Жақсы адам
<p style="text-align: left;">Адам баласы — қызық жаратылыс. Кейде бір-біріне «жақсы адам» деген бірауыз сөзді қимай жатады. Бәлкім, мұның түп-тамыры адамзат жадында ежелден сақталған Әбіл мен Қабыл туралы әпсанамен де байланысты шығар.</p>

Бұл мақаланың атын әсірелемей, жай ғана «жақсы адам» деп қоюымның өзіндік себебі бар. Өйткені әңгіме академик, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік ғылыми зерттеулері мен ғылыми жаңалығы үшін Қ.И.Сәтбаев атындағы бірінші сыйлықтың лауреаты, «Жыл ғылым қайраткері» аталымы бойынша «Алтын адам» сыйлығының иегері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның наноғылым мен нанотехнологияны дамытуға қосқан үлесі үшін берілген медалінің иегері, ең бастысы, жай ғана жақсы адам Зұлқайыр Аймұхаметұлы Мансұров туралы болмақ.
Хакім Абай айтқандай, жақсы адам болып қалыптасу үшін үш нәрсе керек: жақсы тек, жақсы ұстаз және жақсы орта. Біздің кейіпкеріміздің бойынан осы үш қасиеттің барлығы табылады.
Мен Аймұхамет ағамыз бен Мәкен апамызды көрдім. Жұптары жарасқан, өте парасатты жандар еді. Аймұхамет Көпежанұлы – майдангер, партия-кеңес қайраткері, бар ғұмырын ел экономикасының дамуына арнаған абыройлы тұлға еді. Ал Мәкен апамыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, отағасының жағдайын жасап, шаңырақтың берекесін ұйытқан аяулы жар, ардақты ана еді. Олар төрт ұл мен үш қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардың барлығы елге адал қызмет етудің үлгісін көрсетті деп толық айтуға болады.
Әңгімемізді кейіпкерімізге бұрсақ, Зұлқайыр Аймұхаметұлы Мансұров 1963 жылы Талғар қаласындағы И.Ф.Халипов атындағы №1 орта мектепті үздік бітіріп, сол жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне оқуға түседі. 1968 жылы университетті үздік тәмамдайды. Сол кезден бастап есептесек, Зұлқайыр Аймұхаметұлының қара шаңырақ ҚазҰУ-да аянбай еңбек етіп келе жатқанына алпыстан астам жыл болыпты.
Атам қазақта «Адам болатын бала – бесігінде бұлқынар, ат болатын құлын – желісінде жұлқынар» деген қанатты сөз бар. Зұлқайыр Аймұхаметұлы қайда жүрсе де білім мен ғылымға деген ерекше құштарлығымен дараланды. Ғалымның өзі «Қазақ радиосына» берген бір сұхбатында студенттік жылдарын ерекше ықыласпен еске алып: «Мен үшін химия ғылымының алыптары – М.Т.Козловский, М.И.Усанович, Д.В.Сокольский, О.А.Сонгинаның дәрістерін тыңдау үлкен бақыт болды. 2-курста академик М.Т.Козловскийдің аналитикалық химия курсынан дәріс оқығанын ерекше ризашылықпен еске аламын. Ол тума педагог еді. Дәрістері мазмұнды болатын, терең біліммен оқып, өз тәжірибесінен мысалдар келтіретін. Оның нағыз философиялық, классикалық дәрістерін тыңдағаныма бақыттымын», деп ұстаздарын мақтанышпен атап өтеді.
1968 жылы ҚазМУ-дың физикалық химия кафедрасында стажер-зерттеуші, кейін аспирант бола жүріп, Зұлқайыр Аймұхаметұлы өзінің алғырлығы мен еңбекқорлығының арқасында 1973 жылы химия факультетінде кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды. Осылайша, ол бар ғұмырын ғылыммен біржола байланыстырады. 1974–1987 жылдары ҚазҰУ-дың зерттеудің физика-химиялық әдістері зертханасында кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, кейін зертхана меңгерушісі болып еңбек етті. 1981 жылы Қазақстан жас ғалымдарының арасынан алғашқылардың бірі болып Лондон университетінде он айлық ғылыми тағылымдамадан өтті. Бұл оның ғылыми көкжиегін кеңейтіп, халықаралық ғылыми ортадағы тәжірибесін байытқан маңызды кезең еді.
Зұлқайыр Аймұхаметұлы ғылым мен қоғамдық жұмысты қатар алып жүрді. Осы жылдары химия факультетінде партия ұйымының басшысы болып, бұл жұмысты да абыроймен атқарды. Кейін ғылыми ізденісін жалғастырып, 1990 жылы КСРО Ғылым академиясының Құрылымдық макрокинетика институтында (Черноголовка қаласы, Мәскеу облысы) докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғап шықты.
Зұлқайыр Мансұровтың ғалым ретінде қалыптасуына жану үдерістерін зерттеген әлемдік деңгейдегі ірі ғалымдардың еңбектері зор ықпал етті. Олардың қатарында үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Я.Б.Зельдович, Нобель сыйлығының иегерлері М.Н.Семенов пен Ли Ян, сондай-ақ А.А.Берлин, В.Н.Кондратьев, А.Г.Мержанов, В.В.Азатян, В.С.Бабкин, басқа да көрнекті ғалымдар бар. Бұл ғылыми мектептермен тікелей байланыс Зұлқайыр Аймұхаметұлының зерттеушілік болмысын шыңдап, өз ғылыми бағытын қалыптастыруына жол ашты. Кейіннен ол ұстазы, ғылыми тәлімгері Г.И.Ксандопулоның ғылыми жолын жалғастырып, 2010 жылы Жану проблемалары институтының директоры болды. Ұстазының аманатын абыроймен жалғап, институттың ғылыми әлеуетін жаңа деңгейге көтерді.
1992–1998 жылдары Зұлқайыр Мансұров Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор қызметін атқарды. Бұл уақыт тәуелсіздіктің алғашқы кезеңімен тұспа-тұс келген еді. Сол кездегі университет ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Көпжасар Нәрібаев Зұлқайыр Аймұхаметұлының бойындағы ұйымдастырушылық қабілетті жоғары бағалап, оны ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор қызметіне тағайындады. Уақыт бұл шешімнің дұрыс болғанын дәлелдеді. Бұл кезең университет ғылымының дамуына ерекше серпін берген жылдар болды. Оның тікелей бастамасымен университетте алғаш рет алты ғылыми-зерттеу институты, бірнеше ғылыми орталық және ғылыми-технологиялық парк құрылды. Сонымен қатар 16 серия бойынша жарық көретін «Хабаршы» ғылыми журналы мен ай сайынғы ақпараттық бюллетеньдер, соның ішінде ағылшын тіліндегі басылымдар шығарыла бастады.
Осы кезеңде университет ғалымдары халықаралық көрмелерге өз ғылыми жаңалықтарын ұсынып, оларды өндіріске енгізу мен коммерцияландыру мүмкіндігіне ие болды. Солардың бірі – Алматыда өткен «Қарқара-1993» халықаралық көрмесі.
Ғылымда академик Ғарифолла Есім айтқандай, «жемісті ғалымдар» болады. Солардың бірі де бірегейі — Зұлқайыр Аймұхаметұлы. Профессор З.А.Мансұровтың ғылыми жетекшілігімен 8 докторлық, 39 кандидаттық диссертация қорғалды. Бұған қазіргі жаңа жүйедегі 20 PhD мен магистратура бағдарламалары бойынша қорғаған шәкірттерін қоспағанда. Сонымен қатар ғалымның еліміздегі, жақын және алыс шетелдердегі беделді ғылыми басылымдарда мыңнан астам мақаласы жарық көрді. Ғалымның бірқатар экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған ғылыми жаңалықтары да ерекше маңызды. Мәселен, суды ауыр металдардың иондарынан тазартатын көміртекті-минералдық сорбенттерді алу, мұнаймен ластанған жерлерде мұнайды құмнан тазартуға арналған органикалық қоспалар мен құрылғылар жасау, сондай-ақ оларды жол құрылысына пайдалану тәсілдері бойынша патенттері бір төбе.
Сонымен бірге Зұлқайыр Аймұхаметұлының белсене қатысуымен ҚазҰУ-да маңызды баспа жобалары жүзеге асырылды. Оның ішінде үш томдық «Жылнама», әр факультеттің тарихына арналған 14 кітап, университеттің Іргелі ғылыми кітапханасының тарихы туралы басылым жарық көрді.
Сондай-ақ «Ғылым көкжиегінде», «Ғалымдар. Ұстаздар. Тәлімгерлер», «Адамдар мен тағдырлар» атты университеттің жетекші ғалымдары мен профессор-оқытушылары туралы еңбектердің, сондай-ақ «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» күнтізбесінің шығуына ұйытқы болды.
Академик Рахман Алшанов Зұлқайыр Аймұхаметұлы туралы: «Мансұров Зұлқайыр Аймұхаметұлының феномені туралы ойланғанда, менің көз алдыма қазақстандық ғылым мен білім беру әлемінде еңсесі биік тұрған алып тұлғаның бейнесі келеді. Оның асықпайтын, салмақты, зерттеушіге тән байыпты мінезі ғылым адамының ерекше бейнесін – «Мансұров стилін» қалыптастырды», деп жоғары баға берген еді. Шынында да, ғылымда өзіне тән сабырымен, жүйелілігімен, тереңдігімен ерекшеленетін «Мансұров стилі» қалыптасты.
Зұлқайыр Аймұхаметұлы 2001–2008 жылдары университетте бірінші проректор қызметін атқарды. Сол кезеңде Қытай Халық Республикасы мен Моңғолиядан білім іздеп келген қандас жастарымыз өте көп болды. Олардың көбі елге келгенде жақын-туыссыз, қолдаусыз еді. Оқуға қабылданған кезде екіжақты келісімшарт жасалатын. Ал сол келісімшартқа кепіл болу мәселесі туындағанда, профессор Зұлқайыр Аймұхаметұлы көп жағдайда еш тартынбастан қол қойып беретін.
Кейін сол жастардың бірі оқуын аяқтап, елде қалып, тұрмыс құрып, енді бірі Қазақстан азаматтығын алып жатты. Алайда кейбірі кезінде алған міндеттемелерін ұмытып кеткен жағдайлар да болды. Бір күні ағамыз маған телефон соғып, Астанаға маңызды шаруамен келе жатқанын, уақытым болса, бірге бір мекемеге баруымды өтінді. Күтіп алып, Қаржы орталығына бардық. Сөйтсек, осыдан 10–15 жыл бұрын оқуын бітірген қандастарымызға кепіл болғаны үшін шақырған екен. Мәселені жан-жақты қарап, ақыры оң шешімін таптық.
Бұл жерде айтпағым — ол кісінің сол жастарға кезінде жанашырлықпен жасаған жақсылығы. Зұлқайыр Аймұхаметұлы мұндай қамқорлықты бір ғана адамға емес, университетте оқып, қызмет істеп жүрген талай жасқа жасай алды. Ол ешқашан адамның шыққан жеріне, өмірбаянына, әлеуметтік жағдайына қарап бөлген емес. Қолынан келгенше қолдау білдірді. Сол жастардың көбі бүгінге дейін Зұлқайыр Аймұхаметұлын «Аға» деп құрмет тұтады. Бұл да академик Рахман Алшанов айтқан «Мансұров стилінің» өмірдегі нақты көрінісі.
Сондықтан да болар, өз уақытында Зұлқайыр Аймұхаметұлының ұйымдастырушылық қабілеті мен ғылыми әлеуетін үш бірдей ректор – академик Көпжасар Нәрібаев, академик Төлеген Қожамқұлов, академик Бақытжан Жұмағұлов жоғары бағалап, оны жауапты қызметтерге тағайындады.
Мен ҚазҰУ-да 1990 жылдардың басында, оқуды жаңа аяқтаған жас маман кезімде ғалым, ұйымдастырушы Зұлқайыр Аймұхаметұлымен қоян-қолтық бірге қызмет атқару бақытына ие болдым. Егер менің адам, азамат, ұстаз, ғалым ретінде бойымда бір жақсы қасиет болса, сол қасиеттің қалыптасуына Зұлқайыр Аймұхаметұлының ықпалы зор деп толық айта аламын.
Сондықтан болар, араласқаныма отыз бес жылдан асса да, біз ол кісіні әлі күнге дейін тек «аға» деп, құрмет тұтамыз.
Зулфухар ҒАЙЫПОВ,
саяси ғылымдар докторы, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры
