• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
28 Мамыр, 2016

Басым бағыттар бағдары

280 рет
көрсетілді

Елбасының дүйім жұртқа жол тартқан «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспары бойынша, 97-қадамда айқындалған «Өзін-өзі реттеу мен жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту арқылы азаматтардың шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту. Мемлекетке тән емес қызметтерді бәсекелестік ортаға және өзін-өзі реттеуші ұйымдарға беру» тапсырмасы бойынша Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өтті. Бұл ретте Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Ғалия Жолдыбаева аталған тапсырма аясында орындалған жұмыс барысымен таныс етті. Ұлт Жоспарында айқындалған осы мәселе бойынша «Өзін-өзі реттеу туралы» заңның қабылданғанын ескере келе, оның мемлекеттік реттеудің келеңсіз аспектілерін жоюға, отандық тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер сапасын арттыруға, сондай-ақ, нарыққа қатысушылар­дың тұтынушылар алдында жауап­­кер­шілігін күшейтуге мүмкіндік беретінін атап айтты. Және де осы заң шеңберінде кәсіпкерлік пен кәсіби қызметті реттеудің жаңа институтының енгізіліп жат­қанын атап кеткен маңызды. Заң кәсіпкерлер мен кәсіпқойларға саланы реттеуге тікелей қатысу арқылы нарықта ойын ережелерін және талаптарды өз бетінше айқындауға мүмкіндік береді, деді. Сонымен қатар, заңмен ерікті және міндетті мүшелікке негізделген өзін-өзі реттеудің екі түрі анықталатынын, ерікті өзін-өзі реттеу мемлекеттік реттеумен бірге әрекет етіп, өзін-өзі реттеу субъектілеріне және олардың қызметіне заңнамамен белгіленген талаптардан жоғары талап орнататынын көлденең тартты. Міндетті өзін-өзі реттеу са­лалық заңдармен енгізіледі және мемлекеттік функцияларды іске асырумен немесе мемлекеттік органдармен орындалатын бел­гілі бір функция­ларды бөлу қа­жеттілігімен байланысты. Заңның 23-бабына сәйкес, барлық реттеу органдары 2017 жылғы мамырға дейін кәсіпкерлік немесе кәсіби қызмет субъектілерінің міндетті мүшелігімен қол­даныстағы ком­мерциялық емес ұйымдар базасында міндетті өзін-өзі реттеу ұйымдарын құруға бағыттал­ған шаралардың қабылдануын қам­тамасыз етуі тиіс, деді Ғ.Жолдыбаева. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан»