Алматы − Қонаев тасжолы: Ақылы жолдарда кімдер тегін жүре алады?
<p><strong>Ақылы жолда жүру ақысын төлеу тәртібі биылғы 30 қаңтарда өзгерді. Бұрын Алматы облысының Іле ауданы аумағындағы балама жолы жоқ елді мекен тұрғындары (Заречное ауылы мен Байсерке саяжай секторы) бұл жол бөлігімен тегін жүретін. Енді жеңілдікпен жүру құқығы Жетіген ауылының негізінде жаңадан құрылған Алатау-сити тұрғындарына беріліп отыр, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a>.</strong></p>

Жолға ақы төлейтіндер
«ҚазАвтоЖол» өкілдерінің айтуынша, Іле ауданында тұратын азаматтар бұл жолмен тегін жүру құқығынан айырылды. Қазір қолданыстағы заңнамаға сәйкес көлігі Алатау қаласында тіркелген жүргізушілер ғана тегін жүре алады. Бірақ Іле ауданында тіркелген жеңіл автомобиль мен автобус үшін Алматы − Қорғас ақылы автожолының аудан аумағындағы бөлігінде тегін жүру құқығы сақталады.
Заречное мен Байсеркенің тұрғындары не істейді?
Заречное ауылы мен Байсерке саяжай секторы енді Алатау қаласына қосылатындықтан аталған тасжолды ақысыз пайдаланады. Алайда аталған елді мекендердің тұрғындары құжаттарын Алатау қаласына ауыстырып үлгермеген. Сондықтан машинасы әлі Іле ауданындағы ескі мекенжайға тіркеліп тұрған азаматтар арнайы ХҚКО-ға жүгініп, техпаспортын жаңартуы қажет.
Қызмет құны – 1,25 АЕК (5406 теңге), мемлекеттік нөмірі өзгермейді. «ҚазАвтоЖол» дерекқорындағы ақпарат автоматты түрде жаңарып, олар ақы төлеуден босатылады.
