«Егемен Қазақстан» газетінің 22.04.2016 жылғы нөмірінде жарық көрген А.Тасболатовтың «Жарияланбаған жайдың жай-жапсары немесе судьялардың төрт құбыласы түгел ме»? мақаласына орай
Дұрыс айтылған. Дер кезінде қозғалған мәселе. Бүкіл билер қауымының айта алмай, айтуға қысылып жүрген ойының дәл үстінен түскен.
Автор тақырыпты да дұрыс таңдапты.
Жазылғандардың бәрі де шындық. Айтылмай қалғаны қаншама!
Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхан: «Биді кім болса содан қорықпайтындай, біреудің бетінің қызылына немесе біреудің бетінің жақсы жағына қарамайтындай жағдайға қою шарт» деген екен. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Бір рет әділ билік шығару алпыс тоғыз рет қажылық парызды орындап келуден ауыр әрі абзал болуы мүмкін». «Елге бай құт емес, би құт».
Ғұламалардың осы айтқандарынан судьялардың қоғамдағы, мемлекеттегі алатын орны мен әлеуметтік жағдайының қандай дәрежеде болуы керектігі айқын көрініп тұрған жоқ па?.
Тағы бір мәселе, босанған судья әйелдердің балаға күтім жасау үшін 3 жылға дейін мерзімге демалысқа шыққанда,оның орнына (штатқа) басқа судьяның тағайындалмауы, соның салдарынан, әсіресе, екі не үш құрамды соттардағы жүктемелер басқа судьялардың жұмысын көбейтіп салмақ түсіретіндігінде. Ол үшін судьяларға қосымша ақы да төленбейді.
Осы жағы оңтайлы шешілсе деп ойлаймыз.
Советхан СӘКЕНОВ,
Алматы облыстық сотының алқа төрағасы