Халық қаһарманы, армия генералы С.Нұрмағамбетовке ескерткіш орнатылды
Ақмола облысында еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов мүсінінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты жиында Сағадат ағаның қызы Айсұлу Нұрмағамбетова кейінгі ұрпақтың әкесіне ескерткіш орнатып, құрмет көрсеткеніне ризашылығын білдірді.
– Біз әкеміздің құрметіне орай ол кісінің туып-өскен жерінде ескерткіш орнатылғанына алғыс білдіреміз. Биыл ол 92 жасқа толар еді. Әкеміз адамдарға ұдайы қамқорлық пен жомарттық танытатын. Ол жалынды патриот, өзінің ұстанымдарына берік, ғұмырын Отанға қызмет етуге сарп еткен адал кісі болатын, – деді Айсұлу Нұрмағамбетова.
Одан кейін Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы Күштер Бас штабының бастығы, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов сөз сөйлеп, «Халық қаһарманының» еліміздің тәуелсіздігі арайлап атқан жылы әскери ведомствоны басқарып, әскерилерге үлгі тұтар азамат болғанын атап өтті. «Аты аңызға айналған генералдың өмірлік жолы – бұл көптеген әскери қызметшілер үшін Отанға шексіз адал қызмет ету мен ерліктің жарқын үлгісі. Біз барлығымыз Қарулы Күштеріміз құрылған сол күрделі, қиын-қыстау кезеңді жақсы білеміз. Ол шынымен өзінің тағдырын әскери қызметпен байланыстырған әрбір адам үшін үлгі болды», – деді ол.
Ескерткіштің ашылу рәсіміне Қорғаныс министрлігінің басшылары, Қарулы Күштер Құрлық әскерлерінің бас қолбасшылары, жергілікті әкімдік, әскери қызметшілер, «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілері мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері қатысты.
Дастан КЕНЖАЛИН,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы