ЖАПОНИЯ ДЕГЕНІНЕ ЖЕТТІ
Астанада кеше кешкісін «Қазақстан» спорт сарайында Қытай мен Жапония құрама командаларының кездесуі өтті. Бұл кездесу 7:1 есебімен Жапония хоккейшілерінің пайдасына шешілді.
Ә дегеннен-ақ ойынның алғашқы кезеңінен бастап жапондықтар шабуылдарын қарқынмен бастады. Кездесудің сегізінші минөтінде Кудзи Сухей есеп ашты. Осы шабытпен алға ұмтылған ол бірінші кезеңді 3:0-ге жеткізіп аяқтады. Екінші кезең де жапон спортшыларының айқын басымдығын аңғартып, оларды жеңіске қарай тіптен жігерлендіріп жіберді. Бұл жолы соғылған қос шайба есепті еселей түсті. Есеп – 5:0. Шайба иелері – Саито Такеси мен Го Танака.
Соңғы айналымға дейін жұлқына өнер көрсеткен жапондықтар қарсыластарының апшысын қуырумен болды. Үшінші кезеңде де шабуылды үдете түсті. Нәтижесінде Г. Танака қарсыластар қақпасын дәл көздеп, командаластарын алға оздырған үстіне оздыра түсті. Осыдан кейін қытайлық хоккейшілер күтпеген жерден Жапония қақпасына бір шайба соқты. Шайбаның иесі – Д. Уанг болды. Әйтсе де басымдық танытқан Жапония құрамасы матчтың аяқталарына санаулы секөнттер қалғанда бұл кездесудің соңғы нүктесін 7:1 есебімен қойды. Қақпаға шайбаны Хага дәл бағыттады.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.
* * *
БАХРЕЙН ҚҰРАМАСЫ ОСЫНШАМА ШАЙБА ӨТКІЗІП АЛДЫ
Кеше «Қазақстан» спорт сарайына ерлер арасында шайбалық хоккейден Бахрейн мен Тайланд құрама командаларының ойынын тамашалауға келген жанкүйерлер осы кезге дейін Азия ойындарында тіркелмеген есептің куәсі болды. Хоккей жарысының алғашқы күні қарсыластарынан 25:0 есебімен ұтылған Бахрейн Тай елінің құрамасынан 29:0 есебімен есе жіберді. Тайланд командасының сапында 6 шайбаны Ким Уани Аарола, 5 шайбаны Тееарасак Раттначот соқты.
Осы күні Қырғызстан Біріккен Араб Әмірліктерімен өзара күш сынасты. Азиаданың алғашқы кездесуін жақсы бастаған Қырғыз құрамасы осы жолғы кездесуде де БАӘ командасын 14:0 есебімен жеңді. Олар бірінші кезеңде екі шайбаны, екінші кезеңде 6 және үшінші 20 минөттікте 5 шайба соқты.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.