Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
Парламент рөлі байыпталды
Президент Парламенттің кезекті сессиясы аяқталуымен Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тұтас бір кезең қорытындыланып, тереңнен тамыр тартқан мемлекеттігіміздің жаңа кезеңіне қадам басқалы тұрғанымызды жеткізді.
«Бүгін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енеді. Ұлт заңымен қатар, мемлекеттік билік жүйесі де түбегейлі жаңа сипатқа ие болмақ. Қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай келеді. Жалпы, бұл өзгеріс Қазақстанда тарихи сабақтастық бар екенін анық көрсетеді.
Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын елімізде тұңғыш кәсіби Парламент құрылды. Мүлде жаңа институционалдық үлгіге көшкен заң шығарушы орган мемлекеттігімізді нығайтуға елеулі үлес қосты, сондай-ақ еліміздің құқықтық негізін қалыптастыру және нарықтық экономиканы орнықтыру ісінде маңызды рөл атқарды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, отыз жылдың ішінде 3,5 мыңға жуық аса қажетті заң қабылданды. Әрбір оныншы заңға депутаттар өздері бастамашы болған.
«Заң шығару жүйесінің қайнар бастауында бүкіл халқымызға және халықаралық қауымдастыққа танымал саясаткерлеріміз, көрнекті мемлекет қайраткерлері, белгілі қоғам қайраткерлері тұрды. Олардың жемісті еңбегі Парламент тарихында өшпес із қалдырды. Қажырлы қызмет халқымыздың жадында мәңгі сақталып қаларына күмән жоқ.
Парламент әрдайым уақыт талабына тез бейімделіп, қоғам сұранысына лайықты жауап бере алатын жасампаз құрылым болды. Парламент – мемлекетіміздің басты өкілді органы, қоғамның түрлі саласындағы кәсіби мамандарды бір мақсатқа тоғыстырды. Елімізде саяси және заңнамалық тұрғыдан сапасы жоғары парламенттік мәдениет қалыптасты. Бұл – Қазақстанды дамыған ел ретінде айқындайтын ең маңызды көрсеткіштің бірі. Түптеп келгенде, Парламенттің әрбір шақырылымы Қазақстанның алға қарай нық сеніммен қадам басуына зор серпін берді, басқаша айтсақ, ұлтымыздың эволюциялық өрлеу жолының жарқын үлгісіне айналды», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Парламенттегі қайнаған еңбектің, онда қабылданған әрбір заңның Тәуелсіз еліміздің келешегі үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінетінін айтып, осы тарихи сәтке орай, ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, елге мінсіз әрі адал қызмет еткені үшін барлық шақырылымдағы Мәжіліс пен Сенат депутаттарына шынайы ризашылығын білдірді. Соның ішінде Парламенттің қазіргі құрамын еліміздің жаңа тарихындағы ең мықты құрамның бірі деп санайтынын айтып, алғысын айтты.
«Себебі сіздер мемлекетіміздің дамуындағы өте күрделі және шешуші кезеңде жұмыс істедіңіздер. Баршаңыз ел өмірінде болып жатқан ауқымды өзгерістердің бастауында тұрдыңыздар. Қаншалықты қиын болса да, түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыру жолында табанды еңбек еттіңіздер. Сын сағатта жауапкершіліктен жалтармай, мемлекетіміз үшін аса қажетті реформаларды жүргізуге ұйытқы болдыңыздар.
Тек кейінгі үш жылдың өзінде 300-ден астам өте маңызды заң қабылданды. Олардың қатарында еліміздің алдағы биік белестерінің сенімді арқауы болатын, тарихи мәні зор конституциялық заңдар мен кодекстер бар. Біз біртұтас ұлт болып мемлекетімізді түбегейлі жаңғырту ісін қолға алдық. Экономикадан бастап қоғамдық құндылықтар жүйесіне дейін – ел өмірінің барлық саласында ауқымды өзгерістер жасалды. Әрине, дәуірлік ауқымдағы мұндай реформалардың бел ортасында жүру – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік.
Осы тұрғыдан алғанда, сіздер өздеріңізге жүктелген міндетті абыроймен атқарып шықтыңыздар. Әділетті әрі Қуатты Қазақстанды құру үшін қажырлы еңбек еттіңіздер. Сіздердің табанды, мардымды еңбектеріңіз еліміздің жылнамасында қалатынына күмән болмауы керек. Дегенмен уақыт бір орында тұрмайды, зымырап өтіп жатыр. Көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан қазіргі кезеңде шын мәнінде жаңашыл әрі батыл қадамдар жасалуға тиіс. Осы өзекті мәселені мен бұрын да бірнеше рет айтқам. Бұл – заман талабы», деді Мемлекет басшысы.
Бұдан әрі Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ахуал уақыт өткен сайын күрделеніп, құбылып, тұрақсыздық белең алып отырғанын, бұл жағдай жаһандық экономикаға орасан зардабын тигізіп жатқанын, Халықаралық валюта қоры мен Біріккен Ұлттар Ұйымының құзырлы агенттіктерінің болжамы бойынша алдағы екі жылда әлем қауымдастығы, соның ішінде жекелеген мемлекеттер экономикалық жоспарларын жүзеге асыру кезінде едәуір қиындыққа тап болуы мүмкін екенін жеткізді. Оның айтуынша, соған қарамастан еңсені түсіріп, үрейге бой алдыруға болмайды. Үкімет елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін барынша белсенді, ширақ жұмыс істеуге тиіс екенін, инфляцияны тежеп, оны мейлінше төмен деңгейге жеткізіп, сондай-ақ экономиканың қарқынын төмендетпей, керісінше, оның көрсеткіштерін ұлғайту қажеттігін айтты.
Мемлекеттік басқару жүйесі түбегейлі жаңарады
Қасым-Жомарт Тоқаев 1 шілдеден бастап мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңарту жұмысы ресми түрде қолға алынатынын жеткізді. Оның айтуынша, мұны кезекті әкімшілік реформа деп түсінуге болмайды. Себебі бұл – еліміз үшін мүлде жаңа тарихи кезең басталады, яғни мақсаты да, мағынасы да мүлде бөлек, бұрын-соңды болмаған өзгерістер іске асады деген сөз.
«Басқаша айтсақ, біз қазақ мемлекеттігінің «ғимаратына» күрделі жөндеу жүргізуді көздеп отырмыз. Біз ел Тәуелсіздігінің мызғымас тұғыры мен іргетасын көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіре түсуге міндеттіміз. Бұл – аса маңызды міндет. Оған мемлекеттік қызметте, академиялық институтта, ғылыми және саяси зерттеулер орталықтарында, үкіметтік емес секторда, халықаралық ұйымдарда қызмет ететін, осы іске қатысы бар азаматтардың барлығы атсалысуы қажет», деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында елімізді үш жылдың ішінде дамыған цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде міндет қойғанын еске сала келе, келешегіміз осы мақсатты қалай іске асыратынымызға байланысты екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, еліміздің Тәуелсіздігі мен Егемендігін сенімді түрде қорғау мәселесін әлі түбегейлі шешкен жоқпыз.
«Мұны ешқашан естен шығармайық. «Жау жоқ деме жар астында» деген тәмсілді әрқашан қаперде ұстаған жөн. Біздің басты мұратымыз – халықтың әл-ауқатын арттырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл көрсеткіштерді ұдайы көтеріп, осы үрдісті үздіксіз жалғастыра беруіміз қажет. Сондықтан біздің мұндай кезде қол қусырып отыруға құқымыз жоқ. Алдымызда тұрған аса ауқымды әрі күрделі міндеттерді табысты жүзеге асыру үшін табанды, нәтижелі еңбек етуіміз керек», деді ол.
Президент бірлесіп атқарған жұмысты қорытындылап, алдағы даму жоспарын айқындап алуға қажетті бес міндетті ортаға салды. Соның біріншісі – мемлекеттік биліктің жаңа құрылымын қалыптастыру.
«Әлгінде айтып өткенімдей, осы шақырылымдағы Парламент депутаттары заң шығару ісінде сапалы жұмыс атқаруымен есте қалады. Депутаттар корпусы өз қызметінде бұрын-соңды болмаған нәтиже көрсетті. Сіздер Әділетті Қазақстанның негізін қалау үдерісіне, сондай-ақ Конституцияны әзірлеп, қабылдауға зор үлес қостыңыздар. Кез келген депутат саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің келесі буынына, балалары мен немерелеріне: «Мен 2026 жылы қабылданған Конституцияны дайындауға тікелей қатысқанмын», деп еш ұялмай айта алады.
Жалпы, депутаттық корпус парламенттік реформаны толық қолдады. Сол арқылы саяси және азаматтық жауапкершілік танытып, ұлт мүддесі бәрінен биік тұратынын бүкіл әлемге паш етті. Осында отырған біраз депутат Конституциялық комиссия құрамында болды. Сіздер азаматтармен кездесіп, мемлекетіміздің тұрпатын өзгертетін, экономикалық әлеуетін күшейтетін реформалардың мән-маңызын жұртшылыққа жан-жақты түсіндіріп бердіңіздер.
Сіздер жалпыхалықтық референдумда Ата заңымыз қабылданған соң мемлекетіміздің құқықтық жүйесін жедел әрі сапалы жаңарту жұмысын жүргіздіңіздер. Өте қысқа мерзімде еліміздің заңнамасын жаңа Конституция нормаларына сай өзгерту жұмысын атқардыңыздар. Атап айтқанда, Парламент 9 заң топтамасын, соның ішінде 6 конституциялық заңды шұғыл әзірлеп, қабылдады. Нәтижесінде, мемлекеттік биліктің «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» деген базалық формуласы толыққанды институционалдық мәнге ие болды. Жаңарған билік тармақтарының теңгерімді жүйесінде Президент Тәуелсіздік пен мемлекет тұтастығының рәмізі, Конституцияны және азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың кепілі ретінде бұрынғыдай басты рөл атқарады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенттік республика болып қала беретінін жеткізген Мемлекет басшысы мұны түсіну, ескеру өте маңызды екенін еске салды. Оның айтуынша, Президент – мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы, Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы, барлық құқық қорғау органдарының басшыларын тағайындайды, елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, Қазақстан атынан халықаралық аренада өкілдік етеді.
Сонымен қатар жаңарту жұмыстары парламенттік жүйені одан әрі трансформациялау тетіктерін де қарастырғанын мәлім етті. Құрылтайдың алдында барлық бюрократиялық рәсім түріндегі кедергілерді жою, заң шығару ісінің жеделдігі мен сапасын арттыру, білікті сарапшылардың және консультанттардың қызметін тиімді ұйымдастыру міндеті тұрғанын ортаға салды.
«Жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде Құрылтайға ұлттық заңнаманы тез өзгеріп жатқан цифрлық матрица жағдайына шұғыл бейімдеу үшін қарқынды жұмыс істеуге тура келеді. Бұл – өте маңызды. Қазақстанның жаһандық бәсекеге қаншалықты дайын екені осыдан көрінеді. Құрылтай технологиялық прогрестің жетекші факторы болады деп үміттенемін.
Былтыр қазан айында өткен Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысында мен толыққанды e-Parlament жүйесін енгізу мәселесін көтерген едім. Қазақстан e-Government, яғни Электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша жаһандық рейтингте әлемдегі үздік 25 елдің қатарына кірді. Енді Электрондық Парламентті қалыптастыруға және дамытуға көп күш-жігер жұмсауымыз қажет», деді Президент.
Халық Кеңесі – диалог алаңы
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан сайланған депутаттар заң шығару ісінде болжамды сараптамаға, Үлкен дерекқорды басқару арқылы кез келген шешімнің экономикалық салдары мен әлеуметтік тәуекелдерін модельдеуге баса мән беруі керек екенін жеткізді. Маңызды заң жобаларын сарапшылармен және жауапты қоғам белсенділерімен бірге талқылап, цифрлық құралдарды пайдалану қажет екенін айтты. Бұл пікірталасқа қатысушылар санын көбейтіп, мәселені нағыз қоғамдық талқыға салуға мүмкіндік береді.
«Құрылтай жалпыұлттық деңгейдегі ашық диалог алаңы ретінде қызмет етіп, қоғамды толғандырған өзекті мәселелерге дер кезінде назар аударуы қажет. Бұл – азаматтардың дәйекті өтініштері міндетті түрде ескеріліп, нақты нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау арқылы мемлекеттік мекемелерге тиісті тапсырмалар берілуі керек деген сөз.
Шын мәнінде, тиімді жұмыс істейтін қоғамдық институттары болса ғана, Озық және Әділетті мемлекет қалыптасады. Сол себепті, мен жаңа конституциялық орган – Қазақстан Халық Кеңесін құруды ұсындым. Қазақстан Халық Кеңесі мәслихаттардың, қоғамдық кеңестердің, сарапшылар алаңы мен азаматтық қоғам ұйымдары өкілдерінің басын біріктіреді. Бұрын Қазақстан халқы ассамблеясына тиесілі болған қызметтік міндеттер енді Халық Кеңесіне өтеді. Осылайша, құрылым форматы өзгергенімен, жалпыұлттық бірлігіміздің мәні ішкі саясатымыздың маңызды бағыты ретінде сақталады.
Халық Кеңесі – тарихымызда алғаш рет конституциялық деңгейде құрылған диалог алаңы. Көпұлтты және әралуан Қазақстанымыздың рәмізі. Бұрын шашыраңқы болған құрылымдар заң шығару бастамасын көтеру құқығына ие болатын Жоғары консультативтік органның аясына бірігеді. Демек халықтың үніне құлақ асу мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол елімізде жүргізілген реформалардың ең басты нәтижесі – азаматтардың маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне қатыса алуы екенін айтып өтті. Халықтың өз ықтиярын тікелей білдіру тетігі отыз жылға жуық уақыт бойы қолданылмай келгенін, тек кейінгі жылдары ғана ол саяси тәжірибемізге енгенін, ал 2022 жылдан бері ел тағдырына әсер ететін маңызды мәселелер бойынша үш рет жалпыұлттық референдум өткенін атады.
«Бұл орайда менің ұстанымым бұрынғыдай: елдегі өзгерістердің иесі халық болуға тиіс. Алайда билік нақты бастамалар көтере алады әрі солай болуы керек. Қазірдің өзінде елімізде жүзеге асырылған реформалар билік институттарының орнықты тежемелік және теңгерім жүйесін қалыптастырды, мемлекеттік басқару сапасын арттырды деп сеніммен айта аламыз. Ал реформалардың басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, өңір тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл үшін Үкімет, заң шығарушы орган, тұтас қоғам жұмыла еңбек етуі қажет», деді ол.
Мемлекет басшысы көтерген екінші мәселе – ел экономикасын жаңа үлгіге көшіру. Бұны аса маңызды стратегиялық міндет деп белгілеген ол бұл мақсатқа жедел түрде қол жеткізу үшін жаңа көзқарас, жаңа ұстаным қажет екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұрынғы жұмыс тәсілдері мен әдістері тиімді болмайды.
«Бұған дейін де айттым: жаһандағы жағдай, жалпы халықаралық ахуал жыл өткен сайын ушығып барады. Түрлі қақтығыстар мен сын-қатерлер аз емес. Бірақ біз соған қарамастан, салиқалы саясат жүргізіп, нық сеніммен алға қадам басып келеміз. Біз бұл саясатты берік ұстануымыз қажет. Былтыр экономикамыз 6,5 пайызға өсті. Мұны әлем елдерінің даму қарқынымен салыстырғанда жоғары көрсеткіш деуге болады. Жалпы ішкі өнім ел тарихында алғаш рет 300 миллиард доллардан асты. Оның жан басына шаққандағы үлесі 15 мың доллардан асып, 2019 жылдан бері бір жарым есе артты. Бұл – Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасындағы ең жоғары нәтиженің бірі», деді.
Сонымен қатар Президент инфляция бағамы төмендеп, биылғы бес айдың қорытындысында 10,4 пайызға дейін түскенін, бірақ бұл көрсеткішті әлі де төмендету керек екенін жеткізді. Оның айтуынша, елдің қаржы жүйесі тұрақты. Ұлттық валютамыз да өз тұғырында нық тұр, сыртқы қауіп-қатерлерден сенімді түрде қорғалған деп айтсақ, қате болмайды.
«Жалпы, Парламент Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесіп, тиімді жұмыс атқарды. Қазіргі ең өзекті мәселе – Ұлттық банктің негізгі пайыздық ставкасы. Бұл мәселені пайымдап шешу керек. Өздеріңіз қабылдаған Бюджет және Салық кодекстеріне сәйкес еліміздің экономикалық жүйесі толығымен қайта жаңғырды және мемлекет қаржысын басқаруға қатысты ұстаным түбегейлі өзгерді. Осылайша, Қазақстан экономикасының жаңа келбетіне жол ашуға қажетті негіз қалыптасты.
Елімізде көлік, тұрмыстық техникалар, жүк вагондарын, құрылыс материалдарын және басқа да сапалы өнімдер шығаратын заманауи зауыттар ашылып жатыр. Тек 2023–2025 жылдардың ішінде 540 индустриялық жоба жүзеге асырылды. Олардың жалпы құны 3,7 триллион теңге болды. Алдағы екі жылда тағы 200-ден астам өндіріс орны іске қосылмақ. Осы мақсатқа шамамен 3 триллион теңге инвестиция тартылады. Бұл – қазынаға түсетін салық көлемі артады, өндіріске озық технологиялар енгізіледі және ең бастысы, жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз. Іске қосылған жобалардың арқасында қазірдің өзінде 50 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны пайда болды. Қалған жобалар жүзеге асқан соң, тағы 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет отандық кәсіпкерлерді қолдауға баса мән беріп келеді. Бұған қомақты қаржы бөлініп жатыр. Осылай деген Мемлекет басшысы еліміздегі жұмысқа жарамды азаматтардың жартысына жуығы табысын шағын және орта бизнестен тауып отырғанын, кейінгі бес жылда осы секторда еңбек ететін адам саны 4,5 миллионға жеткенін, жалпы ішкі өнімнің 40 пайыздан астамы шағын және орта бизнес саласына тиесілі екенін ортаға салды.
«Мұны рекордтық көрсеткіш деп айтуға толық негіз бар. Былтыр «Бәйтерек» холдингі арқылы кәсіпкерлерге 8 триллион теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Сонымен қатар елімізде түбегейлі жаңа Құрылыс және Су кодекстері қабылданды. Стратегиялық маңызы айрықша салаларды ретке келтіру үшін қабылданған құжаттардың маңызы зор.
Былтыр Қазақстанда 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Бұл да – тарихымыздағы ең жоғары көрсеткіш. Ең басты нәтиже – мыңдаған отбасы баспаналы болды.
Біз қалаларды абаттандырумен қатар, ауылдардың жағдайын жақсартуға басымдық беріп келеміз. Биыл шалғай елді мекендерде тұратын жарты миллионнан астам адамды ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 12 ірі жоба іске қосылады», деді Президент.
Сонымен қатар мемлекет ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге бұрын-соңды болмаған ауқымда қолдау көрсетіп жатқанын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы агроөнеркәсіп саласына жеңілдетілген несие беруге 1 триллион теңге қаржы тартылғанын, осылайша, шаруалар алғаш рет жылына 5 пайыздық мөлшермен «ұзақмерзімді» қаражат алу мүмкіндігіне ие болғанын мәлімдеді. Осындай шаралардың арқасында агроөнеркәсіп кешеніне тиесілі жалпы өнім құны шамамен 10 триллион теңгеге жеткен. Ал экспорт көлемі 1,3 есе артып, 7 миллиард доллар табыс түскен. Бұл – кейінгі он жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
«Озық технологиялар саласы да қарқынды дамып келеді. Әсіресе отандық фармацевтика бағытында біраз жетістіктеріміз бар. Фармацевтика индустриясына сенім деңгейі бойынша Қазақстан Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасында көш бастап тұр. Мұндай бағаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы беріп отыр. Отандық дәрі-дәрмек нарығының көлемі 1 триллион теңгеден асты. Кейінгі үш жылда бұл салаға тартылған шетелдік инвестиция көлемі үш еседен астам ұлғайды. Алайда, бұған мәз болып отыра беруге болмайды, алдымызда тұрған міндет аз емес, қойылған мақсаттарға міндетті түрде жетуіміз керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, елімізде жаңа ивестициялық кезең басталып, сол арқылы экономикамызды әртараптандыру көзделіп отыр. Әртараптандыру, яғни, диверсификация дегеніміз – жай ғана ұран немесе жағымды сөз емес, бұл – өте күрделі және жауапты міндет, оған үстірт қарауға болмайтынын ескертті. Былтыр Қазақстанға тартылған тікелей шетел инвестициясының көлемі 14 пайызға артып, 20 миллиард доллардан асқаны туралы деректі келтіріп, ең бастысы, капитал негізінен өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика, қаржы және цифрлық инфрақұрылым сынды келешегі зор салаларға бағытталғанын, бұл ел дамуы үшін өте жақсы үдеріс екенін жеткізді.
«Осы орайда, мен мамыр айында қол қойған «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңның маңызы зор. Аталған заң шетелдік және отандық бизнес үшін тың мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан бұл бірегей заңнамалық актінің әлеуетін дұрыс пайдаланған жөн.
Дамуы қарқынды цифрлық мегаполистер, инновациялық кластерлер және өнімділігі жоғары индустрия қалыптастыру Қазақстанды Еуразиядағы технологиялық тұрғыдан өркендеген іскерлік хабқа айналдыруды көздейді. Кең байтақ өңірімізде бұрын-соңды болмаған бұл жоба табысты іске асқан жағдайда (ал біз мұны сәтті жүзеге асыруға міндеттіміз), орнықты экономикалық өсімнің мүлдем жаңа моделі пайда болады», деді Президент.
Келесі жылы АЭС құрылысы басталады
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде алдыға қойған үшінші міндет – еліміздің энергетикалық және инфрақұрылымдық негізін нығайту. Оның айтуынша, экономиканың жаңа үлгісіне көшу үшін алдымен энергетикалық, инженерлік, көлік-логистикалық инфрақұрылымды толыққанды дамыту қажет. Бұл маңызды үштаған кез келген елдің, соның ішінде біздің еліміздің де негізгі тірегі саналады.
«Сондықтан біз энергетикалық және коммуналдық салаларды жан-жақты жаңғырту жұмысын қолға алдық. Осы мақсатта бұрын-соңды болмаған ауқымдағы Ұлттық жобаны іске асыру туралы шешім қабылданды. Оны жүзеге асыру үшін тек биылдың өзінде 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр. Артық шығынға әкеп соғатын тиімсіз «әрлеу, яғни жөндеу» тәсілінен бас тартып, өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін барлық нысандар мен жүйелерді түбегейлі жаңғырту жұмысы жүргізілетін болды.
Қазақстанның энергетикалық балансында көмір, мұнай, газ секілді отын түрлері басым. Көмірсутегі ұлттық экономиканың негізін құрап, бюджетке валюталық түсімнің қомақты бөлігін қамтамасыз етеді. Мұнай-газ шикізаты – экспорттан пайда әкелуімен қатар қалаларымыз бен ауылдарымызды қамтамасыз ететін бағасы қолжетімді жылу мен қуат көзі. Сондықтан біз елді мекендерге газ құбырын тартуды жеделдетуді жоспарлап отырмыз. Көгілдір отынмен қамту көрсеткішін (қазір 65 пайызға жуық) 80 пайызға дейін арттыру міндеті қойылды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өз сөзінде Үкімет тарапынан дәстүрлі қуат көздерімен бірге «жасыл» энергетикаға баса мән беріліп отырғанын тілге тиек етті. Оның энергетикалық теңгерімдегі үлесі 7 пайызға жеткен. Қарқынды өсіп келе жатқан экономиканы қамтамасыз ету үшін 2029 жылға қарай 13 гигаваттан астам жаңа қуат көздерін іске қосу жоспарланып отыр. Осы орайда, олардың кемінде төрттен бірі жаңартылатын энергия көздері есебінен жүзеге асырылмақ.
«Әйтсе де пайдалы қазбаларымыз, соның ішінде көмірдің мол қоры – табиғат сыйлаған артықшылығымыз саналады. Мұны толық пайдалануымыз керек. Сондықтан биыл наурыз айында Таза көмір генерациясы жөніндегі ұлттық жоба қабылданды.
Алдағы үш жылда Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жоғары экологиялық стандарттарға сай келетін технологияларды пайдаланатын үш жылу электр стансасын салуымыз керек. Мұны созуға болмайды. Әйтпесе істен гөрі сөз көбейіп кетті.
Қазақстан әлемде уран өндіру бойынша көшбасшы және ядролық инфрақұрылымы бар ел саналады. Сондықтан атом генерация-сын өте дұрыс таңдадық. 2024 жылғы тарихи референдум кезінде халық қабылдаған шешім, шын мәнінде, өркениетті сипатқа ие. Бұл – елдің энергетикалық дербестігінің кепілі, қуатты көп тұтынатын келешек цифрлық экономиканың сенімді тірегі. Келесі жылы алғашқы атом электр стансасының құрылысы басталады», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің инфрақұрылымдық арқауының тағы бір мызғымас тірегі – көлік-логистика саласына баса назар аудару керек екенін айтты. Бұл сала стратегиялық маңызға ие. Аймақтағы барлық елдер де осы бағытқа ден қойып жатқанын, сондықтан бәсеке күшейе түскенін жеткізді.
«Теміржол саласының жүк тасымалындағы рөлін ескере отырып, мемлекет жаңа магистральдар мен вокзалдар салуға және оларды жаңғыртуға баса мән беріп отыр. Былтыр Достық – Мойынты бағытының екінші желісі және Алматы қаласын айналып өтетін теміржол іске қосылды. Биыл Мойынты – Қызылжар және Дарбаза – Мақтаарал, келесі жылы Бақты – Аягөз теміржолдарының құрылысы аяқталады.
Еліміздегі автокөлік жолдарының сапасын жақсарту міндетін де орындауымыз керек. Былтыр 13 мың шақырым автокөлік жолын жөндеу жұмысы басталды. Оның 6 мың шақырымы қолданысқа берілді. Мұндай ауқымды жұмыс ел тарихында бірінші рет жасалды. Келесі жылы автокөліктерді өткізу бекеттерін жаңғырту ісі аяқталуы керек», деді Қ.Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы кейінгі бес жылда ел аумағы арқылы автокөлікпен тасымалданатын жүк көлемі екі есе артып, 6 миллион тоннаға жеткенін мысалға келтірді. Былтыр автокөлікпен жүк тасымалдаушылардың табысы 1,5 триллион теңге болған. Бұл – теміржол саласындағы кіріспен шамалас көрсеткіш. Бұл отандық автокөлік тасымалы саласының әлеуеті зор екенін көрсетеді. Демек мұндай кәсіпкерлерді барынша қолдау керек.
«Авиация саласындағы табысымыз да көбеюде. Елімізде жаңа ұшу бағыттары ашылып жатыр. Толыққанды әуе хабтарын қалыптастыру үшін нақты жұмыс жүргізілуде. Әрине, осы тұрғыдан алғанда, Астана қаласында жаңа әуежай салу – кезек күттірмейтін міндет. Көп ұзамай оның құрылысы басталуы қажет. Әуе кеңістігі арқылы жүк тасымалдайтын арнайы компания құру өте орынды шешім болды деп санаймын. Бұл маңызды қадам халықаралық логистикадағы әлеуетімізді күшейтуге ықпал етері сөзсіз.
Біз аймақтағы мұнай-газ өндіретін жетекші мемлекет ретінде авиаотынға қатысты мәселелерді толық шешуге мүмкіндік беретін мықты инфрақұрылым қалыптастыруымыз қажет. Бұл – аса маңызды және шұғыл міндет.
Бәріңізге мәлім, мен жақында Брюссельге жұмыс сапарымен барып, Еуропалық Одақтың басшыларымен келіссөздер жүргіздім. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту мәселесіне баса мән берілді. Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі кейінгі алты жылда бес есе ұлғайып, бір жылда 4 миллион тоннадан асты. Бұл, негізінен, теңіз тасымалын дамыту және порт инфрақұрылымын жаңғыртудың арқасында мүмкін болды», деді Президент.
Оның айтуынша, Парламент тарапынан жасалған заңнамалық қолдау осы саланың қарқынды дамуына күшті серпіліс берді. Атап айтқанда, 2023 жылдан бері көлік-логистика секторын жан-жақты дамытуға бағытталған 8 заң қабылданды. Бірқатар халықаралық келісім де ратификацияланды. Осындай нақты шараларды қабылдау арқылы еліміз аймақтағы сенімді энергетика донорына айналмақ.
«Сондай-ақ еліміз алдағы уақытта аймақтағы жетекші көлік-логистика торабы ретінде жоғары қарқынмен дамитын болады. Бұл – Үкімет алдында тұрған айрықша маңызды міндет. Жалпы, біздің алдымызда аса маңызды, өте жауапты және шұғыл міндет бар: бұл – кең ауқымды құрылыс жүргізу. Елімізде неғұрлым құрылыс көп болса, Қазақстан да соғұрлым өркендей береді. Ең алдымен, бұл – негізгі инфрақұрылымға қатысты мақсат. Біз теміржолдарды, автожолдарды, әуежайларды, вокзалдарды, сумен қамтамасыз ететін ірі құрылғыларды, өндіріс және өнім кәсіпорындарын, қала ғимараттарын және тағы басқа нысандарды жоғары қарқынмен салуымыз керек. Қаражат деген уақытша дүние, оның құны жыл сайын төмендеп бара жатыр, ал оны тиімді пайдалану, бұл – нақты нәтижелерге қол жеткізу, тиісті нысандарды өскелең ұрпақтарға аманат етіп қалдыру деген сөз.
Әлеуметтік мемлекет боламыз деп, қаражатты талан-таражға салуға болмайды. Осындай қысқа, шолақ ойлы саясатты біздің ұрпақтарымыз түсінбейді де, кешірмейді де. Басқа сөзбен айтқанда, Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыруымыз керек», деп түйіндеді Президент.
Цифрлық дербестіктің іргетасы
Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген төртінші мәселе – толыққанды цифрлық мемлекет құру. Ол Парламенттің сегізінші шақырылымын тыңнан түрен салып, цифрлық дәуірге жол ашқан депутаттар деп атады. Өйткені бұған дейін елімізде де, әлемде де жасанды интеллектіні заң тұрғысынан реттейтін дайын үлгі немесе тәсіл болмаған. Соған қарамастан, депутаттар еліміздің осы саладағы өсіп-өркендеуіне берік негіз болатын тиімді құқықтық жүйені құруға елеулі үлес қосқан. Мемлекет басшысы мұны жоғары бағалайтынын айтты.
«Жаңа Конституция азаматтардың киберкеңістіктегі дербес деректерін қорғауға кепілдік береді. Бұл – Цифрлық Қазақстанды құрудың негізгі алғышарты. Қазақстан мүлдем жаңа сипаттағы Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» заң қабылдаған жаһандағы алғашқы елдердің бірі. Бұл қадам толыққанды Цифрлық ел болу үшін заманауи инфрақұрылымдық негіз қалыптастыруға мүмкіндік берді. Біз қазірдің өзінде осы жұмыстың нақты нәтижесін көріп отырмыз.
Бүгінде еліміз «Үкіметтің жасанды интеллектіге дайындық индексіне» сәйкес Орталық Азияда алдыңғы қатарда тұр. Бірақ бұл – үлкен жолдың басы ғана. Алдағы ауқымды жұмыстың негізгі бағыт-бағдары «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясында айқындалды. Мен бұл құжатты маусым айының басында бекіттім.
Біз жасанды интеллектіні экономиканың барлық негізгі саласына енгізіп, мемлекеттік басқарудың сапасын түбегейлі жақсартуымыз керек. Осы бағытта алғашқы маңызды шаралар қолға алынды. Мен қаңтар айында банк қызметі саласына қатысты жаңа заңдарға қол қойдым. Сол арқылы цифрлық қаржы активтерін айналымға енгізудің нақты шарттары айқындалды», деді Президент.
Сондай-ақ өзінің тапсырмасымен еліміздің құқықтық негізін жүйелеп, толыққанды жаңғыртуға мүмкіндік беретін Реттеу жөніндегі интеллект орталығы құрылғанын атап өткен Мемлекет басшысы бұл қадам кәсіпкерлердің жұмысын едәуір жеңілдететінін, «Бір терезе» қағидаты бо-йынша қызмет көрсететін «e-Government Business» экожүйесін дамыту арқылы бизнес үшін қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік туатынын жеткізді.
Бұған қоса, Президент еліміздегі цифрлық банктер мен финтех-компания-лар тұтынушыларға және кәсіпкерлерге арналған қолайлы экожүйенің негізін қалағанын атап өтті. Қаржы, сауда жүйелері және мемлекеттік қызметтер арасында кедергісіз цифрлық кеңістік қалыптасты. Соның нәтижесінде кейінгі бес жылда электронды коммерция нарығы шамамен сегіз есе ұлғайып, 3,7 триллион теңгеге жеткен. Бұл – еліміздегі бөлшек сауда көлемінің шамамен 15 пайызы.
«Мұның бәрі азаматтарымыздың цифрлық жүйелерге деген сенімі жоғары екенін және олардың тұтынушылық мәдениеті өзгере бастағанын көрсетеді. Осы қарқынды бәсеңдетпеу үшін мемлекет тиісті инфрақұрылымды үздіксіз дамытып отыруы керек. Қуатты суперкомпьютерлерді іске қосу бұл бағыттағы маңызды қадам болды. Ол жасанды интеллект жөніндегі теориялық тұжырымдарды мемлекеттік басқаруға, экономикаға және ұлттық қауіпсіздікке арналған қолданбалы шешімдерге ұластырды. Дегенмен жасанды интеллект мол қуат пен есептеу кеңістігін қажет етеді. Дәл осы себепті «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» мегажобасын қолға алудың мәні зор. Аталған жоба әлемдегі жетекші BigTech-корпорацияларды тартатын жойқын гравитациялық алаңға айналады. Үкімет бұл міндетті айрықша бақылауда ұстауы керек. Оның орындалуын ұдайы қадағалап отырамын», деді.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазір Жаңа Жібек жолының жоғары технологиялық хабы ретінде еліміздің цифрлық дербестігінің іргесі қаланып жатыр. Бұл ретте ең қуатты компьютерлерде, озық дата-орталықтарда жұмыс істейтін маман болмаса, қаржы желге ұшатынын ұмытпау керек. Сондықтан болашақ архитекторлары мен бағдарлама әзірлеушілерін мектеп партасынан бас-тап даярлауға кіріскенімізді жеткізді. Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының жанынан екі инновациялық мектеп ашылғанын, осы оқу жылында Жасанды интеллект университеті ашылатынын, бұл – аталған салаға маман даярлайтын Орталық Азиядағы тұңғыш арнаулы оқу орны болатынын да мәлім етті.
«Цифрлық трансформация дегеніміз – жоғарыдан төмен қарай барлық басқару тармақтарын, тіпті халықтың басым бөлігін қамтитын ашық әрі қарқынды үдеріс. Қазірдің өзінде жоғары лауазымды басшылардан бастап ауыл әкімдеріне дейін он мыңдаған мемлекеттік қызметші осы салалық білім беру бағдарламасына қатысып жатыр. Біз мемлекеттік басқарудың логикасы мен философиясын түбегейлі өзгертуіміз керек. Әдеттегі бюрократиядан арылып, тиімділігі жоғары «Мемлекет-платформа» (GovTech) сервистік парадигмасына батыл түрде көшуіміз қажет. Түпкі мақсатымыз – жаһандық технологиялық ландшафтта орныққан, ұлттық мүддені табанды түрде қорғап, ілгерілететін, азаматтарына мүлтіксіз қызмет ететін озық цифрлық мемлекет құру», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Нағыз әділдік – тең мүмкіндік беру
Мемлекет басшысы көтерген бесінші маңызды міндет – адам капиталын дамыту. ХХІ ғасырда шикізатқа немесе халық санына ғана сеніп отыра беруге болмайтынын, мұндай ұстаным кез келген мемлекетті жарға жығатынын кезекті мәрте еске салған ол инфляцияға тәуелді емес бір ғана капитал – адам әлеуетінің сапасы екенін тағы да қайталады.
«Сондықтан біз әлеуметтік салаға бірден-бір стратегиялық бағыт ретінде қараймыз. Бүгінде мемлекет азаматтарды жан-жақты дамытуды көздейтін негізгі салалардың барлығына қомақты қаражат бөліп отыр. Соның ішінде ғылым мен білім, мәдениет пен денсаулық, спорт және әлеуметтік қолдау саласын ерекше атап өткен жөн. Биылдың өзінде осы стратегиялық мақсатқа 19 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр. Бұл – мемлекет бюджетінің жартысынан көбі деген сөз.
Расында, Қазақстан – әлеуметтік салаға айрықша мән беріп, жүйелі әрі байыпты саясат жүргізіп келе жатқан әлемдегі аз ғана мемлекеттің бірі. Осы орайда, Парламенттің әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға және қоғамда әділдік қағидатын орнықтыруға ерекше үлес қосқанын атап өткен жөн. Бірақ біз мына нәрсені дұрыс түсінуіміз керек: шынайы әділеттілік дегеніміз ел игілігін бәріне бірдей бөліп бере салу емес. Нағыз әділеттілік – әрбір азаматқа тең мүмкіндік беретін тиімді әрі мұқият ойластырылған жүйе құру деген сөз. Ең бастысы, барлығы заң алдында тең болуға тиіс. Бұл – Әділетті Қазақстанның мызғымас қағидаты», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, Парламенттің «Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңды қабылдауы – осы қағидаттың нақты көрінісі. Аталған заң аясында елге триллион теңгеден астам қаражат қайтарылып, қазірдің өзінде осы қаржының жартысынан көбі халық игілігіне жұмсалғанын, соның есебінен 450 аса маңызды әлеуметтік және коммуналдық нысан салынғанын атап айтты.
«Біз арнайы конституциялық нормаға сүйене отырып, табиғи байлықты азаматтардың бастапқы капиталы ретінде бекіттік. Қазақстан – осындай бірегей бастаманы іске асырған аймақтағы алғашқы мемлекет. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – соның айқын дәлелі. Бұл жобаның тиімділігі жоғары: үш жылдың ішінде 6,5 миллион баланың есепшотына 2,3 миллиард доллар аударылды. Сондай-ақ біз қамқорлық шараларының нақты жалғасы ретінде «Келешек» жинақтау жүйесін іске қостық. Дарынды балаларға, соның ішінде халықаралық олимпиада жеңімпаздарына жүйелі түрде қолдау көрсете бастадық. Болашаққа инвестиция салу дегеніміз де – осы. Ал, айналамызда, яғни Еуразия құрлығында қай мемлекет әлеуметтік мақсаттарға осыншама қомақты қаражатты бөліп беріп жатыр? Жауап белгілі сияқты», деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев білім экономикасы үстемдік құрған дәуірде технологиялық дербестігімізді күшейте түсу үшін ғылым саласын және жоғарғы мектеп жүйесін дамытуға баса назар аударуымыз қажет екенін айтты. Соған сәйкес біз еліміздегі университеттерді жаңғырту жұмысымен қатар, шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатқанына тоқталды.
«Өздеріңіз мақұлдап, қабылдаған «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң ғылыми инфрақұрылымды жақсартып, жас ғалымдарға мол мүмкіндіктер беруге зор ықпал етуде. Жалпы, алдымызда ғылым деңгейін, оның тиімділігін барынша көтеруге қатысты маңызды мақсат тұр.
Әрине, кез келген ұлттың зияткерлік әлеуеті сол елдегі орта білімнің деңгейімен өлшенетіні ақиқат. Соңғы үш жылда респуб-лика бойынша 584 заманауи мектеп салынды. Әрбір үшінші мектеп инновациялық үлгідегі «Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтерді. Биыл тағы 84 мектеп ашылады. Оның жартысынан көбі ауылдық жерлерде салынып жатқанын атап өту қажет», деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Бұған қоса, отандық медицина саласының дамуына да арнайы тоқтала келе 2019 жылдан бері елімізде шамамен 1300 денсаулық сақтау нысаны ашылғанын, азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жуықтағанын атап өтті. Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес, осы көрсеткіш бойынша еліміз аймақта көш бастап тұрғанын, бұл ел дамуының нақты көрінісі екенін жеткізді.
«Азаматтардың бәріне сақтандыру мәртебесіне қарамастан базалық медициналық көмек алуға кепілдік берілген. Бұдан бөлек, отандастарымызға нейрохирургиядан бастап репродуктивті медицинаға дейінгі ең жоғары технологиялық медициналық ем-шаралардың барлығы қолжетімді.
Сонымен қатар қоғамға қызмет ету жолын таңдағандардың алаңсыз еңбек етуіне лайықты жағдай жасап жатырмыз. Нақты қадамдар арқылы ұстаздар мен дәрігерлердің беделін арттыра береміз. Мұғалімдердің, медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы кезең-кезеңімен көтеріліп келеді. Соңғы үш жылда 1,2 миллионнан астам адамның еңбекақысы 50 пайыздан 100 пайызға дейін артты», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елімізде атаулы әлеуметтік көмектің көп деңгейлі жүйесі жолға қойылған. Осылай деген Мемлекет басшысы бұл көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс екенін, көмек «Отбасының цифрлық картасы» технологиялық шешімі арқылы көрсетілетінін тілге тиек етті.
Оның айтуынша, жиі көтеріліп, әбден жауыр болған түйткілдің бірі – зиянды өндірісте еңбек ететіндердің мәселесі Парламент депутаттарының табандылығы арқасында шешілген. Енді өндіріс еңбеккерлері арнайы әлеуметтік төлем алуға, 55 жастан бастап зейнетке шыққанға дейін жеңілірек жұмысқа ауысуға заң жүзінде қақылы.
«Әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға, халықтың шамадан тыс кредит алуын азайтуға, ойынқұмарлыққа, есірткі қылмысына және кибералаяқтыққа қарсы күрес шараларына қатысты қабылданған заңнамалық шешімдеріңіз жұртшылықтың кең қолдауына ие болды.
Біздің басты стратегиялық мақсатымыз – жоғары конституциялық қағидаттарды іске асыра алатын білімді, дені сау, зияткер әрі озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу. Қашанда жаңашылдыққа ұмтылатын жасампаз ел болу үшін біз, ең алдымен, мызғымас құндылықтарымызға, бай тарихымыз бен мәдени мұрамызға арқа сүйеуіміз қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы өз сөзінде мемлекеттің руханият саласына да әрдайым баса назар аударып отырғанына тоқталды. Оның айтуынша, бұл тағылымды іске депутаттар корпусы да зор үлес қосқанын, олардың атқарған ауқымды жұмысының мән-маңызын бір ғана жиынның аясында жеткізу мүмкін емес екенін мәлім етті.
«Бірнеше күннен кейін бәріміз бір ел болып «Ұлттық домбыра күнін» атап өтеміз. Бұл – болмысымызды айшықтайтын, жұртымыздың, әсіресе өскелең ұрпақтың рухын көтеретін айрықша мереке. Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ – домбыра» деп жырлауы тегін емес. Расында, домбыраны ұлықтау арқылы біз төл өнерімізді төрге оздырамыз. Домбыра қастерлі құндылығымыз ретінде ұлтымызды әлемге танытатын бірегей брендке айналуы керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Құрылтайдың мақсаты мен миссиясы
Сонымен бірге Мемлекет басшысы Парламенттің заңнамалық жұмыстан бөлек, көптеген өзекті мәселені айрықша назарда ұстағанын, атап айтқанда, сегізінші шақырылым депутаттары Үкіметке 2 мыңнан астам сауал жолдап, 31 Үкімет сағатын және 9 Парламент тыңдауын өткізіп, қос палатаның комитеттері белсенді әрі жемісті жұмыс істегенін жеткізді.
«Бір палаталы Құрылтай жүйесіне көшкен соң заң шығарушы органның комитеттері де мемлекет саясатының басым бағыттарын негізге ала отырып, құрылғаны жөн. Осы жылдар ішінде депутаттық корпус азаматтармен ашық әрі тиімді байланыс жүйесін қалыптастырды. Атап айтқанда, партия жобаларын табысты жүзеге асырды. Сондай-ақ тұрақты түрде аймақтарға барып, жұртшылықпен кездесіп отырды. Қоғамдық қабылдаулар кезінде азаматтардың талап-тілектерін назарға алып, өзекті мәселелердің шешім табуына ықпал етті.
Парламент беделді ғалымдарды, байыпты сарапшыларды және қоғам белсенділерін ортақ мүддеге біріктірген орталыққа айналды. Сенат жанындағы сарапшылар клубы мен Мәжіліс жанындағы қоғамдық палата осы бірегей зияткерлік экожүйенің берік тірегі болды. Бұл құрылымдар сындарлы диалогті дамытып, заң жобаларын жан-жақты талдауға жол ашты», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал азамат» тұжырымдамасы мен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы қоғамда жаңа этиканы қалыптастыруға арқау болғанына тоқталды. Депутаттар да осы жалпыұлттық бастамалардың мән-маңызын халыққа түсіндіруге және іске асыруға белсене атсалысқанын тілге тиек етті. Парламенттің қажырлы қызметінің арқасында «Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекет саясатында түбегейлі орнығып, ұлт болмысының ажырамас бөлігіне айнала бастағанын мәлімдеді.
«Сонымен қатар Парламент депутаттары Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға елеулі үлес қосты. Сол арқылы еліміздің жауапты әрі ықпалды «орта держава» ретіндегі рөлі күшейе түсті. Депутаттар парламентаралық ассамблеялардың, шетелдік сапарлар мен форумдар аясында шетелдік әріптестерімен және жаһандық институттармен сенімді әрі нәтижелі байланыс орната білді. Осы тұста Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің жұмысын айрықша атап өту қажет. Беделді диалог алаңының хатшылығы ұзақ жыл бойы Сенат аясында табысты жұмыс істеп келді.
Құрылтай басты заң шығарушы орган ретінде барлық бағыт бойынша сабақтастықты және институционалдық дәстүрді сақтап, жылдар бойы қалыптасқан бірегей парламенттік мәдениетті жоғалтпай, оны одан әрі дамытуға баса мән беруге тиіс. Еліміздің жоғары өкілді органы – Құрылтайдың негізгі мақсаты – баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру ісіне атсалысу және осы бағытта белсенді жұмыс істеу. Бір палаталы өкілді орган өзінің заңнамалық миссиясын табысты орындай отырып, қоғамда Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік, Тазалық, Қоршаған ортаны қорғау сынды мызғымас құндылықтарды орнықтыра түсуге барынша ықпал етеді деп сенемін», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға екенін атап өткен Президент тұғырына қонған Ата заңымыз аса ауқымды қоғамдық-саяси үдерістер кезеңіне жол ашатынын, осыған орай, бірқатар маңызды құжатқа, соның ішінде Құрылтай сайлауын өткізу туралы арнайы Жарлыққа қол қоятынын мәлім етті. Соған сәйкес партиялар арасындағы бәсеке де жандана түспек. Жасампаз ел ретінде осы саяси науқанды да жоғары деңгейде өткізіп, алдағы сайлауда ашық, адал және әділ бәсеке болуға тиіс екенін баса айтты.
«Қазақстан халқы – қоғамда жасалып жатқан түбегейлі өзгерістердің негізгі қозғаушы күші. Азаматтарымыз елдің ертеңіне бей-жай қарамай, шешуші сәтте таңдау жасауға қабілетті екенін айқын көрсетіп келеді. Бұл – жауапкершілігі жоғары, бірлігі бекем, рухы және мәдениеті биік ұлттарға ғана тән қасиет. Сайлауға қатысу – елдік істен шет қалмау деген сөз. Осы ретте жұртымыз алдағы саяси науқанға белсене атсалысады деп сенемін», деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, Құрылтай – жаңа тұрпатты Қазақстанның маңызды символы. Сондықтан оның құрамына нағыз отаншыл, бастамашыл әрі мемлекетшіл тұлғалар, яғни тек үздіктер ғана кіруі керек. Себебі халық реформалардың қаншалықты нәтижелі болғанын дәл осы Құрылтайдың қызметіне қарап бағалайтынын жеткізді.
«Осындай маңызды сәтте мен тағы бір мәрте Сенат пен Мәжілістің басшылығына және депутаттарына шынайы ризашылығымды білдіремін. Себебі сіздер мемлекетіміздің игілігі үшін адал әрі қажырлы еңбек еттіңіздер. Жұрттың мұң-мұқтажын батыл көтеріп, ұлт мүддесін бәрінен биік қоя білдіңіздер.
Жаңа кезең – жаңа мүмкіндіктер уақыты. Депутаттардың бірқатары Құрылтайға өтіп, ел игілігі жолында еңбек ете береді деп ойлаймын. Қазақстан Халық Кеңесінде де өздеріңіз секілді білікті азаматтар болуы керек деп санаймын.
Сондай-ақ бүгін мен «Amanat» партиясының фракциясына және барлық мүшелеріне белсенді, байсалды және жасампаз ұстанымдары үшін алғыс айтамын. Сіздер шынайы отаншылдық пен азаматтық жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келесіздер. Саяси ұйымның таяуда өткен съезінде «Әділет» партиясына қосылу туралы стратегиялық шешім қабылданды. Мен бұл тарихи шешімді қолдаймын. Бүгінгі таңда барлық озық әрі жасампаз күштер жалпыұлттық құндылықтар мен ортақ мақсаттарға бірігуде. Мұндай қадам елімізде қолға алынып жатқан түбегейлі реформаларға тың серпін берері сөзсіз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөзінің аяғында Мемлекет басшысы, түптеп келгенде, баршамыздың мұратымыз – бір, бұл – жас ұрпақтың жарқын болашағына жол ашатын өркениетті әрі озық мемлекет құру екенін айтты.
«Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Еліміздің ойдағыдай дамуы бізге ғана керек. Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмыла білсек, біз кез келген белесті бағындырамыз, көздеген мақсатымыздың бәріне қол жеткіземіз. Қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз, Таза әрі Озық Қазақстанды құрамыз. Мен бұған кәміл сенемін! Осы жолда аянбай еңбек ету – әр азаматтың перзенттік парызы.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын!
Қазақ елі мәңгі жасасын!» деп сөзін түйіндеді.
Бірлескен отырыс соңында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Парламенттің кезекті сессиясын жабық деп жариялады.