Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуропа Қайта құру және Даму банкінің президенті Сума Чакрабартимен кездесті, деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
Кездесу барысында ЕҚДБ-ның Қазақстандағы қызметінің негізгі бағыттары қарастырылып, бұдан арғы перспективалық жоспарлары айқындалды.
Қазақстан Президенті Шетелдік инвесторлары кеңесі ЕҚДБ-ның қатысуымен құрылғанына назар аударды. Мемлекет басшысы биыл банктің құрылғанына және біздің елдің Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толуының символдық мәні бар екенін атап өтті.
– Осы жылдардың бәрінде ЕҚДБ республикамыздың сенімді серіктесі болып келеді. Біздің ынтымақтастығымызға 20 жылдан асып барады, мұндай өзара іс-қимылды өте жоғары бағалаймыз. 2014 жылы ынтымақтастығымыздың жаңа стратегиясы қабылданды, ол аса ауқымды жұмысты қамтиды, – деді Мемлекет басшысы.
С.Чакрабарти ЕҚДБ-ның Шетел инвесторлары кеңесін жаңадан шетелдік инвесторларды тартудың және біздің елдегі реформаларды ілгерілетудің тиімді тетігі ретінде қарастыратынын айтты.
– Кеңес мүшелері Сіздің көшбасшылығыңызды жоғары бағалайды. Жалпы, біздің серіктес болғанымызға 20 жылдан асып бара жатқанымен, оның шарықтау кезеңі соңғы жылдармен тұспа-тұс келіп отыр. Сондай-ақ, Сізге және Сіздің елдің Үкіметіне биыл ЕҚДБ президенті қызметіне қайтадан ұсынылған менің кандидатурамды қолдағандарыңыз үшін алғыс айтамын. Бұл ынтымақтастығымызды жалғастыру үшін тағы 4 жылға мүмкіндік береді, – деді Еуропа Қайта құру және Даму банкінің президенті.
С.Чакрабарти біздің елдің агроөнеркәсіп кешенін дамыту саласында қол жеткізілген өзара іс-қимылдың деңгейі жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол ЕҚДБ қызметі үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуының маңыздылығын айтты және еліміздегі жекешелендіру үдерісіне де қызығушылық білдірді.