• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
20 Мамыр, 2016

Жол жағдайы жақсара түспек

837 рет
көрсетілді

Экономиканың күре тамыры жол екені дәлелденген ақиқат. Жол сондай-ақ, халық­тың қарым-қатынасы мен барыс-келісінің арқасында дамитын әлеуметтік-мәдени байланыстардың алтын арқауы болып табылады. Бүгінгідей өркениетті заманда туристік әлеуетті арттыруға әсер ететін фак­­тор екені де сөзсіз. Соның ішінде, жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын ала­тын Қазақстан үшін автомобиль жолда­ры­ның маңызы зор. Шүкір, тәуел­сіздік алған­нан бергі жол мәселесінің шеші­луі жаман емес. Бір ғана «Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай» халықаралық көлік дәлізінің өзі неге тұрады. Ал, кеңестік кезеңнің жетпіс жы­­­лында Ойылға дейін тас жол бармап еді, қазір ас­фальт аңқып жатыр. Бұған еліміздің қай өңі­­рінен де нақты мысалдар келтіруге болады. Ақтөбе – тоғыз жолдың торабында орналасқан облыс. Өңірдегі жалпы пайдалану автомобиль жолдарының ұзындығы 6 553 шақырымды құрайды. Соның 1894 шақырымы республикалық, 1057 шақырымы облыстық және 3602 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар. Соңғы жылдары көлік инфрақұрылымын дамыту стратегиясының арқасында облыс­та магистральды автомобиль жолдарын салу және қайта жаңартуда серпін байқалуда. Қазіргі таңда халықаралық көлік жүйесіне бірігу үрдісін жеделдету және еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту мақсатында, республиканың барлық облыстарында көлік кешенін қайта құру бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Облыс аумағы арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» құрлықаралық көлік дәлізі өтеді, тармақталған көлік жолдарының желілері еліміздің оңтүстігіне, солтүстігіне, Ресейдің көршілес өңірлеріне және халықаралық тас жолдарға шығады. – Соңғы он екі жылда халықаралық және республикалық маңыздағы 1894 шақырым жолдың 1053,0 шақырымы немесе 55 пайызы жөнделді. 2016 жылы 110 шақырым автожолды орташа жөндеуден өткізу жос­парланып отыр. Еліміздің республикалық және халықаралық маңыздағы жолдарының көлік инфрақұрылымын дамыту Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында айқындалған міндеттерді іске асыруға бағытталатын болады. «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Ақтөбе – Атырау» республикалық маңыздағы автомобиль жолының өңір аумағымен өтетін 319 шақырымын қайта жаңарту күтілуде. Бұл жолдың бізге тиесілі телімінде құрылыс-монтаж жұмыстары биыл басталады. Бұл маңызды жобаның іске асырылуы 2020 жылға дейін есептелген. Биылға Байғанин ауданы аумағындағы 5 шақырымын қайта жаңарту жоспарлануда. Бұл мақсатқа 1 200,0 млн.теңге қарастырылған, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Асқар Есжанов. Оның айтуынша, облыстың көлік инфра­құрылымын дамытудың басым бағыты Аста­наны еліміздің батыс аймақтарымен қо­сатын – «Орталық-Батыс» жобасы болып табылады. Қазіргі таңда осы жобаның «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз-Шалқар – Қандыағаш» бағытындағы жол құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленген. «Орталық-Батыс» жобасының жүзеге асырылуы өнеркәсіп пен туризмнің дамуы, орталықтың батыс өңірлерімен байланысуы үшін маңызы өте зор. Осы бағытта республикалық маңыз­дағы тас жолдың үш ауданның ауыл­дық елді мекендерін жақсы көлік қатына­сымен қамтамасыз етіп, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, көлік қатына­сындағы көлденең шығындарды төмен­детуге серпін береді деп күтілуде. Сондай-ақ, облыстың шекаралас аудандарының жолдарын оңалту маңыздылығын атап өту қажет, олардың ішінде «Ақтөбе – Жаманқала (Орск)» жолы бар. Жергілікті атқарушы органдар Автомобиль жолдары комитеті, «ҚазАвтоЖол» ұлттық операторымен бірлесе отырып 2017 жылы автожолды қайта жаңартуды жобалауға қаражат бөлуді ойластыруда. Халықаралық көлік дәліздерін және республикалық маңыздағы жолдарды қайта жаңарту аймақтың транзиттік әлеуетін арттыруға, Қытайдан Ресей Федерациясына және Еуропалық одақ елдері бағытында авто­мобиль көлігімен жүктерді жеткізу уақы­тын 1,5-2 есе қысқартуға мүмкіндік береді. Өткен жылы республикалық және халықаралық маңыздағы жолдардың 80 шақырымы орташа жөнделді, облыстық маңыздағы 13 шақырым жол қайта жарақ­тандырылды, аудандық маңыздағы 80 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. Ақтөбе қаласындағы ұзындығы 34 шақырым болатын 22 көше күрделі жөнделді. Бүгінгі таңда жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының 50 пайызы қанағаттанғысыз жағдайда болып отыр. Экономикалық жағдайдың күрделілігіне қарамастан, биыл жергілікті жолдар желілерінің дамуына қаражат бөлінуінің оңтайлы динамикасы байқалады. Үстіміздегі жылы облыстың автомобиль жолдарын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттерден 7 100,0 миллион теңге бөлінді. Облыстық, аудандық маңыздағы жолдар және ауылдық елді мекендер көшелерін күрделі және орташа жөндеуге облыстық бюджеттен бөлінетін қаржы өткен жылмен салыстырғанда 1,0 миллиард теңгеден артты. – Жергілікті автомобиль жолдары желі­лерінің көлік инфрақұрылымын дамытудың ең маңызды нысандарының бірі – «Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолын» қайта жаңарту жобасы. Бұл жобаның іске асырылуы «Самара – Шым­кент», «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» және «Ақтөбе – Орск» республикалық маңыз­­дағы тас жолдарды қосып, «Батыс Еуро­па – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлі­зіне шығуды, Ақтөбе қаласын толықтай транзит­тік айналып өтуді қамтамасыз етеді. «Сама­ра – Шымкент» тас жолынан «Ақтөбе – Атырау» тас жолына дейінгі бірінші телі­мінде 2014 жылы құрылыс-монтаж жұмыс­тары басталды. Екінші телімі Елек өзені арқылы өтетін көпір құрылысына техника­лық-экономикалық негіздеме әзірле­нуде, бо­лашақта осы жол телімінін Ұлт­тық қор есе­бінен қаржыландыру үшін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ балансына беру жоспарлануда, – дейді Асқар Қуанышұлы сөз арасында. Биыл «Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Тұз-Төбе» автожолының 267-307 шақырым телімі қайта құрудан кейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ, «Шұбар­құ­дық – Ойыл – Қобда – Тұз-Төбе» авто­көлік жолының 304-334 шақырым телімі, «Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық» жолының 02-16,5 шақырым телімі, «Хромтау – Бадамша» бағытының 17-30 шақырым телімі, «Ембі – Жем» жолының 0-5 шақы­ры­мы, Шалқар және Ырғыз аудандарында көпірлерді жөндеу және Ырғыз бен Бадамша ауылдарының көшелерін орташа жөндеуден өткізу көзделуде. Биыл жергілікті маңыздағы 68,3 шақырым жол жөнделеді. Биылғы жылы Ақтөбе қаласының және оған қатысты ауылдық округтердің 20-дан астам көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Елбасы орталық пен өңірлерді байланыс­тыратын күре жолдарды салудың үлкен экономикалық тиімділігі бар екенін ұдайы айтып келеді. Бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан жобалар жол қатынасының жақсара түсетініне сендіреді. Әрине, кейбіреулер кейбір жағдайы нашар жолдарды алға тартуы да мүмкін. Алайда барлығы бір күнде шешіле алмайтынын да ойлау қажет. Әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында жол мәселесін оң шешуге қадам жасап жатқан еліміздің алған бағыты түзу екені көрініп-ақ тұр емес пе. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы