Мәселе
3 мин оқу 140

Жол бүлдіретін «Shacman»-ға тыйым болмай тұр

<p style="text-align: justify;">Қытайдың 50-60 тонналық, карьерде ғана жүруге тиісті &laquo;Shacman&raquo; атты жүк көлігінің жолдарды бұзатыны туралы проблеманың көтерілгеніне біраз жыл болды. Бірақ содан шыққан нәтиже жоқ. &laquo;Shacman&raquo; әлі күнге ауыр жүктерді тиеп алып, магистралдық жолдардың бойында жосып жүр.</p>

Жол бүлдіретін «Shacman»-ға  тыйым болмай тұр

Бұл көліктің орташасы­ның салмағы 17,1 тонна, ал үстіне алатын жүгі – 31 тонна. Сонда магис­тралды асфальт жолдарға түсіретін салмағы – 48 тонна. Жылдамдығын сағатына 90 км-ге дейін жеткізе алады. Демек, 1 метр жолға түсіретін жүктемесі – шақырымына 4 320 тонна. Сонша ауыр жүк, қатты жылдамдық жолды езбей қой­майды. Бізде белдікке түсіретін салмақ 10 тоннадан аспауы керек. Ал көктемгі және жаз айларында бұл шектеу 8 тоннаға дейін төмендетіледі. Салыстыру үшін айтатын болсақ «КамАЗ»-дың алатын жүгі 7 тоннадай, ар­тындағы тіркемесімен қосқанда 15-16 тонна шамасында. Бірақ оның бағасы – 32-33 млн теңге, ал «Shacman»-ды 25-26 млн теңгеге алуға болады. Сондық­тан кәсіпкерлер әрі арзандау, әрі жүкті көп көтеретін көлік­ке ұмтылады. Оның жолды бұ­за­тынын ешкім ескере қоймайды.

Солтүстік Қазақстан облысында былтыр ғана Сергеевка – Пет­ропавл бағытының жолы бас­талып, Покровка ауылына дейін тақтайдай тегіс жол түсіп, халық қуанып жүр­ген. Жақында сол жолмен жүр­сек көп тұстарының шеті езі­ліп, шұқанақ болып қалып­ты. Бұған не болған десек, «Shacman» жолдарды осылай бұзады деседі... Жол құрылы­сының нормативіне қарасақ, жүк көліктері көп жүретін тас­жолдарда асфальт кем деген­­де 4-5 қабатты болып, қалың­дығы 30 см-ге жетуі керек. Әр қабаттың арасына битумдық эмульсия құйылады. Осындай нор­матив орындалса, тасжол бірне­ше жыл жөндеусіз сақта­ла­ды. Бірақ бұл норматив ұдайы орындала бермейді. Оған қосылатын «Shacman»-ның зардабы тағы бар. Сөйтіп, миллиардтарға салынған жолдар аяусыз үгітіліп, шұрық-тесігі көбейіп жатыр.

«Басқа елдердің бәрінде бұл техника тек карьерде жүре­ді. Бізде ғана магистралды жол­дарда жүруге рұқсат етіл­ген. Шектеуді биыл қоямыз деген­біз. Бірақ кәсіпкерлердің де жағ­дайын ойлаған дұрыс. Қазір елімізге дәл осы техника ағылып келіп жатыр», деп уәж айтты бұрынғы Көлік министрі Марат Қарабаев 2023 жылы Астана тұрғындарымен кездесуде. Сонымен қатар экс-министр Қытайда жасалған «Howo» және «Shacman» маркалы ауыр жүк көліктерінің саны 60 мыңнан асатынын, оларды жүк тиеген күйінде мүлде жүргізбеу туралы ере­женің заң жобасына енгізілгелі жатқанын да айтқан. Содан бері бір жыл өтсе де заң жобасы қа­былданбады, ал бірер күн бұ­рын аталған уәдені берген министрдің өзі орынтағын босатты.

Сөздің шынына келсек, «Howo» мен «Shacman»-дарға «жаны ашып, қорғап» отырған лоббистік топтар бар екені байқалады. Рас, бір кезде артық жүк тиеп алған мұндай көліктерді тоқтатып, айыппұл да салған көрінеді.

«Бірде біз осындай көліктер­ді тоқтатып, айыппұл салмақ болғанымызда олардың жүргі­зушісі қожайындарына хабарласты. Айналасы бір сағаттың ішінде біздің басшыларымыздан «босатыңдар» деген бұйрық түсті», дейді бізбен әңгімелесіп, бірақ аты-жөнін көрсетуді қаламаған жол сақшысы.

Демек, қожайындар «басшылармен» келіскен. Ал «келі­судің» қалай болатыны бы­лай да түсінікті. Сөйтіп, бұл істе де жемқорлық жол тауып тұр.

Солтүстік Қазақстан облысы 

Бөлісу:
Жол бүлдіретін «Shacman»-ға тыйым болмай тұр · Egemen Qazaqstan