Коньки
Астанадағы велотрек кешенінде кеше ерлер арасында 5 мың, әйелдер арасында 3 мың метрге конькимен жүгіруден жарыстар тартысты өтті. 5 мың метрлік қашықтықта көрермендер Оңтүстік Кореяның жарық жұлдызы, Ванкувер Олимпиадасының чемпионы Ли Сей Хунға старт басталмастан бұрын чемпиондық атақты беріп қойған. Ал Қазақстанның желаяғы Дмитрий Бабенко кем дегенде бір медальға ілігіп қалар деп үміттенгенбіз.
Дмитрий Бабенконың қарсыласы Накамура жерлесімізден 27 секөнт кеш келді. Ал Дмитрий 6.28.41 уақытпен жарыстың соңына дейін көш басында тұрған еді. Амал бар ма? Соңғы жұпта Қытайдың желаяғы Гаомен жүгірген Ли Сей Хун чемпиондық атақпен бірге, қаймағы бұзылмай тұрған Азия рекордына түзету енгізді. Корей өкілінің уақыты 6.25.55, тағы бір қазақстандық желаяқ Артем Белоусов сәл ғана төмен нәтиже көрсетіп, төртінші орынға табан тіреді. Үшінші орында Корея желаяғы.
Ал 3 мың метрлік қыздар арасындағы жарыста Күншығыс елінің өкілі тобықтай жапон қызы Хозуми Масако 4 минөт 7.82 уақытпен алтыннан алқа тағынса, екінші орында кореялық Ким Бореум, ал қола алқаға Қытай елінің өкілі Ванк Фей ие болды. Қазақстандық Виктория Луговая сегізінші орында.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.