Жаңа Конституция күшіне енді: Қандай өзгерістер бар?
<p><strong>Бүгін жаңа Конституция күшіне енді. Ата заң преамбула (мемлекеттің басты құндылықтары мен мақсаттарын айқындайтын кіріспе), 11 бөлім мен 95 баптан тұрады. Мұнда 77 бап жаңарып, 4 бөлімнің атауы өзгерді. «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізілді, деп хабарлайды <a href="/" target="_blank" rel="noopener noreferrer">Egemen.kz</a> тілшісі.</strong></p>

«Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап, мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап, Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарына сүйеніп, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алып, табиғатты аялау қажеттігін мойындап, бейбітшілікке және барлық елмен достыққа ұмтылып, келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп, Қазақстан Республикасының Ата заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз», деп жазылған преамбулада.
Президент Қазақстан халқын Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуімен құттықтады
Не өзгереді?
Конституцияға сәйкес, бұрынғы қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай құрылып, ол елдің жаңа заң шығарушы органы мәртебесіне ие болады. Құрылтайда 145 депутат 5 жылға сайланады. Олар жаңа парламентке партиялық тізім бойынша өтеді. Құрылтайды мемлекеттік тілді еркін меңгерген депутаттардың дауыс беруі арқылы сайланған төраға басқарады.
Құрылтай сайлауы тамыз айында өтеді. Әзірге оның нақты күні белгіленбеді.
Еліміздегі сaяси жүйeнiң тұрaқтылығын қaмтамаcыз eту мaқcатындa жaңaдaн вицe-прeзидeнт лayaзымы eнгiзiлeдi. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы Президенттің атынан өкілдік етеді.
Халық Кеңесінің қызметі қандай?
Елде Қазақстан Халық Кеңесі жұмысын бастайды. Жаңа консультативтік-кеңесші органның құрамына 126 адам мүше болады.
- этномәдени бірлестіктерден – 42 адам
- қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардан – 42 адам
- мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден – 42 адам
Кеңес ішкі саясаттың негізгі бағыттары, ұлттық бірлікті нығайту және жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеу бойынша ұсыныстар әзірлейді. Сонымен қатар ол заң жобаларын Құрылтайдың қарауына енгізуге және жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтеруге құқылы.
Жаңа Конституцияда «Миранда» қағидасы енгізілген. Бұл қағида бойынша құқық қорғау органдары күдіктіні ұстаған кезде оған үнсіз қалу, адвокат жалдау, телефонмен қоңырау шалу құқықтарын және қандай бап бойынша ұсталғанын бірден түсіндіруге міндетті болады.

«Мен ерекше атап өтетін жаңалықтың бірі – Конституцияда «Миранда қағидатының» бекітілуі. Бұл дегеніміз, енді адам ұсталған сәттен бастап құқық қорғау органдары оған өзінің барлық құқықтарын дереу түсіндіруге міндетті болады. Яғни азаматтың үнсіз қалуға, адвокаттың көмегін пайдалануға құқығы бар және берген түсініктемесі кейін өзіне қарсы дәлел ретінде қолданылуы мүмкін екені міндетті түрде ескертілуге тиіс. Бұл – өте маңызды кепілдік. Себебі адам құқық қорғау органдарына ұсталғанда ең әлсіз жағдайда болады. Сол себепті мемлекет дәл осы кезеңде оның конституциялық құқықтарының сақталуына кепілдік беруі керек», деді заңгер Нұрлан Жаңабаев.
Сонымен қатар адвокаттардың мәртебесі конституциялық деңгейде бекітіліп, олар сот процесіне прокурорлармен тең жағдайда қатысу мүмкіндігін алады.
«Екінші маңызды мәселе – адвокатура институтының Конституция деңгейінде танылуы. Адвокат – азамат пен мемлекет арасындағы құқықтық тепе-теңдікті қамтамасыз ететін тұлға. Егер адамның құқығы бұзылса немесе оған қылмыстық айып тағылса, оның кәсіби заң көмегін алу құқығы ешқандай кедергісіз қамтамасыз етілуге тиіс. Бұл құқықтың Конституцияда бекітілуі азаматтардың қорғалу деңгейін күшейтеді. Сонымен қатар жаңа Конституция жеке өмірге қол сұқпау, жеке деректерді қорғау, заң үстемдігі және мемлекеттік органдардың жауапкершілігі сияқты маңызды қағидаттарды да күшейтеді», деді заңгер.
Неке және отбасы: Құқық пен міндет
Конституцияға неке институтын нығайту, ата-ананың жауапкершілігін күшейту және баланың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге арналған жаңа нормалар енгізілді. Бұл өзгерістер отбасы институтын сақтап, оның құндылығын арттыруға, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге бағытталған.
30-бап
- Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады.
- Неке – ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы.
- Балаға қамқорлық жасау және тәрбие беру – ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi.
- Кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi.
«Тенге» «теңге» болып өзгереді
Ата заңда елдің қаржы жүйесі мен экономикалық егемендігіне қатысты да маңызды өзгерістер бекітілген.
Конституцияда ұлттық валютаның атауы және мемлекеттің оны шығаруға айрықша құқығы бекітіліп, Қазақстанның ақшалай егемендігі қамтамасыз етілді.
«Тенге» сөзі «теңге» болып өзгереді. Ақша ауыспайды, тек жазылу стилі өзгереді. Бұрын берілген құжаттарды қайта өзгерту талап етілмейді.
Саяси-қаржылық басқару бойынша мемлекеттік басқару жүйесі жетілдіріліп, құқық қорғау тетіктері күшейтілді.
Экономист Бауыржан Ысқақ қаржы саласындағы кез келген заңнамалық өзгерістің басты мақсаты – қаржы жүйесінің тұрақтылығын арттыру, азаматтардың құқықтарын қорғау және қаржы нарығының ашықтығын күшейту екенін айтты.

«Егер жаңа нормалар банктердің қызметіне, несие беру тәртібіне немесе азаматтардың қаржылық құқықтарына қатысты болса, онда бірнеше маңызды нәтижені күтуге болады. Атап айтқанда, банк секторындағы тәуекелдерді төмендету, қаржы ұйымдарының жауапкершілігін күшейту, тұтынушылардың құқықтарын қорғауын жақсарту және қаржы жүйесіне сенімді арттыру. Алайда кез келген реформа тек заң қабылдаумен шектелмеу керек. Оның тиімділігі, құқықтық қолдану тәжірибесіне, мемлекеттік органдардың ашық жұмысына және қаржы институттарының жаңа талаптары қаншалықты сапалы орындалуына байланысты болады. Сондықтан бұл өзгерістерді қаржы жүйесін жаңғыртуға бағытталған кезекті қадам ретінде бағалауға болады. Ең бастысы жаңа нормалардың нәтижесі халық және бизнес үшін нақты пайда әкелуге тиіс», деді экономист Бауыржан Ысқақ.
Айта кетейік, 2027 жылдан бастап Қазақстанда Конституция күні жыл сайын 15 наурызда (референдум өткен күні) атап өтіледі. Биылдан бастап 30 тамыз жұмыс күні болады.