жұғысып-жұқтырған, еліктеген мінезді айтады. Адам баласы ерте күнде өз ерекшелігі мен ай­рық­ша болмысын жұртқа көрсетуге бейім болады. Солайша еректігімен, өзіне тән адамдық қолтаңбасымен сүй­кімді көрінеді. Уақыт өте келе әр­түрлі әлеуметтік топтар, орталар, тұл­ғалармен танысу арқылы еліктеу соқпағына түсіп, өзінен алыстай бас­тайды. Міне, осы тұста тума мінезі, тәрбие-тәлімі берік жандар болмысынан аса алыстай қоймайды екен. Ал алыстаған жандар араға жылдар салып өзіне оралып жатады немесе кейбірі өзін таппаған күйде ала-құла мінезбен өмірден өтеді. «Мінез – адамның ішкі жан құпиясын айпарадай ашып көрсетеді. Әр пенденің мінезі – өмірінің негізі. Бағы мен соры тіке мінезге қатысты болады. Оның қоғамдағы дұрыс адамдармен болған қарым-қатынасын көрсетеді. Адамның кім екендігін мінезі дә­лел­дейді» дейді Болат Бопайұлы «Қа­зақ мінезі» кітабында.

Данышпандар айтқандай, бақыт­тың мәні кемелдікке ұмтылу екенін ес­­керсек, күнделікті мінез түзеу, жан игі­­­лігі үшін күресу адамдықтың ісі-дүр.

«Ойға түстім толғандым,

Өз мінімді қолға алдым,

Мінезіме көз салдым,

Тексеруге ойландым»,–

деген хәкім Абай даналығы мінездің асыл құндылығынан хабар береді. Халқымыз «Жақсы мінез – жан көркі», «Адам мінезінен танылады» деп бекер айтпаса керек.

Бөлісу:
Мінез · Egemen Qazaqstan