Ғылымға ғұмырын арнаған...
<p style="text-align: left;">Мол ізденіс, қыруар еңбек, қаншама күш-қайрат пен қажыр – нағыз ілімнің жолы. Иә, ғылым инемен құдық қазғандай жанкештілікті талап етеді. Осы бір ізгі жолда бар ғұмырын сарпыған ғалымдардың бірін білсек, бірін білмей жатамыз. Ал биыл мерейлі 85 жасқа толып жатқан ҚР ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ғалым-химик Қалдыбай Пірәлиевтің есімін ғылыми орта жақсы біледі. Оның ғылыми зерттеулерінің негізгі бағыты – нәзік органикалық синтез тәсілдерін жасау, отандық жаңа залалсыз әрі әсерлілігі өте жоғары дәрілік заттарды жасау. Осы ізденісімен ғылыми шыңдарды бағындырып, химия ғылымы саласына елеулі еңбегі сіңген тұлғаға айналды.</p>

Көпке мәлім, Қалдыбай Пірәлиевтің ғылыми қызметі жаңа дәрілік заттарды іздестіру, оларды зерттеу және медицина тәжірибесіне енгізумен тығыз байланысты. Оның жетекшілігімен мыңдаған жаңа пиперидинді қосылыстар синтезделіп, химиялық құрылысы мен биологиялық қасиеттері анықталды. Бұл зерттеулер нәтижесінде ауырсынуды басатын, жансыздандыратын, антиаритмиялық, бактерияға қарсы және иммундық жүйені реттейтін көптеген тиімді қосылыс табылды.
Ғалымның кейінгі жылдардағы зерттеулерін АҚШ-тың азаматтық зерттеулер және даму қорының бірсыпыра ірі ғылыми жобалар бойынша орталығымен (Оклахома, Нью-Йорк қалаларының университеттері мен Сиракуза қаласындағы медициналық орталық), Еуропадағы Гента қаласы (Бельгия), Кардифф қаласы (Ұлыбритания), Мәскеу қаласындағы ГосНИИОХТ, Новокузнецк қаласындағы НИХФИ, Новосибирск қаласындағы НИОХ, Белоруссиядағы (Гродно мемлекеттік медициналық университеті) үлкен ғылыми орталықтардың жетекші ғалымдарымен МНТЦ, CRDF және INTAS сияқты халықаралық ғылыми қорлардың гранттарын жеңіп алу арқылы бірге жүргізді. Жапония мемлекетінің қолдауымен наркотикалық емес анальгетик және апиын антагонистерін, сондай-ақ, туберкулезге қарсы препараттарды іздестіру үшін халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың грантын жеңіп алды.
Қалдыбай Жайлауұлының ТМД елдерінің медициналық практикасына жаңа тиімділігі жоғары және бірегей дәрілік заттарды енгізуге бағытталған белсенді инновациялық қызметін ерекше атап өткен жөн. Антидепрессант ЦЕФЕДРИН және ең аз наркогендік потенциалы бар морфинді алмастырушы орталық анальгетик – ПРОСИДОЛ алынып, медициналық практикаға енгізілді, олардың өнеркәсіптік өндірісі игерілді. Сондай-ақ Мәскеудің жетекші медициналық орталықтарында клиникалық сынақтардың бірінші кезеңінен сәтті өткен жергілікті анестетик және антиаритмиялық КАЗКАИН ерекше қызығушылық тудырды. Ал гипертониялық ауруларды емдеуге арналған КЛОФЕБУКАЛ препараты артериялық қысымды бірқалыпты төмендетіп, дәрінің жанама әсерлерін азайтуға мүмкіндік берді.
Қалдыбай Жайлауұлы ғылымды өндіріспен ұштастыруға ерекше мән берді. Ол әзірлеген дәрілік препараттарды өндіріске енгізу арқылы отандық фармацевтика саласын дамытуға күш салды. Ғалымның пікірінше, Қазақстан өз дәрі-дәрмегін өзі өндіретін, халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті мемлекетке айналуға тиіс.
Ғалым тоқығаны мол, кең қамтып, қамқор қолын ұсынып жүретін аяулы жан. Озық ойлайтын, жаны жомарт, мейірімді де талапшыл басшы, ұлағатты ұстаз ретінде белгілі. Іскер басшылық, адамгершілік қарым-қатынас, талмай ізденулер мен жаңалыққа деген құштарлық өз нәтижесін беріп, ол алыс-жақын шетелдерге кеңінен белгілі, танымал ғалым атанды.
Оның жетекшілігімен алынған дәрілік препараттардың мемлекеттік реестрлерге енуі – отандық ғылым үшін үлкен жетістік. Цефедрин мен Просидол Қазақстан мен Ресейдің өмірлік маңызды дәрілік заттар тізіміне енгізіліп, медициналық тәжірибеде қолдануға ұсынылды. Бұл ғылыми жаңалықтардың қоғам денсаулығын жақсартудағы маңызын айқындай түседі.
Қалдыбай Жайлауұлының ғылыми қызметінің басты ерекшелігі – зерттеу нәтижелерін тәжірибелік медицинаға енгізуге ұмтылуы. Оның жетекшілігімен жасалған дәрілік препараттар онкологияда, хирургияда, травматологияда, урологияда, әскери медицинада және апат медицинасында қолданылып келеді.
Отандық дәрі-дәрмек өндірісін дамытуға бағытталған бұл жұмыстар еліміздің ғылыми және фармацевтикалық әлеуетін арттыруға үлкен үлес қосты. Өз елімізде өндірілетін дәрілік препараттардың пайда болуы мемлекет қаражатын үнемдеуге ғана емес, болашақта оларды шетел нарығына экспорттауға да мүмкіндік береді.
Академик Қалдыбай Пірәлиев көптеген жыл бойы ғылыми-зерттеу мекемелерінде басшылық қызметтер атқарып, ғылымды ұйымдастыру ісіне де белсенді араласты. Оның бастамасымен химия және фармацевтика салаларындағы ғылыми бағыттар дамып, көптеген іргелі және қолданбалы зерттеу жүзеге асырылды. Ғалым әрқашан химия ғылымдары институтында ғана емес, бүкіл елдің қоғамдық және ғылыми-ұйымдастырушылық қызметінің ортасында жүр. Біраз жыл бойы ол «Ә.Б.Бектұров атындағы химия ғылымдары институты» АҚ ғылыми кеңесінің төраға орынбасары, Институттың диссертациялық кеңесінің төрағасы және орынбасары, ҰҒА химия – технологиялық ғылымдар бөлімшесі Бюросының мүшесі, түрлі ҒТК және түрлі ғылыми журналдардың редакциялық алқасының мүшесі, республикалық іргелі зерттеулер кеңесінің мүшесі, сондай-ақ БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті президиумының және ҰҒА Президиумының мүшесі атанды.
Қалдыбай Жайлауұлының ғылыми-ұйымдастырушылық және қоғамдық жұмыстары, ғылымдағы ерен еңбегі мемлекет тарапынан бағаланбай қалған емес. Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Қаулысымен ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың (1986), академик Қ.И.Сәтпаев атындағы (2000) сыйлықтың және ғылым, техника және білім беру саласындағы Мемлекеттік сыйлығының (2003) иегері атанды. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл» (2001) мерекелік медалімен, «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін» (2002) және «Еңбек ардагері» (2021) төсбелгілерімен марапатталды. 2016 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы» атағына ие болды.
Академик Қ.Ж.Пірәлиевтің ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері 450-ден аса ғылыми еңбекте (соның ішінде 119 КСРО авторлық куәлігі мен ҚР патенті, 8 шетелдің патенттері) жарияланған. Оның синтетикалық органикалық және дәрілік химия саласының теориясы мен практикасына қосқан еңбектері шетелдерде де кеңінен танымал. Сол еңбегі үшін «КСРО өнертапқышы» атты төсбелгімен марапатталған. Оның шәкірттері фармацевтика саласында да баршылық.
Иә, ғалымның тағы бір үлкен еңбегі – жас ғалымдарды тәрбиелеуі. Оның жетекшілігімен көптеген ғылыми маман қалыптасып, олар бүгінде еліміздің жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында еңбек етіп келеді. Ол елімізде органик-синтетиктер ғылыми мектебін құрды. Оның шәкірттерінің арасында 8 ғылым докторы, 34 ғылым кандидаты және химия ғылымы бойынша
3 РһD докторы бар.
Бүгінде академик Қалдыбай Пірәлиевтің есімі Қазақстан ғылымының тарихында ерекше орын алады. Оның ғылыми мұрасы, жаңа дәрілік препараттарды жасаудағы жетістіктері, ғылыми мектебі мен шәкірттері ел ғылымының дамуына қызмет етіп келеді. Ғалымның өмір жолы мен еңбегі жас ұрпаққа ғылымға адалдықтың, табандылық пен отансүйгіштіктің үлгісіндей жарқырайды.
Саналы ғұмырын ғылымға арнаған ғалымның 85 жылдық мерейтойы қарсаңында сіңірген еңбегін дәріптеу – кейінгі ұрпақ үшін жазылмаған парыз сынды. Оның есімі отандық химия мен фармацевтика ғылымының тарихында қай кезде де ерекше аталып, ел ғылымының дамуына қосқан үлесі әрдайым жоғары бағалана бермек.
