Су – тіршілік нәрі. Сусыз өмір жоқ. Әсіресе ауыз су тапшылығы орын алған кезде өмір сүру тіптен күрделене түседі. Соңғы жылдары біздің Болашақ ауылының тұрғындары дәл осындай ауыр халді бастарынан кешіріп келеді. Өзінің биылғы Жолдауында Елбасы осы көкейкесті мәселені көтерген кезде, алғашында абдырап, артынан қатты қуандық. Себебі Президент біздің ауылда болмаса да, мұндағы тұрғындардың ауыз судан үлкен қиындық көріп отырғанын көрмесе де – соны алдын ала біліп, болжап отырғандай әсер қалдырды бізге. Бұл Мемлекет басшысына аса қажет қасиеттің бірі деп есептейміз.
Иә, Нұрсұлтан Әбішұлы атап көрсеткендей, республика көлемінде тасымалданатын ауыз су көлемі төрт есеге дейін кемігені өте сүйінішті жәйт. Ендігі жерде бұл көрсеткіште меже шегі бола алмайтынын Жолдаудан айқын сезіндік. Елбасы бұдан сегіз жыл бұрын республикада қабылданған ауыз су сапасын жақсарту жөніндегі бағдарлама бірқатар оң нәтижелерге жеткізгенін айта келе, осы істі аяғына дейін алып бару жөнінде атқарушы органдар алдына нақты міндеттер койды.
Бұл кеше теледидардан өзіміз көріп тыңдағандай – ауыз сумен қамту жүйелерін түбегейлі жаңғырту, жер асты су қорлары картасын жасап, оны түбегейлі зерттеу мен іздестіру болмақ. Тұтас мемлекет ауқымында қолға алынатын осындай іргелі істер мен ізденістердің нәтижесінде 2020 жылға дейін қала тұрғындарын таза, сапалы ауыз сумен қамту 100 пайызға жеткізілмек. Осы мерзім аралығында таза ауыз суды тұтынатын ауыл тұрғындарының үлесі 80 пайызды құрамақ. Бұл әрине ұлан-ғайыр үлкен жетістік болмақ. Сондай-ақ республикадағы су шаруашылығымен айналысатын мүдделі ведомстволар мен құзырлы мекемелердің барлық іс-қимылдары мен мүмкіндіктері осы мақсатқа жұмылдырылатын болғаны да – ауыз су тапшылығын тартудай-ақ тартып жүрген Болашақ ауылының тұрғындарына үлкен сенім ұялатады.
Біздер қазіргі жағдайда ауыз суды 35 шақырым қашықтықтағы Қайыңды ауылынан тасымалдап ішіп отырмыз. Осыған қатты күйінетін едік, қиналатын да едік. Осы мүшкіл жәй-күйіміз бен жанайқайымызды өзінің биылғы Жолдауында Елбасы дөп басқандай болғаны – Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігі, қарапайым тұрғындардың мұң-мұқтаждарына әрдайым сергек көңілмен қарай білетін кісілік келбетінің көрінісі деп білеміз.
Мүтиғолла ХАЛЕЛОВ, Болашақ ауылының тұрғыны.
Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданы.