Көнеден жеткен киелі аспап
<p style="text-align: left;">Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде 300-ге жуық домбыра бар. Экспозициялық залдарда халқымыздың, сондай-ақ әлемнің 50-ден астам елінің музыкалық аспаптары қойылған.</p>
Музейдің кіші ғылыми қызметкері Жансая Қожаханның айтуынша, музей экспозициясындағы ең көне домбыра Махамбет Өтемісұлына тиесілі. Батырдың жорықтарда серігі болған домбырасы белгілі музыкант Арыстан Баталовтың қолында болған. Ол кісі қайтыс болғаннан кейін 1931 жылы домбыраны оның бауыры Қызылордаға алып кетеді. Күйші Сейтек Оразалыұлы әдейілеп іздеп барғанда домбыраның Ресей асып кеткені белгілі болады. Осылайша, қолдан-қолға өткен аспапқа 1974 жылы Елеу деген кісі иелік етсе, 1981 жылы халық мұраларын жинаушы, зерттеуші Мұстафа Ысмағұлов музейге әкеліп тапсырады. Шанағы сол күйінде сақталғанымен, домбыраның бет тақтайы ауыстырылған.
Мемориал залында батысқазақстандық шебер Едіге Нәбиев жасаған Құрманғазы Сағырбайұлы домбырасының көшірмесі бар. Аспап музей қорына 2018 жылы табысталған. Домбыраның түпнұсқасы Астрахандағы Құрманғазы атындағы мәдени орталықта сақтаулы.
«Абай, Біржан сал, Ақан сері, Жамбыл, Дина Нұрпейісова, Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиев, Мағауия Хамзин және басқа да белгілі тұлғалардың аспаптары музей жәдігерлерінің мазмұнын байыта түседі. Келушілер әр аспапқа ерекше қызығушылықпен қарайды. Мұндағы ерекше жәдігердің бірі – Ақан сері Қорамсаұлының домбырасы. Домбыра Ақтоқты ұрпақтарының қолында ұзақ сақталып келгені белгілі. Жазушы Сәкен Жүнісов «Ақан сері» романын жазып жүргенде өңірді аралап жүріп осы домбыраны тауып алады. Қаламгер шаңырағында ұзақ жыл сақталған аспапты музейге 2017 жылы Сәкен Жүнісовтың қызы Гүлмира Сәкенқызы табыстады», дейді Жансая Қожахан.
Қазақтың күй өнерінің негізін салып, бүгінгі күнге жеткізіп кеткен күйші бабаларымыз аз емес. Қазақ даласының әр өңірінде туған олардың әрқайсысы өзіндік стилімен ерекшеленеді. Сондай дербес мектептің негізін қалап кеткен халық күйшісі – Қазанғап Тілепбергенұлы. Әйгілі күйші-композитор Қазанғаптың домбырасын шәкірті Сәдуақас Балмағамбетов сақтап келген. Музей қорына 2009 жылы жұбайы Бәтима Балмағамбетова өткізген.
ХІV–XVII ғасырлардағы халық ауыз әдебиетінің құнды жәдігері «Қырымның қырық батырын» біздің заманымызға жеткізген Мұрын жыраудың домбырасы да өз тарихымен ерекшеленеді.
Музейдегі тағы бір сирек жәдігер – Абайдың домбырасы. Аспапты ұлы Ақылбай да қолданған. Ұлы ақынның төрт домбырасы болған деседі. Кейіннен Ақылбайдың ұлы Исраилға мұра болып қалған домбыра облыстық, республикалық деңгейдегі байқауларда иесіне серік болған. Исраил 1959 жылы дүние салғаннан кейін жәдігер Семейдегі Абай Құнанбайұлының әдеби-мемориалдық музейіне тапсырылғаны жайындағы деректер домбыраның тарихын тереңдете түседі. Аспаптың ерекшелігі үш ішекті болып келуінде. Қарағайдан жасалған 12 пернелі аспаптың ұзындығы 88 см. Ал мойны 50 сантиметр болатын үш құлақты қоңыр домбыраның шанағында 10 дыбыс саңлауы бар. 1981 жылы осы музей ашылғанда Өзбекәлі Жәнібеков белгілі тұлғалардың аспаптарын жинай бастайды. Домбыра Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің қорына сол жылы алынған.
Қордағы тағы бір құнды экспонат – Шәкәрім Құдайбердіұлының домбырасы. Шәкәрім өнерінің жанашыры меценат Медғат Құлжанов жәдігерді Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейіне 2019 жылы өткізген.
Қазақ халық поэзиясының көрнекті өкілі, жыршы, жырау Жамбыл Жабаевтың домбырасы жұмыр шанақты келеді. Шанағы сегіз бөліктен жасалған. Аспапты жасаған шебердің аты-жөні белгісіз. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндігінен кейін Жамбыл жыраудың өзі атақты күйші Лұқпан Мұхитовқа домбырасын аманат етеді. Ал музей қорына домбыраны Лұқпан Бейсеновтің жары Тәмті Ибрагимова 1990 жылы тапсырған.
Музейдегі тағы бір ерекше жәдігер – Дина Нұрпейісованың домбырасы. Шевченко қаласында сақталып келген жәдігер музей қорына 1981 жылы алынған. Шәкәрім Құдайбердіұлының домбырасы да сыры көп жәдігерлер қатарында. Ақынның ұлы Ақат сақтап келген аспап кейіннен қолдан-қолға өтіп, 2018 жылы белгілі меценат Махат Қожанов музейге әкеліп табыстайды.
Музейде күйші композитор Мағауия Хамзиннің домбырасы да бар. Шертпе күй орындаушылығымен ғана емес, шебер ретінде танылған ол домбырасын өзі жасаған. Қазақ музыкасын зерттеген көрнекті ғалым Ахмет Жұбановтың қызы Ғазиза Жұбанова тапсырған домбыра да осы музей қорында тұр.
Музей қызметкері Жансая Қожаханның айтуынша, аспаптарды өңірлік ерекшелігіне қарай ажыратуға болады. Мысалы, Абай, Біржан салдың домбырасы қалақша пішіндес. Мұндай аспап Шығыс Қазақстан, Арқа, солтүстік өңірлерге тән үлгіде жасалып, шертпе күйлер, әндер сүймелденеді. Ал жұмыр шанақты домбыралар Батыс Қазақстан, оңтүстік өңірлерде төкпе күйлерді орындауда қолданылады. Домбыралар көбіне көршілес ел аспаптарына ұқсас келеді әрі екі, үш ішекті болып бөлінеді. Үш ішекті домбыра қазір өте сирек кездеседі. Мұндай аспап түрі Шығыс Қазақстан өңіріне тән.
Музейде сондай-ақ Қамар Қасымов, Зейнолла Смағұлов, Жақсылық Оспанов сынды шеберлер қолынан шыққан домбыралар сақтаулы.
АЛМАТЫ
