• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
01 Ақпан, 2011

Көшбасшылар анықтала бастады

422 рет
көрсетілді

Сенбі күні Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Қы­тай – Солтүстік Корея және Қа­зақ­стан – Оңтүстік Корея құрама­ларының арасында матч өтті. Бірінші кезеңде қытай қызы Маның соққан шайбы­сына ойын бітуге 5 минөт қалғанда корей Кимнің шайбымен жауап беріп, бейбіт тарқасқан. Екінші кезеңде қытайлықтар шабуылды күрт күшейтіп жіберді. Комбинациялық ойын өрнегі жақ­сар­ды. Есепті 5:1-ге жеткізіп тастады. Соңғы кезеңде Қытай­дың 16-шы нөмірлі сайыпқыран қызы Ма екі шайба соғып, екі минөт қалғанда Чанг еселеді. Есеп 8:1. Ал қазақстандық қыздар Оң­түс­тік Кореядан келген әріптес­терін 11:0 есебімен жеңді. Бейнелеп айтсақ, корей жақ алаң мұзының ақ жемі шығып, біздің қақпа алдына коньки ізі тимеді десе де болғандай. Қазақстан құра­ма­сының сұрмергені Наталья Яковчук алғашқы шайбаны соғып, соң­ғы екі голды өзі қорытын­дылады. Осы ойыннан кейін-ақ негізгі тартыстардың қай құрамалардың арасында өтетіндігін анықтауға жұлдыз-жорамалшы, бақсы-бал­гер, көріпкел-құшынапшының керектігі жоқтығы көрініп қалды. Әлемдік рейтинг бойынша Қытай, Қазақстан және Жапония құрамалары іркес-тіркес келеді. Біздің ой – құрамамыздың өз жерімізде өтіп жатқан Азиадада топ жаруы. Оған мүмкіндіктер жоқ емес. Біз есептен, жеребе бойын­ша қос корей құрамасымен кездесуіміз ойыншыларымыздың өз ойын-өр­негін табуына жәрдем­дес­ті. Александр Мальцев пен Сергей Соловьев жаттықтыратын командада ақсап жатқан тұстары аз емес. «Ше­шесі ұрған таяқ балаға өтпей­ді» дегендей қыздары­мыз түсінеді деп ойлаймыз. Екі ойыннан көңіл­ге түйгеніміз, құрама ұжымдық ойын ойнауға бастықпаған. Көбіне жеке ойнайды. Шайбаның соңы­нан кейде түйдектеліп екі үшеуі қуып жүреді. Баяғыда Харламов­тардың дәуірлеп тұрған заманында Борис Михаилов қарсыласының қақпасының түбінде табандап тұрар еді. Кеудемен итерсе де, ша­лып жығып конькимен балты­рын басып өтсе де кетпейтін. Харламов пен Петров қарсыластарын алдап өтіп, тосқауылда тұрған Михай­ловқа шайба шығарып берер еді. Соғатын. Сондай Михайлов-Михайловалар жоқ бізде. Қарсы команда шабуыл күшейтіп жіберсе, қыздарымыз сасқалақтап қалады. Бұл – жақсылық емес. Оңтүстік Кореямен ойын барысында біздің шабуылшыны қақпа алдында қос жақтап қаусырмалап қысып құлат­қандықтан қос корей қызы Ли мен Хо екі минөттік айыпқа тартылды. Біздің бестікке корейлік үш қыз ғана қалды. Сақа командалар мұндайды апшыны қуырып кемінде екі-үш шайба соғып алады. Ал біздің қыздар осы қолайлы сәтті түк те пайдалана алмады. Кеше Қытай – Оңтүстік Корея, Қазақстан – Жапония құра­ма­лары мұз айдынына шықты. Осы ойын­дардан кейін көкейдегі біраз сауал­дарға жауап табылады. Қазақ­стан құрамасымен кездесуде алғашқы екі кезең Жапон­дардың басымды­лы­ғымен өтті. Ол соғылған екі гол­ға ғана қатыс­ты емес, ойын өрнегі солай өріл­ген. Қазақстан­дықтар қамау тері алынбаған сәйгүліктей жылдам­дық­тан да, тактикадан да ұтылып жатты. Шешуші үшінші кезеңде Қазақстанның басқа, түле­ген ко­ман­дасын көрдік. Өз алаңын­да жүргендей еркін сезінген жа­пон­­дықтардың екі аяғын бір етікке тығып жіберді. Күшке басты. Әуелі Лариса  Свиридова, сосын  Зарина Тухтиева гол салды. Соға алмай қалғандар қаншама. Есеп 2:2. Овертайм. 5 минөт ішінде кім бірінші гол салса, жеңіс соныкі. Ойын соңғы минөттерде қазақ­стан­дықтардың басымды­ғы­мен өтіп, есеп 3:2 болып аяқталды. Ал екінші кездесуде Қытай құра­масы Оңтүстік Корея команда­сын 10:0 есебімен ұтып, екінші мәр­те жеңіске жетті. Қытайлықтар арасын­да қарсыластардың қақпа­сына Руи Сун бес бірдей шайба салып, көзге түсті. Енді Қытай келесі ойыннан бүгін Жапонияға қар­сы өткізеді. Ал КХДР болса, Оңтүс­тік Корея коман­дасымен күш сынасады. Бақтияр ТАЙЖАН. Алматы.