Ең мықты экономика мәртебесін жоғалтты
АҚШ экономикасы бірінші орыннан үшінші орынға сырғып, әлемдегі бәсекеге аса қабілетті экономика мәртебесінен айырылды. Рейтингті әдеттегідей Швейцарияның басқару институты түзген.
Сөйтіп, бірінші орынға Гонконг көтерілді. Екінші орынға Швейцария тұрақтады. Бұған дейін үшінші орында тұрған Сингапур бір позициясын жоғалтып, төртінші орынға төмендеді. Алғашқы ондыққа, сонымен қатар, Швеция, Дания, Ирландия, Нидерланд, Норвегия және Канада еніп отыр. Ресей соңғы жылда рейтингте бір саты жоғарылап, 44-ші орынға орныққан көрінеді.
Ұйым ұстанымын бұзды деп айыптады
Бразилия, Жапония, Еуроодақ және ДСҰ-ның басқа да мүшелері АҚШ-ты ұйымда қалыптасқан пікірталас қағидаттарын бұзып, өркөкірек ұстаным танытып отыр деп айыптады.
Мұндай мәлімдеме америкалықтардың оңтүстіккореялық судья Чан Сон Хваны жаңа мерзімге бекітуден бас тартуымен байланыстырылып отыр. Ал кеше аталған судьяның төрт жылдық жұмыс мерзімі аяқталған еді. Америкалықтардың пайымынша, Чан бірнеше мәрте «абстрактілі» шешім қабылдаған. АҚШ өкілдері «апелляциялық орган – академиялық институт емес» деп мәлімдеп отырса керек.
Альянстың шығынына Ресейді кінәлайды
НАТО-ға мүше Еуропа елдерінің қорғанысқа шығындары үстіміздегі жылы алғаш рет соңғы 10 жылда Ресей агрессиясының және көші-қон дағдарысының салдарынан өсетін болады. Бұл туралы Солтүстік Атлантика альянсының бас хатшысы Йенс Столтенберг мәлімдеді.
НАТО-ның бас хатшысы нақты сандарды атамаған. Бірақ 2016 жылы альянсқа мүше Еуропа елдері қорғаныс саласына 253 миллиард доллар шығындағанын көлденең тартқан. Ал АҚШ-тың бір өзі 618 миллиард доллар жұмсаған көрінеді. Еуропада ең көп ақша шығындаған Балтық жағалауы елдері делініп отыр. Атап айтқанда, Латвия әскери бюджетін 60 пайызға, Литва 35 пайызға, Эстония 9 пайызға ұлғайтыпты.
Қысқа қайырып айтқанда:
Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) нұсқасы бойынша ХХ ғасырдың ең үздік ойыншысы Пеле өзінің соңғы 60 жыл бойы алған спорттық және ескерткіш наградаларының бәрін аукционға шығаруға шешім қабылдаған. Марапаттардың ең құндысы, әрине, 1958, 1962, 1970 жылдардағы әлем чемпионаттарының алтын медалі.
Жапонияның якудза қылмыстық топтары басшыларының бірі «Кобэ Ямагути-гуми» Окаяма префектурасында өлтірілген. Полицияның мәліметтеріне қарағанда, 55 жастағы мафиозо Тадаси Такаги аталған қаладағы саябақтардың бірінде атып өлтіріліпті. Бұл – бақталас қылмыстық топтардың арасындағы дұшпандықтың көрінісі.
Санктпетербургтік депутаттар қаладағы көпірлердің біріне Чешенстанның тұңғыш президенті Ахмат Қадыровтың есімін беруге қарсы қол жинауды жоспарлап отыр екен. «Біз қолымызды соңғы шешім қабылдауы тиіс болатын қала губернаторына арнап жинаймыз», дейді депутаттардың бірі Ольга Галкина.
Испанияның Пальма-де-Мальорка курортты қаласының тұрғындары туристердің тасқынына мүлдем наразы. Олар демалушылардан қалаға тым жақындап кетпеулерін өтініпті. Мұндай өтініштерін олар үйлерінің қабырғаларына жаза бастаған. Бір жазу былай дейді: «Шетелдік туристер, жоғалыңдар!». Тағы біреуі былай деп жазыпты: «Босқындар, қош келдіңіздер!».
Австралиялық адам құқын қорғаушылар үстіміздегі жылы қанша адамның құлдықта жүргенін есептеп шығарыпты. Мамандардың деректеріне қарағанда, бүгінде құлдықта 45,8 миллион адам жүр екен. Бұл – осыдан екі жыл бұрынғыдан 10 миллион адамға көп. Құлдарға еркінен тыс жұмыс істеп жүргендер жатқызылыпты.
Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев Мәскеудің төртінші халықаралық әуежайын салтанатты жағдайда ашқан. Ол – Жуковский деп аталады. Қырғызстанның «Эйр Кыргызстан» әуе компаниясы жаңа әуежайға тұрақты рейс орындауды бастайтын алғашқы халықаралық авиакомпаниялардың бірі болып табылмақ.
Қытайдың оңтүстік-шығысындағы Хунань провинциясында әлемдегі ең ұзын шыны көпірдің құрылысы аяқталды. Нысан Тяньменьшань ұлттық саябағындағы 300 метр биіктіктегі Чжанцзяцзе шатқалының үстіне орнатылған. Оның ұзындығы – 393 метр, ені – 6 метр. Едені шыны көпір бір мезгілде 800 адамды көтере алады.
Ресей мен Қытай қатынасындағы серпіліс
Ресей мен Қытайдың стратегиялық серіктестігі жақын арада жаңа қуатты серпін алуы тиіс. Мұндай көзқарасты Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров білдірді.
Ресей президенті Владимир Путиннің алдағы Қытайға сапары екі ел арасындағы көпқырлы стратегиялық серіктестік қарым-қатынасына соны серпін беретініне сенімдімін, дейді С.Лавров. Ол бұл пікірін «Ресей және Қытай: екіжақты қарым-қатынастың жаңа сапасына» деп аталатын халықаралық конференцияда сөз сөйлеген кезінде білдірді. Ал шараны Ресейдің халықаралық істер жөніндегі кеңесі ұйымдастырған болатын.
Кореялық шенеуніктің күтілмеген сапары
Солтүстік Корея Еңбек партиясы төрағасының орынбасары Ри Су Ен Қытайға күтілмеген сапармен барған. Сапар Пхеньян мен Бейжің арасындағы «тоқырауға ұшыраған» қарым-қатынасқа «жан бітіруді» көздейді делініп отыр.
Дипломатиялық топтардағы деректер Ри Су Еннің Қытай саясаткерлерімен кездесу ниеті бар екенін айтады. Солтүстіккореялық жоғары лауазымды шенеунік күні кешеге дейін елдің сыртқы істер министрі қызметін атқарыпты. Мамыр айының басында өткен партия съезінде бұрынғы дипломат Еңбек партиясы төрағасының орынбасарлығына сайланған. Бұл – жоғары лауазымды солтүстіккореялық шенеуніктің Қытайға алғашқы сапары.
«Газпроммен» келісімшартты ұзартпайды
Польша «Газпроммен» жасалған ұзақ мерзімді, яғни 2022 жылға дейінгі келісімшартты ұзартудан бас тартпақ ниетінде. Бұл туралы Польша үкіметінде стратегиялық энергетикалық инфрақұрылымдарды дамыту мәселелерімен айналысатын өкіл Петр Наимски мәлімдеген.
«Біз ұзақ мерзімді келісімшарт өткеннің ісіне айналатын жағдайға ұмтылуымыз керек. Егер Ресей газының бағасы айтарлықтай бәсекеге қабілетті болатын болса, біз оны белгілі бір деңгейде және ұзақ мерзімді келісімшарт аясынан тыс сатып алатынымызды жоққа шығармаймыз», – дейді П.Наимски. Қолданыстағы келісімшарт бойынша Ресей Польшаға жыл сайын 2022 жылға дейін «төле де ала бер» шарты бойынша 10,2 миллиард текше метр газ сататын болады.
Интернет материалдары негізінде әзірленді