Басылым
5 мин оқу 0

Ұлт баспасөзіндегі кітап насихаты

<p style="text-align: left;">Қазақ руханиятын жоғары деңгейге көтерген ұлт қай&shy;рат&shy;керлері кітап шыға&shy;руды ағартушылық идея&shy;ны таратып, саяси ой қалып&shy;тастыратын һәм ұлт&shy;тық сананы оятатын мәде&shy;ни феномен ретінде қарас&shy;тырды. Сол себепті ХХ ғасырдың басындағы қазақ баспасөзінде кітап насихаты жүйелі түрде жүргізілді.</p>

Ұлт баспасөзіндегі кітап насихаты

«Қазақ» газетінің 1914 жылғы №49 санындағы бас мақалада газет-журналмен қатар кітап мәселесі де көтерілді. «...Газет һәм кітап сияқты нәрселер – халықтың тамыршысы. Халықтың ішкі сарайы, яғни сана, саңылауы қандай күйде тұрғанын газет һәм кітап сияқты нәрселерден байқауға болады», деп жазды газет. Алаш зиялылары кітапты ұлтты сақтайтын негізгі құралдың бірі ретінде бағалады. Сондықтан кітап жазу арқылы ұлт руханиятына үлес қосуға тырысты.

Алғашқы кездері ауыз әдебие­тінің үлгілері жеке жинақ болып жарық көрсе, кейін оқулықтар, көркем әдебиет, діни-ағартушылық еңбектер мен саяси һәм публицис­тикалық кітаптар төрге озды. Бір ғана 1909 жылы үш кітап – Абай­дың өлеңдер жинағы, Ахмет Байтұр­сынұлының «Қырық мысалы» және Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» кітабы шығып, қазақ даласын дүр сілкіндірді. Әсіресе «Оян, қазақ!» ұлттың рухын көтерген ерекше кітап болды. Әрине, алғашқы кезде қазақ кітаптары Орынбор, Қазан, Уфа қалаларындағы баспа­ханаларда басылды. Мұның себебін Міржақып Дулатұлы «Қазақ» газе­тіндегі «Пайғамбар заманы» кіта­бы туралы мақаласында түсін­діреді. Міржақып Мәннан Тұрған­байұлының жаңа кітабы жайында: «...Бұл кітаптың тілі сұлу, түсінікті, айқын қазақша жазылып, басылуы да көркем. Кітаптарымыз жеткіліксіз болып тұрған кезде бұл мезгілді һәм орынды шыққан кітап болды», – деп, халықты кітап оқуға, білім алуға үгіттейді. «...Байлық пен білім бірдей керек. Кейінгі жыл­дары қазақ әдебиеті өрбіп, газет-журнал, кітаптар шыға бас­тады. Бірақ бұлардың жүрісі шабан», – дей келіп, кітап ісін дамытудың бірнеше бағытын айтады. Соның бірі – баспахана мәселесі. Бұл жайында ол: «...Кітап, газет, журналымыз ноғай, орыс, еврей баспаханаларында басылады. Пайданың көбі солардың қалтасында қалады. Егер баспахана ашуды пайдалы кәсіп екенін аңғарған қазақ байлары, саудагерлері болса, бұл істің қазаққа келер пайда көп болар еді», – деп ұлт ауқаттыларын қазақ жерінен баспа ашуға шақырды. Осындай ой қозғаулар әсер етсе керек, ұзамай қазақ топырағында да «Жәрдем» секілді алғашқы бас­палар ашылды. Бұл баспадан бір ғана 1912 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қал­қаман-Мамыр», «Еңлік-Кебек», Тайыр Жомартбаевтың «Балаларға жеміс», «Қыз көрелік», Мұстақым Малдыбайұлының «Оқу кітабы» секілді еңбектер оқырманға жол тарт­ты. Міне, осы секілді кітаптар­дың көптеп басылуы кітап оқуға деген сұранысты арттыра түсті.

Кітапты отарлық езгіге қарсы рухани қару, ұлттық сананы қалып­тастырып, халықты оятатын қуатты құрал деп білген қазақ оқығандары «Айқап» журналы, «Қазақ», «Сары­арқа» газеттері, басқа да басылымдар арқылы жаңа кітаптарды жарнамалап, олар туралы рецензия, сын жа­риялап, ел ішінен кітаптарға тапсырыс қабылдап, кітап сау­дасын да жүргізді. Мәселен, «Қазақ» газетінің біраз нөмірінде «Қазақ» басқармасында сатылатын кітаптар» деген тақырыппен бірнеше кітаптың жарнамасы жасалып, олардың нақты бағасы, қайдан алуға болатыны көрсетілді. Атап айтқанда, Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының өлеңдер жинағы (бағасы 50 тиын), Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қа­зақ шежіресі» (1 сом), «Қалқаман-Мамыр» (10 тиын), «Мұсылмандық кітабы» (50 тиын) жарнамаланды. Абайдың кітабы жайында газет: «Алаштың бірінші ақыны марқұм Ибраһим Құнанбаев жазған өлең кітабы. Бағасы 75 тиын, поштасымен 80 тиын, скидкесі бар. Адрес: «Қазақ» басқармасы», – деп хабарлады. Сондай-ақ газетте Ахмет Байтұрсынұлының «Әліппе» (бағасы 25 тиын), «Тіл құрал» (бағасы 18 тиын), «Маса» (бағасы 25 тиын), Мір­жа­қып Дулатұлының «Қирағат» (бағасы 35 тиын), «Бақытсыз Жамал» (бағасы 18 тиын), «Есеп-құрал»  (25 тиын), «Азамат» (бағасы 3 тиын), Ғұмар Қараштың «Аға тұлпар» (20 тиын), Бекет Өтетілеуовтің «Жиған-терген» (13 тиын), Нығ­метолла Күзембаевтың «Құран құралы» (бағасы 10 тиын), т.б. кітаптар насихатталып, оларды «Қазақ» газетінің редакциясынан алуға болатыны айтылды. Сол секілді Міржақыптың кітабы жайында хабарда: «Азамат» есімді қазақша һәм түрлі ғибратты өлең­дер. Шығарушы – Міржақып Дулатов. Кітаптың бағасы 20 тиын, көптеп алдырушыларға 30 пайыз кемітіледі», – деп жазып, мұнда да кітапты «Қазақ» редакциясынан алуға болатыны көрсетілді. Осы­лайша, ұлт зия­лылары газет басқармалары арқылы кітап тарату жүйесін қалыптастырды.

«Айқап» журналы да қазақ кітап­тарын жарнамалап, насихат­тау­дан кенде қалмады. Журналда «Жаңа шыққан кітаптар» деген ар­наулы айдар ашылып, Шәкә­рім Құдайбердіұлының «Мұсыл­ман­дық кітабы», Мұстақым Малдыбай­ұлының «Иман һәм намаз», Ғұ­мар Қараштың «Көкселдір», Нұр­жан Нашаубаевтың «Алаш», Ғалиол­ла Ғалымжановтың «Есіл жұр­тым», Сәбит Дөнентаевтың «Уақ-түйек», Спандияр Көбеевтің «Қа­лың мал», Әкірам Ғалимовтің «Жас­тық жемістері», Ахметқали Ма­мыт­ұлының «Кеңес», «Ғалия» медре­сесінің шәкірттері Ишағали Арабаев пен Хафиз Сәрсекеұлының «Әліпби һәм төте оқу» кітаптары жарнамаланды. Журналда «Мұсылмандық кітабы» жайында: «Тобықты Құ­нан­байдың немересі Шаһкәрім Құдайберді ұғлының шығарғаны. Орынборда «Каримов, Хұсайынов һәм компаниясы» шарықтының мәтбуғасында басылған. Бағасы 80 тиын, тілі қазақша. Иман, иғти­қат, намаз, ораза хаж уа ғайри мұ­­сыл­­мандарға керекті шари­ғат бұй­­­рықтарын баяндаған кітап. Ис­лам дінін кәміл білгісі келетін­дер­ді алып оқулары тиіс», – деп жазыл­­ды. Міне, осындай жолдар­мен ұлт қайраткерлері қазақ жерін­­дегі алғашқы кітап саудасын да қа­лыптастырды. Сонымен қа­тар «Айқапта» жаңа кітаптарға қа­тыс­ты оқырман пікірі де жария­ла­нып отырды. Мысалы, бір автор: «...Қазақтың жаңа шыққан кітап­тарының арасында біз көрген кітап­тардан басылуы көркем, жазылуы дұрыс кітаптар», – дей келіп, Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал», Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал», Мұхамеджан Сералиннің «Топжарған», Ғұмар Қараштың «Шайыр» кітаптарын атады. Сон­дай-ақ ол Ахметті сол уақыттағы ақындардың көшбас­шысына балап оған: «Қырық мысал» секілді інжулерді көбірек шашса екен», – деген тілегін де арнады.

Алаш қайраткерлері кітап оқу­дың маңызы туралы мақалалар жария­лап, кітап мәдениетінің дамуы­на да ерекше үлес қосты. Әли­хан Бөкейхан «Қазақ» газетіне шық­қан «Жаңа кітаптар» деген хабарында Евгений Михаэлистің қазақ жеріне Еуропа ғылымын әкелгенін, Абайдың Пушкин, Лермонтов, Толстой шығармаларымен танысуына себепкер болғанын айта келіп: «Бұл кітапты біздің талапкер жастар алып оқу дұрыс. Бұл кітаптан білімнен бөлек, ғылымның сүрінді жолын байқауға болады», – деген пайымға тоқталады. Сол секілді «Айқап» журналын­да М.Дулатұлының «Оқу кітабы хақында», Ж.Әубәкірдің «Тіл уа әде­биетімізді сақтарға керек», С.Жия­­шевтің «Бірге қозға­лайық», Қ.Қайдауыловтың «Ашық хат», Ш.Сүлейменнің «Қазақ­ша әліппе хақында», С.То­рай­ғыровтың «Жаңа кітап», М.Тұяқ­баевтың «Мұғалімдерден өті­ніш», М.Ахметовтің «Қазақ оқыған­дарына», т.б. мақалалары жарияланып, кітап оқудың насихаты үздіксіз жүргізілді.

Кітап жазу арқылы қазақ оқы­ған­дары жазу мәдениетін, тіл таза­лы­ғын түзеді. Жазба әдебиеті кү­шейіп, бұл өз кезегінде әдеби сын­ның өмірге келуіне жол ашты. Қа­зақ кітаптарының көптеп жарық­қа шығуы баспа ісін де дамытты. Осы­лайша, Алаш арыстары қара­пайым халықты қолына кітап алып оқи­тын дәрежеге жеткізіп, қо­ғам­да кітап ­оқу мәдениетін қалып­тастырды.

Бөлісу:
Ұлт баспасөзіндегі кітап насихаты · Egemen Qazaqstan