Ым тілін үйренуге ыңғайлы ресурс
<p style="text-align: left;">Елімізде «е-Ымдау» ым-ишараттық тілінің бейне сөздігі іске қосылды. Жаңа цифрлық ресурс есту қабілеті бұзылған балалар мен ересектердің білім алуына, қарым-қатынас жасауына және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді.</p>

Аталған маңызды жобаны Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Арнайы және инклюзивті білімді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әзірледі. Министрлік таратқан ақпаратқа сүйенсек, «е-Ымдау» бейне сөздігінің ерекшелігі – сөздер мен ұғымдарды ым-ишараттар арқылы көрнекі түрде ұсынатын интерактивті деректер базасына негізделуі. Автоматтандырылған іздеу жүйесінің көмегімен пайдаланушылар қажетті сөзді жылдам тауып, оның дұрыс ым-ишараттық нұсқасымен таныса алады.
Бейне сөздікті қазақ, орыс тілдерінде қолдануға болады. Пайдалы қосымшаны «App Store»-дан жүктеуге немесе Арнайы және инклюзивті білімді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ресми сайты арқылы онлайн форматта қолдана аласыз.
«е-Ымдау» сөздігі 21 лексикалық тақырыпты қамтиды. Бұл есту қабілеті бұзылған азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін кеңейтуге, ым-ишараттық тілді жеңіл үйренуге, инклюзивті білім сапасын арттыруға бағытталған. Жобаның іске қосылуы ерекше білім қажеттілігі бар азаматтардың сапалы білім алуына, қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасайды.
