Халқымыздың тарихында мерейі тасыған мәртебелі дәуірлермен қатар, тар жол тайғақ кешкен қасіретті кезеңдер аз болған жоқ. Солардың бірі 1920-1950 жылдар аралығында жүргізілген саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық екені белгілі. Кеше, осынау солақай режім мен тоталитаризм құрбандарын еске алу күніне орай Ақмола облысының Ақмол елді мекеніндегі «АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешенінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым етіліп, «Зерде» ескерткіш қабырғасына гүл шоғын қою рәсімі өтті. Оған Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, мемлекеттік органдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, «АЛЖИР» тұтқындарының ұрпақтары мен елорда тұрғындары қатысты.
Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біз төтеп бере білдік, сталинизмнің бүкіл кінәсіз құрбандарына көмектестік, өз төңірегімізге барлық этностар мен конфессияларды біріктіре отырып, өз тәуелсіздігімізге бейбіт жолмен қол жеткіздік», – деген сөзіне тоқталып өтті.
Сонымен қатар, Г.Әбдіқалықова: «Өткеннің өкінішті кезеңдерін еске алсақ, 1921 жылы елімізді басқаруға келген Филипп Голощекин Қазақстанда Кіші Қазан төңкерісін жүргізу саясатын ұстанғанын аңғарамыз. Соның салдарынан ұлт зиялылары жаппай қуғындауға ұшырады. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұжымдастыру ұранымен науқанға кіріскен белсенділер республикадағы 40 млн.-нан астам мал басының қырылуына әкеліп соқтырған қитұрқы саясатты жүзеге асырды. Халық жаппай ашаршылыққа ұшырап, салдарынан елімізде 1,5 млн.-ға жуық адам қаза тапты. Қазақ халқы ашаршылыққа дейінгі санына араға жарты ғасырға жуық уақыт салып, зорға жетті. Тәуелсіздік жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тарих – өткеннің сабағы. Біз өткенімізге қарап, ертеңімізді түзеуіміз керек», – деген сындарлы сөзі тарихи сананы жаңғыртуға, ұлттық рухтың өрлеуіне жол ашты. Егемендіктің ширек ғасырында ел тарихының көмескі беттері қайта ашылып, мемлекетіміздің соңғы жүз жылдықта жүріп өткен сүрлеуіне жаңаша баға берілуде», – деді.
Одан бөлек, Мемлекеттік хатшы 1921-1954 жылдары 3,7 млн.-нан астам адам сотталғанын, оның 640 мыңнан астамы атылғанын, соның ішінде Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сияқты Қазақстанның зиялы қауым өкілдері, Кеңес халық комиссариаты басшылары, облыстық партия комитеті хатшылары, облыстық атқару комитеттерінің төрағалары және тағы басқа қайраткерлердің болғанын айтты.
Сондай-ақ, Г.Әбдіқалықова қанды қасап кезеңінде қазақ жеріне тұтас халықтардың жер аударылғанына тоқталып өтті. «Үздіксіз жалғасқан саяси науқандар мен қуғын-сүргіннен есін жия алмай жатқанына қарамастан, қазақ халқы тағдыр тәлкегіне түскен барша ұлыстарды бауырына басты. Кеңестік биліктің пәрменімен қазақ жеріне қоныс аударған сол этностар өкілдерінің барлығы бүгінде Қазақстанда тату-тәтті өмір сүруде. Тар жерде табысқандардың ұрпағы кең жерде келісіп, бүгін тағдыры бір Қазақстан халқы деген ұлы елге айналды. Бейбітшіліктің бесігі атанып, бүкіл әлемге танылды. Төрт тарапты түгел мойындатып, өсу, өркендеу жолына түсті», – деген Мемлекеттік хатшы шырқау биікке бет түзеген сайын тарихымыздағы ол оқиғалардың ешқашан ұмытылмайтынын және енді мұндай қасіреттің қайталануына жол берілмейтінін тілге тиек етті.
Өз кезегінде «АЛЖИР» тұтқыны Ксения Никольскаяның қызы, осы іс-шараға Мәскеуден арнайы келген мейман Татьяна Никольская тарихтан тағылым алып, қуғын-сүргін құрбандарының рухтарына құрмет көрсетуді ешқашан естен шығармаған қазақ халқына ерекше алғысын білдірді. Т.Никольская «АЛЖИР»-де туып, 6 жасқа дейінгі өмірін темір тордың ар жағында өткізген.
«Мен – лагерьде туған ұрпақтың өкілімін. Адамның ең қызықты, ең тәтті кезеңі балалық шағы болса, менің сол сәттерім тар қапаста өтті. Бұл – менің тағдырым. Анам да, әкем де осы Қазақстандағы Долинка елді мекенінде орналасқан лагерьде жазасын өтеді. Екі рет 10 жылға сотталған әкемнің ісі 1943 жылы қайта қаралып, жаза мерзіміне тағы да 10 жыл қосылды. Мұндай әділетсіздікке шыдамаған әкем көп кешікпей дүниеден өтті. Оның сүйегі Долинка ауылында жерленді. Мен осы сапар аясында әкемнің басына барып, перзенттік борышымды өтеп, мінәжат етемін. Мүмкін, бұл менің кіндік қаным тамған жерге соңғы рет келуім шығар. Әр келген сайын айдауда жүрген сәттердің салқын лебін сеземін. Ол тарих енді ешқашан қайталанбасын. Өкінішке қарай, мұндай еске алу шаралары Ресейде өткізілмейді. Сондықтан, тарихтың ақтаңдақ жылдарын ұмытпай, қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арнайы күнді белгілеп, осындай керемет кешен ашқан қазақ халқына басымды иемін», – деді Т.Никольская.
Ал 1938-1943 жылдары «АЛЖИР» мен Долинкада жазықсыз тұтқында болған Мағрифа Қазбекованың немересі Зәуре Оспанова жиналған қауымға әжесі туралы естеліктен бір үзік сыр айтып берді. Оның сөзіне қарағанда, М.Қазбекова тұтқындалғаннан кейін бес жылдан соң туған қызымен алғаш рет осы «АЛЖИР»-де табысқан. «Әжеміз лагерьден босатылғаннан кейін ҚарЛаг-тың 26-нүктесінде қалып, дәрігер болып қызмет атқарды. Адал еңбегінің арқасында Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері атанды. Ол жұқпалы індеттерді емдейтін дәрігер болған еді. Тағдырдың жазуымен мен де дәл сол мамандықты меңгеріп, әжемнің жолын жалғастырып келемін», – деген З.Оспанова елімізде осындай мемориал-кешеннің жұмыс істеуі келешек ұрпақ үшін мәңгілік сабақ болатынына назар аударды.
Іс-шара барысында жазықсыз жапа шеккендердің рухтарына құран бағышталып, бір минут үнсіздік жарияланды. Сондай-ақ, кешеннің «Алаш» залында «АЛЖИР»-дің әйгілі есімдері» атты бейнепанорамалы көрме ұйымдастырылды. Онда келушілер Ақмола лагерінің бұрынғы тұтқындары туралы қысқаша деректерге қанығып, бейнесуреттерді тамашалауға мүмкіндік алды. Бұдан басқа, мұң тұнған мұражайда «АЛЖИР»-дің бірегей жәдігерлері» көрмесі өткізілді. Ол жерге 1930-жылдардағы қуғын-сүргін құрбандарының жеке заттары, фотосуреттері және мұрағаттық құжаттары қойылған. Аталған материалдар кешен қызметкерлерінің Атырау, Ақтөбе, Екатеринбург және тағы басқа қалаларға жасаған сапарлары нәтижесінде жинақталған. Одан бөлек, меймандарға музей залдарына экскурсиялар жүргізіліп, «АЛЖИР»-дің ызғарлы суығы» деректі фильмі мен «1937 жыл. Ерте солған гүлдер» бейнебаяны көрсетілді.
Айта кетейік, 2007 жылғы 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінің 10 жылдығы аясында «АЛЖИР» – бұрынғы Ақмола халық жаулары әйелдерінің лагері орналасқан Ақмол ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарының «АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешені Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылған еді. Кешенде «Қайғы қақпасы» монументі, «Еске алу қабырғасы», сондай-ақ, «Күрес пен үміт» және «Ашыну мен дәрменсіздік» сияқты екі мүсіндік композиция бар.
Еламан ҚОҢЫР,
«Егемен Қазақстан»