ОРАЛ. 19 мамыр. Батыс Қазақстанда шекарашы суға батып бара жатқан баланы құтқарды. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Оқиға 7 мамыр күні болған. Алайда ол жөнінде тек қазір белгілі болды. Атап айтқанда, №2036 әскери бөлімнің радиотелефонисі Әділбек Рахметов Жәнібек ауылының шетіндегі жасанды су тоғанының жағалауында болған кезде, сол жерге жақын маңда бір топ бала ойнап жүрген. Оның ішінде әртүрлі жастағы 2 ер бала және 5 қыз болған екен.
Кенет Әділбек «құтқарыңдар», деп көмек сұраған айқайды естиді. Ол дереу оқиға орнына жеткенде судан баланың қолдары ғана көрінеді. Әскери қызметші ойланбастан суға түсіп, баланы аман-есен жағаға алып шығады. Осы ерліктің арқасында бесінші сынып оқушысының аман қалды.
Айта кетейік, қазіргі таңда аталған департамент басшылығы жас маманды марапаттауға ұсынуға ұсыныс әзірлеуде.
Темір Құсайын.
Дерек, фото: Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.