Арандатудан сақ болған жөн
<p style="text-align: left;">Қазіргі уақытта әлеу­мет­тік желілерде, бұ­қара­лық ақпарат құ­ралдарын­да Конс­ти­ту­цияның жаңа жобасына қатыс­ты халық пікірі әрқилы бағыт­та бел­сенді түрде айты­лып жа­тыр. Бұл бір жағы­нан аза­мат­тардың жауап­кер­ші­лігі мен белсенділігінің арт­қанын, халықтың сая­­си са­на­сының өскенін көр­­сетеді. Пікірлердің сан алуан­­дығы жобаны теріске шыға­ру емес, керісінше оны жетіл­­діру, мазмұнын байыту мақ­­сатынан туындап отыр.</p>

Әсіресе, қоғамда кеңінен талқыланып жатқан мәселенің бірі – ана тіліміздің мәртебесі. «Конституциялық құрылыс негіздері» бөлімінің бірінші тармағында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп тасқа қашалғандай етіп жазылған. Бұл – отаншыл, мемлекетшіл азаматтардың елінің, жерінің біртұтастығын ойлаған жұрттың ортақ тоқтамы, ортақ байламы.
Бұрынғы Конституцияда да «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай жазылған. Бірақ қазақ тіліне осындай аса үлкен, әрі заңды мәртебе беру оңай болған жоқ-ты. Нәсілі басқа болса да Герольд Белгер, Иван Щеголихин секілді қазақ тілінің патриоттары қазақ ұлтымен білек біріктіріп, жүзі басқа болса да жүрек біріктіріп, бірге күресіп жүріп ана тілімізге осындай мәртебе алған едік. Өзіміз де үн қосқанбыз. Үн қосу – үлес қосу! Қазақ ұлты Қазақстанда 40 пайыз ғана болып тұрып, ана тіліне мемлекеттік мәртебе алып берген ол тартысты күндерді ұмытуға болмайды.
Бүгінгі жобадағы тасқашау жазба біртұтас «Халық кеңесі» аясында, біртұтас Қазақстан халқы ынтымағының арқасында – табиғи заңдылық есебінде Конституцияға енгелі отыр. Бұл – мемлекет құрушы өз алдына, мемлекет құраушы этностардың дүниетанымының түбегейлі өзгеруінің жемісі. Қазақстан ел-жұртының біртұтастығын ендігі жерде «Қазақстан Халық кеңесі» аталатын жаңа ұйым қамтамасыз етуге тиіс.
Мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің өсіп-өркендеуіне, республиканың өркениеттік жағдайда дамуының кепілі ретінде өсіп-шарықтауына этносаралық ресми тіл ретінде қызмет етіп келген орыс тілі де, тіпті этнос тілдері де ендігі жерде қызмет ететіні сөзсіз. Тіл саясаты мәселесінде қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтау – басты қағида. «Халық кеңесі» аясында ынтымақтасатын біртұтас ел-жұрт әсіре ұлтшылдардың арандатуына жол бермейді.
Ендігі бір мәселе – ұлтшыл, отаншыл патриоттардың кейбірінің Конституцияда орыс тілінің қосалқы болса да орын алуына қарсылығы жөнінде. Бұл – әрісі 250 жылдық патшалық Ресейдің отары, беріде 70 жыл «советтік большевизмнің» боданы болған елдің санасында қалған зардапты психологиясы, тіпті сақтық ноталары деуге болады. Оларды күстаналаудың керегі жоқ. Дербес пікір ретінде айтыла береді, тек арандатудан сақ болғанымыз жөн. Аргументсіз, негізсіз айтыла берсе, популизмге айналып кетуі де ғажап емес.
Құлбек ЕРГӨБЕК,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әдебиеттанушы
