Азаттықты аңсаған күйші
<p style="text-align: left;">Ел үшін күрескен ерлердің ешбірі тыныш ғұмыр кешкен жоқ. Қазақ күй өнерінің саңлағы саналатын Құрманғазы Сағырбайұлы да етікпен су кешкен сондай ерлердің бірі еді. Сөз жоқ, көпшілік Құрманғазының күйшілік шеберлігін, дәулескер домбырашылығын жоғары бағалайды. Сонымен қатар ол домбырасы арқылы азаттықтың рухын асқақтатқан нағыз күрескер күйші еді.</p>

Құрманғазы қазақ даласының құтын қашырған Патша өкіметінің отарлық саясатын, жергілікті билеушілердің әділетсіздігін күйлері арқылы сын садағына алды. Ол елінің еңсесі езіліп, жұртының жігері жаншылғанын көзі көре отырып, қамсыз қала алмады. Ахмет Жұбанов жазғандай, Құрманғазы көзі көріп тұрған әділсіздікке «көлденеңнен келген көк атты» болып қарап, тек қынжылып қоюды – жағдай желіне ығу деп түсінді. «...Құрманғазы өз тұсында көрген жолсыздықтарын, зорлық-зомбылықтарын «құдай ісі» деп «тағдырға мойнын ұсынып» отыруды лайық таппады. Ердің қасындағы домбыра мен иыққа асынған ақ ауыз мылтық – Құрманғазы күш пен көркемдік иесі екенін ыспаттайтын», дейді академик. Рас, Құрманғазы қолындағы домбырасын қуатты қаруға, қарсылықтың тіліне айналдырды. Ақселеу Сейдімбектің «Құрманғазы дүние дидарындағы мың-сан құбылысты дыбыс қалпында қабылдаған болуы керек» дегеніндей, ол үшін күйшілік өнер жай ғана музыка емес, еркіндікке ұмтылған мұқым қазақтың мұңды үні, даланың дауысы іспетті еді. Бәлкім, сол үшін де оның күйлерінің шоқтығы биік, дәрежесі жоғары.
Құрманғазының күйлерінен отаршылық езгіге қарсылық, еркіндікке ұмтылыс, әділетті аңсау секілді қорғансыз қазақтың мұң-наласын сезуге болады. Мәселен, бар қазақ білетін атақты «Адай» күйін алайық. Мұнда еркіндікке ұмтылған өршіл рух бар. Күйдің екпінді ырғағының өзі-ақ түсінген адамға қазақтың табиғатпен біте қайнасқан болмысы мен қайсар мінезін, аттың шабысы, желдің гуілі арқылы даладағы еркін өмірді, қанша азап шексе де берілуге болмайтын арпалысты, әділетсіздікке қарсылық пен азаттыққа деген құштарлықты көз алдыңа әкеледі. Жұбановша айтқанда, Құрманғазы «Адай» арқылы «еркіндік күресінің елді елеуреткен ен күшін дүрілдеген атшабыс ырғағында» жеткізеді. Сол себепті бұл күйді тыңдаушысына «берілме, алға ұмтыл» деген ой салатын еркіндік манифесі, қазақ мінезінің музыкалық бейнесі деп ұғуға болады.
Әлбетте, «Адай» деген атауына қарап, былайғы жұрт мұны батыс өңірдегі бір ғана рудың ерлігіне арналған күй деп ойлауы мүмкін. Алайда Құрманғазы Адайдың батырлығы арқылы бүкіл халықтың рухын жеткізген еді. Бұл тұрғыда Ахмет Жұбановтың «Құрманғазы адай руын жалпыланған ұғымда алып, еркіндік сүйген елінің қайтпас күшіне арнап шығарған болуы керек» деген пайымы ақиқатқа анағұрлым жақын. Құрманғазының «Сарыарқа», «Алатау» күйлері де сондай. Атауына қарасаң, белгілі бір өңірлерге ғана арналған күй секілді. Алайда Сарыарқаны көрмеген, Алатауға бармаған күйшінің туындыларына осындай атау беруі де ойландырмай қоймайды. Еліміздің тәуелсіздік алған кезде астанасы Алатау баурайындағы Алматы болуы, кейін ел ордасының Сарыарқа төсіндегі Астанаға ауыстырылуы Құрманғазының болашақты бажайлай білген көрегендігінен де хабар беріп тұрғандай.
Құрманғазының күйлері – өз тағдырының айнасы. Оның қай күйін алсақ та, тағдырымен тікелей байланысты екенін бағамдаймыз. Мәселен, «Кішкентай» күйін алайық. Күй атасының мұраларын насихаттаған Оқап Қабиғожиннің айтуынша, бұл күйді кішкентай іні – Құрманғазы үлкен ағасы Исатайға арнапты. Содан «Кішкентай» аталған екен. Күйдің «Кішкентай» аталуы кішкентай халықтың үлкен күресі деген ишаралы мағынаны да білдіріп тұрғандай. Алайда атауы «кішкентай» болғанымен, арқалаған жүгі үлкен. «Адай» секілді «Кішкентайда» да отаршылық езгіге деген қарсылық, намысқа суарылған мұң бар. «Адайдағы» қарсылық алапат тасқын ретінде төгілсе, «Кішкентайда» іштегі наразылық қазандай қайнағанымен, сыртқа ақтарылмайды. Бұла күштің тереңде бұрқ-сарқ қайнап жатқанын анық байқайсың. Яғни үнсіз қарсылықтың үні құлағыңа келеді. Сағырбайұлының «Серпер» күйі де сондай. Аты айтып тұрғандай, бұл күйде де тыңдаушыны серпілтіп жіберетін, рухыңды көтеретін бір ғаламат күш бар. Мұнда да Құрманғазының бұғаудан босануға деген жан бұлқынысы, еркіндікке ұмтылысы анық байқалады. Екпінді, шапшаң әуен өне бойыңнан өткенде қараңғыдан жарыққа шыққандай әсер аласың. Күйдің құдіреті деген осы шығар!
Көрнекті жазушы Әбіш Кекілбай: «...Ата қонысынан ауа көшіп, барған жерінен бақ таппай, сор тауып, ескі жұртқа еңіреп қайтып, қайда барса да, сыртқы ықпалдың дүмпуінен құтыла алмай, қауымның аузы екі жарылып, біреулері өліспей беріспеуге, біреулері өсер ұрпақ, келер күннің жолын кеспей, замананың алдын алып, ыңғайына көшуге үндеп, сергелдең хал кешкен халықтың дәнденай дәурені – Құрманғазы күйлерінің әрі тіні, әрі төсегі еді», деген екен. Шынында, Құрманғазының күйлерінен сергелдеңге түсіп, еңсесі басылған елді көресің, соған қарсы ұмтылған елшіл рухты сезесің. Сол рух сені жігерлендіреді.
Құрманғазы әділетке жақ болып, жұртына болысқаны үшін көп қуғын көрді, бірнеше рет қамауға алынды. Патша билігі оны аласартуға тырысқан сайын аспандай берді. Қамалған сайын бойына ғаламат күш дарыды, түрмеге түскен сайын көңіл түкпіріндегі наразылық күй болып сыртқа ақтарылды. Ауыр кезеңдер оның тұлғасын асқақтата түсті. Қуғында жүріп шығарған күйлері де қайсарлыққа, қуатқа толы. Алаш арыстарының талай туындысын түрмеде жазғаны секілді, Құрманғазының көп күйі Орал, Орынбор, Ордадағы түрмелерде отырған, абақтыдан қашқан кездерінде шықты. «Қайран шешем», «Кісен ашқан», «Түрмеден қашқан», «Ертең кетем», «Қызыл қайың», «Не кричи, не шуми» күйлері – соның айғағы. «Кісен ашқан» мен «Түрмеден қашқанда» күйшінің бұғаудан босаған сәттегі қуанышы мен үрейі қатар сезілсе, «Ертең кетемде» белгісіздікке бет алуы көрініс береді. Осылайша, Құрманғазы түрмеде шығарған күйлері арқылы өзінің күрескерлік рухын жанып, еркіндікке деген аңсар-ұмтылысын, абақтыда өткерген тағдыр-тауқыметін күй тілімен көпшілікке жеткізді. Түрмеде туған күйлері оның жеке басының ғана күйзелісі емес, сол уақыттағы тұтас халықтың тыныс-тіршілігі, мұң-зары еді.
Талай рет түрмеге қамалып, биліктен қысым көрсе де, Құрманғазының сағы сынбады. Керісінше, шынығып, шыңдала түсті. Ол домбырасын қуатты қаруға айналдырып, қарсылығын күйімен жеткізуді жалғастырды. Осылайша, түрме оны күйші Құрманғазыдан күрескер Құрманғазыға айналдырды. Сол себепті біз оны күйші ғана емес, рухани күрескер ретінде танимыз. Күйлерінің қаншама жыл өткен сайын халықтың жүрегінен орын алатыны да, басқа күйшілерден оқ бойы озық тұратыны да осы күрескерлігінде жатыр. Себебі оның күйлері – қатардағы музыкалық мұра емес, ұлттық рухты дәріптейтін құндылық.
