Қоғам
6 мин оқу 80

Шекара қай кезде бұзылады: Табандылықтың сталкингке айналғанын қалай ажыратамыз?

<p><strong>Соңғы жылдары қоғамда сталкинг, яғни заңсыз қудалау мәселесі жиі көтеріліп жүр. Осы орайда Қылмыстық кодекске арнайы баптың енгізілуі &ndash; азаматтардың конституциялық құқықтары мен жеке өмірінің қауіпсіздігін қорғау жолындағы маңызды қадам болды. Жаңа заң талаптарының қыр-сыры мен заңсыз қудалаудың құқықтық салдары туралы белгілі заңгер Айман Омаровамен және &laquo;Human Rights Lawyers&raquo; қоғамдық қорының президенті Ләззат Рақышевамен әңгімелескен едік.</strong></p>

Шекара қай кезде бұзылады: Табандылықтың сталкингке айналғанын қалай ажыратамыз?

Сталкинг туралы заң: Табандылық мен сталкингтің айырмашылығы неде?

«Сталкингтің жалпы не екенін» адамдардың біреуі білсе, бірі білмейді. Сталкинг – бұл адамның еркіне қарсы байланыс орнатуға және (немесе) оны аңдуға бағытталған, зорлық-зомбылықсыз жасалатын, бірақ елеулі зиян келтіретін заңсыз қудалау.

Сталкинг құрбандарының басым бөлігін әйелдер құрайтыны мәлім. Олардың ішінде ажырасқан соң мазасы қашқан бұрынғы әйелдер, шектен тыс қырындаудан шаршаған жас қыздар мен желідегі киберсталкинг құрбандары жиі шағымданады. Көп жағдайда қудалаушы тарап – жәбірленушінің бұрынғы серіктесі немесе танысы болады. Десек те, мүлде бейтаныс адамдардың да қыр соңынан қалмай, психологиялық қысым көрсететін жайттар да кездеседі.

Елімізде сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді

Қылмыстық кодекс бойынша қандай әрекеттер сталкинг болып саналатыны туралы белгілі заңгер Айман Омарова түсіндіріп берді.  

Заңгердің айтуынша, 115-1-бап мұндай әрекеттер үшін жауапкершілікті тікелей белгілейді. Сот кінәлі деп таныған жағдайда сталкинг жасаған адамға 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салуы немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуы яки 50 тәулікке дейін қамауға алуы мүмкін.

«Адамның қорқыныш, мазасыздық, күйзеліспен елеулі зиян шегіп жүруі, қарым-қатынас орнатқысы келмейтінін анық білдірсе де (екі адамның арасында келісім болмаса да), қайталанатын жүйелі әрекеттер (мысалға, көптеген қоңырау, хабарламалар, әлеуметтік желілер арқылы «жол табуға» тырысу), аңду, подъезд алдында күту, қозғалысты бақылау (қудалау үдерісі), бір сөзбен айтқанда, қарым-қатынас орнатуға мәжбүрлеу болып саналады. Бұның барлығы – осы баптың негізгі құрам элементтері», деді А. Омарова.

Фото UfaBizPhoto  Shutterstock

(Фото: UfaBizPhoto Shutterstock)

Қайталанған сталкинг үшін бас бостандығынан айыру жазасы енгізіледі

Заңгер сталкингті қырындаудан қалай ажыратуға болатынын атап өтті. Оның айтуынша, негізгі айырмашылық – адамның келісімі және оның реакциясы.

«Қырындау – назар аударуға талпыныс болып саналады, бірақ адам «жоқ» дегеннен кейін тоқтайды. Ал сталкинг – бас тартуға қарамастан жалғасады, қорқыныш пен жайсыздық тудырады. Сталкингтің басты белгілері – жүйелілік, қысым, шекараны бұзу, қорқыныш. Қырындау – бір реттік әрекеттер, қысымның болмауы, бас тартуды құрметтеу», деді ол.

Заңгердің сөзінше, адам «жоқ» деді, ал екінші тарап жазуды, қоңырау шалуды, пайда болуды жалғастырса – бұл сталкинг болуы мүмкін.

Сталкингке тап болғандар не істеу керек?

Егер сіз қудалауға тап болсаңыз, барлық дәлелдемені сақтап қоюыңыз қажет. Хат алмасулардың скриншоттарын, қоңыраулар тарихын, дауыстық хабарламаларды, бейнежазбаларды жинаңыз. Қажет болған жағдайда электрондық дәлелдемелердің түпнұсқа екенін растау үшін нотариустың қызметіне жүгінуге болады.

Сонымен қатар интернеттегі қауіпсіздік шараларын күшейткен жөн.

«Әлеуметтік желілердегі аккаунттарды жабық режимге ауыстырып, құпиясөздерді жаңартып, екі факторлы аутентификацияны қосу қажет. Орналасқан жеріңіз туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде жарияламаған дұрыс», деді заңгер А. Омарова.

Айман Омарова

Ал қудалау үдерісі – үйіңізге немесе жұмыс орныңызға келу арқылы көрінсе, бейнебақылау камераларының жазбаларын сақтап қалуға тырысқан жөн.

«КСК-ға немесе басқарушы компанияға жүгініп, бейнеархивтерді сұратуға болады. Мұндай жазбалар ұзақ сақталмайтындықтан, уақыт жоғалтпау маңызды», деді А. Омарова.

Оның айтуынша, содан кейін полицияға ресми арыз беру қажет. Арызды қағаз түрінде немесе электрондық форматта тапсыруға болады.

«Қағаз түрінде тапсырған жағдайда оның қабылданғанын растайтын талон-хабарламаны міндетті түрде алыңыз. Қажет болған жағдайда қорғау нұсқамасын шығаруды және қудалаушының жәбірленушімен байланыс жасауына шектеу қоюды талап етуге болады. Егер қудалаушы бұрынғы жұбайыңыз, туысыңыз немесе танысыңыз болса, бұл туралы арызда нақты көрсету қажет», деді ол.

А. Омарованың пікірінше, ең бастысы – қудалауды қалыпты жағдай ретінде қабылдамаңыз. Өйткені, сталкинг – жай ғана көңіл аудару немесе табандылық емес, бұл адамның психологиялық саулығына және жеке өміріне қауіп төндіретін құқыққа қайшы әрекет.

Сталкинг пен алаяқтық қатаң жазаланады

Сталкерлер мен құрбандардың мінез-құлқындағы ерекшеліктер қандай?

Мақаламыздың арқауына айналған заңсыз қудалаудың астарында үлкен психологиялық ауытқулар мен зардаптар жатыр. Белгілі заңгер Айман Омарованың айтуынша, заманауи психологиялық зерттеулер сталкерлердің бойында бірнеше айқын белгілер мен мінез-құлық ерекшеліктері болатынын көрсетеді. Қудалаушыларға, ең алдымен, эмоциялық тұрақсыздық пен ішкі мазасыз ойлар тән. Олар қарсы тараптың «жоқ» деген үзілді-кесілді бас тартуын немесе ажырасу туралы шешімін мүлде қабылдай алмайды. Сталкердің басты мақсаты – құрбанын толықтай өз бақылауында ұстау. Тіпті кей жағдайда олар өз қиялына ерік беріп, өмірде шынайы түрде «жоқ» қарым-қатынасты өздігінен ойдан құрастырып, оған сенеді.

Ал мұндай жүйелі қысымға тап болған құрбандардың психологиялық жағдайы өте ауыр кезеңді бастан өткереді. Олардың бойын тұрақты қорқыныш пен үрей билеп, соның салдарынан күнделікті өмір салтын толықтай өзгертуге мәжбүр болады. Мысалы, таныс маршруттарынан бас тартып, жұмыс пен үй арасындағы жолдарын өзгертеді, әлеуметтік желілердегі парақшаларын жауып немесе бейтаныс аккаунттарды бұғаттауға көшеді. Бұл жағдай уақыт өте келе адамды әлеуметтік оқшаулануға, терең күйзеліске (стресс) және ұйқының бұзылуына әкеп соқтырады. Тәжірибе көрсеткендей, сталкинг тек бостандықты шектеу емес, адамның психикасын іштей жегідей жейтін қауіпті құбылыс.

Қалай болғанда да, сталкингтің салдарын ешкім болжай алмайтындықтан, құқық қорғау органдарына арыздану қажет.

Фото: nippon.com

(Фото: nippon.com)

Петропавлда сталкинг туралы жаңа бап негізінде алғашқы сот үкімі шықты

А. Омарова өз тәжірибесінде болған, салдары ауыр жағдаймен аяқталған сталкинг бойынша қозғалған іс туралы айтып берді.

«Осыдан 10 жылдай бұрын қайғылы оқиға ретінде қоғамға кеңінен белгілі бір іс болды. Сол кезеңде бұрынғы полиция қызметкерін жазалау қиын еді. Ол бұрын жұбайын балалардың көзінше қатыгездікпен ұрып-соққан, «кетсе, өлтіремін» деп қорқытқан және жиі қудалаған. Ақырында, ол жәбірленушіге бензин құйып, адамдардың көзінше өртеп жіберген еді. Әйелге көмек беріп, іс тіркегенде, оны құтқарып қалуға болар еді. Бірақ, өкінішке қарай, сол кезеңде «Сталкинг» бабы Қылмыстық кодексімізде жоқ еді», деді Айман Омарова.

Сталкингке тап болғандардың көбі қайда жүгіну керектігін білмейді

Белгілі заңгер Айман Омарова басқаратын «One-Stop-Service» («Бір қадам») жобасы «Human Rights Lawyers» қоғамдық қорымен бірге жұмыс істеп келеді, қордың президенті – Ләззат Рақышева. Жоба аясында зорлық-зомбылық құрбандарына, оның ішінде сталкинг жағдайларына байланысты құқықтық және психологиялық көмек көрсетіледі.

«Сталкинг үшін жауапкершілік енгізілгеннен кейін біз алғашқылардың бірі болып сталкинг жасаған адамдарды сотқа тартуға және оларды жауапқа тартуға қол жеткіздік. Заң күшіне енгеннен кейін біздің көмегімізбен сталкинг құрбандарының ісі сотқа жіберіліп жатыр. Мұндай жағдайлар көп. Сталкинг құрбандары бізге жиі жүгінеді. Бұрын сталкинг үшін жазалау мүмкін емес еді, ал қазір жағдай оң жаққа өзгерді», деді Айман Омарова. 

«Human Rights Lawyers» қоғамдық қорының президенті Ләззат Рақышеваның айтуынша, аталған орталыққа еліміздің түрлі өңірінен құқықтық және психологиялық көмек сұраған азаматтар тұрақты түрде жүгініп тұрады екен.

Ләззат Рақышева

Л. Рақышеваның сөзінше, мысалға, биыл қаңтар айында Қызылорда қаласынан жас қыз көмек сұрап хабарласып, өзіне мүлде бейтаныс ер адамның оны 4 жыл бойы аңдып, жұмыс орнына және үйіне келетінін, сонымен қатар әлеуметтік желілерде оның фотосуреттерін жариялап, түрлі жазбалар қалдырып, психологиялық қысым көрсетіп жүргенін айтқан.

«Қоғамдық қор тарапынан құқықтық көмек көрсетіліп, тиісті органдарға жүгіну барысында жол көрсеттік. ҚК 115-1 «Сталкинг» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Нәтижесінде қудалаушы жауапкершілікке тартылып, 25 тәулікке  қамауға алынды және жәбірленушіге 500 мың теңге моральдық шығын өтеді.

Бұл – бір ғана жағдай емес. Жуырда ажырасқанына 16 жыл болған әйел хабарласып, бұрынғы күйеуі ұзақ уақыт бойы оны аңдып, телефон арқылы мазалап, қорқытып жүргенін айтты. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша құқықтық шаралар қабылдау үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тізбелей берсек, мұндай мысалдар көп.

Бірақ өкінішке қарай, көптеген адам ұзақ уақыт бойы қудалауға ұшырап жүрсе де, мұны құқықбұзушылық ретінде санамайды немесе қайда жүгіну керектігін білмейді», деді «Human Rights Lawyers» қоғамдық қорының президенті Ләззат Рақышева.

Сталкинг: нені білген жөн?

Бөлісу:
Шекара қай кезде бұзылады: Табандылықтың сталкингке айналғанын қалай ажыратамыз? · Egemen Qazaqstan