Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Сенат бюросының отырысы болды. Төраға таяу кезеңге белгіленген бірқатар маңызды шараларға назар аударды.
Атап айтқанда, 31 мамырда әлемнің көптеген мемлекеттерінен келетін парламентшілердің, діни қайраткерлер мен сарапшылар қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен «Діндер терроризмге қарсы» тақырыбына арналған халықаралық конференция болады. 1 маусымда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XV отырысы өтеді.
Сенат Төрағасы Үкімет пен Есеп комитетінің 2015 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері Парламентке келіп түскені туралы да хабардар етті. 26 мамырда жоғарғы палатада есептің таныстырылымын өткізу жоспарланып отыр. Комитеттерде қаралғаннан кейін есеп 16 маусымда Сенат отырысына шығарылады.
Сенат бюросы жоғарғы палатаның 2016 жылғы 26 мамырда болатын кезекті отырысының күн тәртібін келісті. Сенаторлар «2006 жылғы 15 тамыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының аумағында орналасқан Қазақстан Республикасының теміржол учаскелері бойынша және Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан Ресей Федерациясының теміржол учаскелері бойынша тасымалдау төлемдерін төлеу және жүк тасымалдарын ресімдеу тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Макроэкономикалық басқару және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру саласындағы даму саясатын қаржыландыру бойынша бірінші кредит) ратификациялау туралы» заң жобаларын қарайды.
Бюро Қаржы және бюджет комитетіне «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын пысықтауды тапсырды.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 2016 жылға арналған Негізгі іс-шараларының жоспары туралы» Парламент Сенаты бюросының қаулысына да өзгеріс енгізілді, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.