• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2011

Қарқыны қатты

375 рет
көрсетілді

Шорт-трек

Астанадағы жаңадан салынған велотрек кешенінде шорт-трек жарысы одан әрі жалғасуда.

Кеше Азия құрлы­ғындағы мықтылар саналатын Корея, Жапония мен Қытай және солармен иық тірестіріп бәсекелесіп жатқан Қазақстан спортшы­ларының қатысуы­мен 500 метр қашықтықтағы жарыстар өтті. Осы сында Қазақстан құрамасында бас бапкер Мадығали Қарсыбековтің шәкірттері Дарья Волокитина, Инна Симонова, Айдар Бекжанов, Артур Сұлтанғалиев сынды ел намысын халық­аралық аренада қорғап жүрген спортшылар айдынға шықты. Жарыста әйелдер 500 метрде де сәтті өнер көрсетті. Нәтижесінде, 500 метрді 43,964 секөнтте жүгіріп өткен қытайлық спортшы Лю Цюхон чемпион атанса, күміс жүлде де оның жерлесі Фань Кесиньге бұйырды. Оның нәтижесі – 44,070 секөнт. Ал үшінші орынды жапон Сакаи Юи жеңіп алды. Бұл жарыста қазақстандық шорт-трекшілерге жүлделі орын бұйырмады. Ал, ерлер арасында ең жақсы нәтижені тағы да қытайлық Лян Вэньхао көрсетті. Ол аталмыш қашықтықты  41,983 секөнтте жүгіріп өтіп, қарсы­лас­тарын қапыда қалдырды. Екінші және үшінші орындарды  жапондық Фудзимото Такахиро мен Сакадзуме Ресуке жеңіп алды. Сөйтіп,  бұл спорт түрінен екі алтын жүлдені бірдей қытайлықтар еншіледі. 2 ақпанда Қазақстан құрамасы тағы айдынға шығады. Бас бапкер М.Қарсыбековтің айтуынша, осы жолы оның шәкірттері үздіктер қатарынан көріну үшін барын салады.  Дегенмен, қазір бізге құрамында Олимпиада чемпионы бар Қытай, құрлықтың азулы спортшылары саналатын Оңтүстік Корея мен Жапония командасымен күш сынасу оңай болмайтыны сөзсіз. Азиаданың жабылуына дейін отандастарымыз олардың алдын орап алу үшін намысты  қолдан бермейді. Жұлдыз БАЙДІЛДА.