Тұлға
3 мин оқу 510

Қағілез, қамқоршы Халекең еді...

<p style="text-align: justify;">Ойы орамды, сөзі өтімді, ісі әркезде де тындырымды, жүріс-тұрысы ширақ, жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұратын асыл азаматтың аяқ-астынан болған қазасы оның етжақындарының ғана емес, айналасында үйіріліп жүретін дүйім жұртты, өзі жетекшілік жасайтын республикалық одақ мүшелерінің қабырғасын қайыстырып кетті... Елдің аузында &laquo;Чернобыльдың зардабы ғой...&raquo; деген сөз қалды.</p>

Қағілез, қамқоршы Халекең еді...

Халел Төреғалиев – Кеңес одағының қасіретіне айналған Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардабын жоюға қатысқан запастағы химик-офицердің бірі һәм бірегейі еді. Атом стансасы жарылған 1986 жылғы 26 сәуір күні Қазақстанда тө­тенше жағдайда жасақталған 27-химиялық қорғаныс полкінің құрамына шақырылған тұста жасы 33-те екен. Өзі коммунист, өзі запастағы аға лейтенант Халел Төреғалиев қатарластары секілді әскери комисариатта тілдей екі қағазға қол қойды: оның біріншісі – «Мен кеңес одағының патриот азаматы ретінде КОКП Орталық комитетінің, КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының, КСРО Министрлер кеңесінің өзіме мін­деттеген тапсырмасын орын­дауға дайынмын...» болып келетін де, екіншісі – «Мен КСРО Қарулы күштерінің офицері ретінде мемлекеттік құпияны апатты жағдай түзелгенше құ­пия сақтауға ант етемін!» деген қағаз болатын. Өкінішке қарай, апат зардабы түзелмеді... Ан­тына адал офицер әріптестері секілді радиациялық сырқатқа ұшырап, ІІІ топтағы мүгедекке айналды.

Апатты аймақтан оралған еті тірі азамат қол қусырып отыра алмады. «Көрінбейтін ра­диа­циялық майданнан» зардап шеккен жауынгерлердің басын қосып, «Чернобыль ар­дагерлері одағы» респуб­ли­калық бірлестігін құрды. Бі­лікті қаржыгер-маман ел Тәуелсіздігінің елең-алаңында Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі аппаратында қызмет етті. Одан көп жыл бойы Алматыдағы «Инсталком» металл құрыл­ғылары компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. Бірақ, ол өзінің «чер­нобылдік» екенін әркез есте сақтады. Ионды сәулелерден өмірлік кесел тапқан өрімдей жастарға қатысты әлеуметтік мә­селелерді мемлекеттік тұр­ғыдан шешуге аянбай атсалысты. Өмірінің соңына дейін Чер­нобыль АЭС-індегі апаттан зардап шеккендердің мүддесі үшін күресті. Одақ төрағасының ерекше белсенділік танытқан бір қыры – «Ардагерлер туралы» заңының (2020 жылғы 6 мамыр №322- VI ҚРЗ) 6-бабына бұрынғы КСРО заңына сәйкес әрі еш өзгеріссіз отан­дық чернобылдіктерді ҰОС арда­герлерінің қатарына теңес­тірудегі тиянақты іс-қимыл әрекеті болды.

– Халел Мұхитұлының біздің «таудағы госпиталь» атанып кеткен, тозығы жеткен, жарамсыз ғимаратымызды соғыс ардагерлері үшін қайта қал­пына келтіру жолындағы ат­қарған күрескерлік қызметін еш ұмытпаймыз, – дейді Алма­тыдағы Соғыс ардагерлері мен мүгедектерін емдейтін рес­пуб­ли­калық-клиникалық гос­пи­тальдың бас директоры Гауһар Тазабекқызы Жұмасейітова. – Қазір министрлік бұл мәселеге айрықша назар аударып отыр. Әттең, қайраткер, қағілез, әр­дайым белсенді аяулы ардагер ағамыздан кенеттен көз жазып қалғанымыз өкінішті...

Халел Төреғалиевтің әскер­дегі және бейбіт өмірдегі көр­сеткен ерлігі мен қоғамдық белсенділігі «Ерлігі үшін» ме­далімен, І және ІІ дәрежелі «Ай­бын» орденімен аталып өтті. Бұл құрмет оның зардап шеккен қарулас-майдандастарының мүдделері үшін аянбай төккен терінің өтеуі деп түйіндегеніміз ләзім.

–Біздің Халекең Бело­рус­сияның Гомель қаласындағы Халықаралық радиациялық зардаптардан сауықтыру орта­лығымен тығыз байланыста болды, – дейді «Чернобыль ар­дагерлері одағының» белсенді мүшесі, ардагер-полковник Ға­лымбек Тоқтаубаев. – Сырқат меңдеген талай жанның сол орталықта емделуіне дә­не­керлік жасаған Халел Мұ­хитұлы «майдандастар» дегенде, күш-жігерін аямады, байырғы апат аймағындағы клиникаға емделу­шімен бірге сан рет сапарлап та барды...

Төраға Төреғалиевтің қа­засына еліміздің барлық өңірінен – Оралдан, Ақтөбеден, Та­раздан, Шымкенттен, Пав­лодар мен Семейден... Го­мель мен Минс­кіден, Мәскеуден қаруластар ұйымынан көңіл айтулар жетті. 

Халекеңнің қазасына орай, елдің аузында «Чер­нобыльдың зардабы ғой...» деген сөз қал­ды. Ол даусыз. 1986 жылы сүйекке сіңген «стронций-90» эле­ментінің «оянған» сәтінде, жартылай ыдыраған сәтінде ағза­дағы қан түйршіктерін қас пен көздің арасында «тас-талқан» етіп бұзатыны ақиқат.

Талғат СҮЙІНБАЙ,

ардагер журналист

 

Алматы

Бөлісу:
Қағілез, қамқоршы Халекең еді... · Egemen Qazaqstan