Еліміздің әйелдер құрамасы осындай табысқа жетті Кеше Астанада мәреге жеткен бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының мүшелері Назым Қызайбай, Дина Жоламан, Валентина Хальзова мен Ләззат Күнгейбаева алтын медаль жеңіп алды. Бұл сында Назым Қызайбай Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев ағасының ерлігін қайталап, қазақ қыздары арасынан бірінші болып екі дүркін әлем чемпионы атанды. Сонымен бірге, Жайна Шекербекова мен Айман Қожабекова өз салмақ дәрежелерінде қола жүлде иеленді. Чемпионатта Жайна қола медаль алғанымен, 51 килоға дейінгі салмақ дәрежесінде Олимпиада лицензиясын иеленді. Бұған дейін мұндай жолдаманы Дариға Шәкімова алған. Ол биыл Қытайда өткен халықаралық турнирде әйелдер арасында жалғыз өзі 75 кило салмақта топ жарған. Биылғы әлем чемпионаты Қазақстан боксшылары қатысқан әлемдік додалардың ішіндегі ең табыстысы болды. Онда еліміздің ұлттық құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды алып, бұрын-соңды болмаған жетістікке жетті. Әлемдік додада төрт қызымыз тұңғыш рет финалға шықты. Егер өткен бәсекелерге қарасақ, 2014 жылы ғана алғаш рет қазақ қызы құрмет тұғырының ең биік сатысына көтерілген еді. Сол кезде 48 килоға дейінгі салмақта Назым Қызайбай ғана чемпион атанса, Ләззат Күнгейбаева күміс жүлдені иеленген. 2012 жылы Юлдуз Маматкулова (81 кг) күміс медаль алса, Назым Қызайбай қола жүлдегер атанған. 2010 жылы Марина Вольнова екінші орынды, 2008 жылы Алена Кольцова үшінші орынды қанағат тұтса, 2006 жылы Назым Боранбаева әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген.
Н.Қызайбай
Д.Жоламан
В.Хальзова
Л.Күнгейбаева
Жарысқа Қазақстаннан 9 боксшы қатысты. Соның төртеуі ғана жүлдеге іліге алмады. Римма Волосенко (60 кг) мен Юлдуз Маматкулова (81 кг) орта жолда жарысты аяқтады. Ширек финалда Зарина Цолоева (64 кг) мен Виолетта Князеваның (75 кг) жолы болмады. Осылардың барлығы чемпионатты жақсы бастағанымен, осы кезеңде қарсыластарынан айласын асыра алмады. Ал финалға жеткен төрттік, керісінше, шаршы алаңның шаңын қағып, алдына келген қарсыластарын айқын басымдықпен ұтты. Олар ширек финал мен жартылай финалда көп қиналған жоқ. Финалда бірінші болып Назым Қызайбай жанкүйерлерді қуантты. Ол қытайлық Янь Вангпен кездесіп, оған ешқандай мүмкіндік қалдырмады. Осыдан кейін 54 килоға дейінгі салмақтағы Дина Жоламан да әлем чемпионы атағына ие болды. Ол болгар Стойка Петровадан басым түсті. Қазақстан құрамасынан үшінші болып шаршы алаңға Валентина Хальзова көтеріліп, әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Шешуші кездесуде Хальзова қытайлық Гу Хонды тізе бүктірді. Ал 81 килодан аса салмақтағы боксшылардың жекпе-жегі финалдың көрігін қыздырды. Осы сында 2014 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ләззат Күнгейбаева америкалық Шадасия Гринді ұтып, көптен бері күткен алтын медалін мойнына тақты. Ал 51 килоға дейінгі салмақта Жайна Шекербекова мен Айжан Қожабекова (57 кг) жартылай финалда қарсыластарынан ұтылды. Алғашқысы 2012 жылы Лондонда өткен Олимпиаданың чемпионы ағылшын Никола Адамспен кездесіп, есе жіберді. Дегенмен, Шекербекованың одан есе қайтаруға әлі мүмкіндігі бар. Екеуі Олимпиялық ойындарда тағы кездесуі мүмкін. Ал 20 жастағы Айжанға өкпеміз жоқ. Жас болса да, бас бола білетін қызымыз жарыста жақсы қырынан көрінді. Ол өзінен үлкен боксшылармен қолғап түйістіріп, жартылай финалға дейін жетті. Жалпы, биылғы сында жаттықтырушылар құрамының еңбегін айту керек. Құраманың бас жаттықтырушысы Вадим Присяжнюк, бокс маманы Қайрат Манашев пен қыздардың жеке бапкерлері чемпионатқа жақсы дайындалып, алға қойған мақсатын толығымен орындады. Қазақстан Олимпиадаға бір лицензияны алса, төрт боксшымыз Әлем чемпионы, екеуі қола жүлдегер болды. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан»