• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Мамыр, 2016

Жер ел мүддесі үшін қызмет етуі тиіс

374 рет
көрсетілді

Қазақстан жұр­ты қазір үлкен таң­даудың үстінде тұр. Ол қалай шешіл­генде де осы елдің иесі санала­тын қа­ра­пайым халық­қа, қазақ жұр­тына зия­нын тигіз­бей­тін­­дей болуы керек. Өйт­кені, жер – әлемдегі қайсыбір халық сияқ­ты, қазақтың да ең жанды жері, ең киелі мекені. Ерте замандардан бері жер дауы мен жесір дауына айрықша мән беріп келген атам қазақтың бүгінгі ұрпағы ретінде оның қадір-қасиетін біз де жақсы сезінеміз. Сонымен бірге, тәуелсіз еліміздің бұдан арғы дамуы мен өсіп-өнуі осы құтты қонысымызды ендігі жерде қалай пайдалануымызға байланысты болмағын да қапысыз түсінеміз. Сондықтан, Қазақ қоғамын біршама уақыттардан бері түп көтеріп, қызу сөздің арқауына айналып тұрған түрлі әңгімелердің біразына қанықпыз. Және жай бақылаушы болып қарап отырған жоқпыз, осы пікір қайшылығы барысындағы айтылып жатқан ойларды ақыл-парасат пайымынан өткізіп, өзімізше түйін түйіп келеміз. Біз бұл жерде Жер кодексіне енгізілуге ұсынылған өзгерістер мен толықтыруларға үдере қарсы шыққандарды да, керісінше, сол реформалар арқылы республиканы әлемдегі  алдыңғы лектегі дамыған елдердің қатарына тарту идеясын ұстанып отырғандарды да біржақты айыптай алмаймыз. Екі тараптың да өз шындығы бар. Міне, осы ыңғайда «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» аман алып шы­ға­тын салиқалы саясат, кемел кемеңгерлік керек. Бір нәрсе айқын, Тәуелсіздігіміздің осы 25 жылдық мерзімі аралығында елімізді де, оның халқын да «от пен суға түсірмей», замана көшінің алдыңғы сапында ілгері қарай алып келе жатқан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жер сияқты ең қасиетті де қадірлі мәселеде бізге ешқашан тиімсіз, ұтымсыз жобаны алға тартпайды. Мұны Президент таяуда өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXIV cессиясында да жеріне жеткізе айтып берді. Сол жолы ол: «Жер – ата-бабамыздан бізге мирас болып қалған ұлтымыздың ұлы байлығы. Қазақтың даласы халықтың меншігі болып саналады», – деген еді. Осы сөзінің жалғасында Мемлекет басшысы Жер кодексіндегі өзгерістердің, ең алдымен, ауылда алқалы топ ошарылып отырған ағайынға жеңіл болуы үшін жасалып жатқанын білдірді. Мұның бәрі біраздан бері өз орнымен оңды пайдаланылмай, тусырап қалған байырғы құнарлы жерлерді құрдан-құр тастап, қор етпеу үшін жасалатынын ашып айтты. Мұның түйінін ол: «Сондықтан, дүниежүзілік тәжірибені қолданып отырмыз. Лайым жерге деген осындай көңіл болса, біздің халық қасық қаны қалғанша жерді қорғайды деп білемін», – деп жеткізді. Меніңше, түйсігі бар адамға осыдан артық түсіндірме болмайды. Біздің Ұлттық өнер академиясында қызмет ететін оқытушы-профессорлар құрамының 70 пайыздайы ауылда туып-өскендер. Солардың қатарында Асанәлі Әшімов, Смағұл Елубаев, Дариға Тұранқұлова сияқты белгілі тұлғалар бар. Олардың қай-қайсы да жер қадірін, ел қадірін, ауылдың мүмкіндігін қазірде ешкімнен кем білмейді. Қазақтың қара жеріне ешкімнен кем жандары ашымайды. Қазақтың болашағы да, байлығы да жерде екенін жақсы біледі. Сондықтан, кешегі өткен қаһарман, кемеңгер ата-бабамыздан бүгінгі күнге аманат болып жеткен қасиетті жері­міздің тусырап, құр жата бермей,  бүгінгі және ертеңгі ұрпақтардың игілігі үшін пайдаға жарағ­а­нын бәріміз де қалаймыз. Біз жерді емген, жердің жалына қолы жармасқан шаруа, малсақ, диқан халықтың өкіліміз. Сол себепті де жерді өзіміздің анамызға балаймыз, жерді өзіміздің асыраушымыз санаймыз. Шындығында да солай. Ендеше, жер қазіргі жаһандану дәуірі жан-жақ­тан қыспаққа алып, экономика мен экология төңі­ре­гінде жыл санап проблемалар көбейіп бара жатқан заман­да елдің әл-ауқатын көтере түсуге қызмет етуі тиіс. Бибігүл НҮСІПЖАНОВА, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры АЛМАТЫ