Мәселе
3 мин оқу 40

Табиғат тартқан тақсырет

<p style="text-align: left;">Құрылыс жұмыстары қарқын алған елорданың маңы қиыршық тас өндіретін карьерлерге айналды. Зияны &shy;шашетектен. Кеше ғана жөнделген жол ауыр салмақты автокөліктердің табанында жаншылып, қираса, карьер маңындағы елді мекендер шаңға бөккен. Күні кеше түкті кілемдей жайнап тұрған жайылымдар, тамаша табиғаттың көрінісі көрер көзге жүдеп, сүреңсіз күйге енген.</p>

Табиғат тартқан тақсырет

Бұл тақырып бұқаралық ақпарат құралдарында көтеріліп те жүр. Таяуда облыстық мәслихаттың экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясында да қызу талқыланды. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асхат Ахмедьяновтың мәлімдеуінше, аймақта кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруде 69 лицензия беріліп, 112 келісімшарт жасалған. Өткен жылы жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан 157 заң бұзушылық анықталған. 7 келісімшарттың күші тоқтатылып, 2 лицензия қайтарылып алынған. Бүлінген жерлерді қалпына келтіруге қатысты кейінгі екі жылда сотта 49 іс қаралып жатыр. Өкінішке қарай, кәсіпкерлердің басым бөлігі табиғаттың айдай жүзіне салынған кіреукенің жарасын жазуға ұмтылып тұрған жоқ.

Осы тақырыпты сәл ғана таратып айтатұғын болсақ, мәселе 2017–2018 жылдары қабылданған заңнамалық өзгерістерге байланысты. Бұрын жер пайдалану құқығы конкурс немесе тікелей келіссөздер арқылы беріліп келген. Кейінгі кезде лицензия алу тәртібі айтарлықтай жеңілдеді. Осы жеңілдіктің шеңберінде лицензия алған кез келген субъект жұмысын  бастап кетуге мүмкіндік алған. 2017 жылы күшіне енген «Жер қойнауы және жер қой­науын пайдалану туралы» кодекс мемлекеттік бақылау жүйесінің қауқарын әлсіретіп жіберген. Бұрын заңсыз өндірудің жолын кесумен айналысқан тиісті органдар өздерінің міндетті жұмы­сын жүргізейін десе, нақты құқық­тық, кадрлық аса қажетті тетіктер қарастырылмай қалған. Сырттай қарағанда, заң жүзінде бақылау бар тәрізді көрінгенімен, іс жүзінде бар тетік кәдеге аспай жатыр. Бақылаудың әлсірегенін оңай олжа іздеген кәсіпкерлер де тым жақсы біледі. Сол-ақ екен көлеңкелі бизнес жалын күдірейтіп шыға келді. Заңсыз карьерлер көбейіп, сол маңдағы елді мекен тұрғындары тарапынан арыз-шағым көбейген соң, арнайы жұмыс тобы құрылып, тексеріс жүргізілді. Аршалы, Цели­ноград, Бурабай аудандарын­да құжатсыз әрі заңсыз бірнеше карьердің жұмыс істегені анықталды. Алдын ала жасалған есеп бойынша табиғат­қа келтірілген залал шамамен 200 млн теңге. Целиноград ауданы әкімдігі 11 заңсыз карьерді анық­тап, олардың табиғатқа тарттыр­ған тақсыретінің көлемі 257 млн теңге шамасында деп бағалаған.

Бір түсініксізі қозғалған істер­дің тоқтатылуы болып отыр. Об­лыс­тық полиция департаменті анықтау басқармасының басшысы Жанат Мұқышевтың мәлімдеуіне қарағанда, жер қойнауын заңсыз пайдалану фактісіне қатысты қылмыстық іс қозғау үшін нақты зиян көлемі бұлтартпас дәйек-деректермен дәлелденуге тиіс. Ал залалды түгел есептеу үшін арнайы маркшейдерлік зерттеу қажет. Өкінішке қарай, аудан әкімдіктерінде мұндай мамандар жоқ. Сол себепті конкурс өткізу қажеттігі туындайды. Маман жалдау, бюджеттен қаржы бөлінуі керек. Ал оған бірнеше ай уақыт кетеді. Көп ретте маркшейдерлер әр жылдары түсірілген геодезиялық суреттерді пайдаланады. Сайып келгенде, карьердің қай жылы қазылғанын тап басып айту тіпті де мүмкін емес. Анығында, мұндай есептердің нақтылығы да күмән тудырады.

Тағы бір екпін түсіріп айтатын жай, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің экология немесе құрылыс, жобалау саласында арнайы білімінің жоқтығынан, өндіру көлемін дәлелдеу жайы қиындай түседі. Мамандардың пікірінше, бұл мемлекеттің табиғи ресурстарын басқару жүйесіндегі дағдарыс. Табиғатқа жаны ашитын экологтердің пайымды пікі­ріне көңіл аударатын болсақ, карьер қазылған аумақтарда жер бедерінің бұзылатыны сөз­сіз. Өсімдік жамылғысы бүлі­ніп, жерасты суларының қалып­ты айналымы өзгереді. Демек, аумақтағы экожүйені бәз-баяғы қалпына келтіруге ондаған жыл қажет. Мәселені оңынан шешу мақсатында облыс әкімдігі заңна­маны өзгерту жөнінде бастама көтерген. Ондағы ой –  табиғатқа қиянат жасамау. Осы мәселенің байыбына барып, заңға өзгеріс енгізіп, тәртіпті қатайтқанда ғана табиғатқа қиянат жасалмайтын болады.

Ақмола облысы 

Бөлісу: