• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Маусым, 2016

Атырау тұрғыны өзінің тірі екенін дәлелдеді

292 рет
көрсетілді

АТЫРАУ. 1 маусым. Атырау тұрғыны өзінің тірі екенін дәлелдеу үшін сотқа жүгініп, қайтыс болғаны туралы куәліктің күшін жойдырды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egmen.kz тілшісі хабарлады. Жыл басында Атырау облысының тұрғыны Елена Приданованың азаматтық некедегі күйеуі Николай Орловпен бірге баспанасыз қалғанын хабарлаған едік. Олардың өздерінің де, тіпті, үш баласының да жеке басын куәландыратын құжаттары да болмаған. Бір таңданарлығы Елена Приданованың өзі өлілер санатында екені анықталған еді. «Азаматша Елена Приданова ұзақ уақыт бойы Атырау облысының ауылдық округтердің бірінде өмір сүріп, туыстарымен хабарласпаған. Бірнеше жылдар өткеннен кейін тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге арналған дағдарыс орталығына түскен уақытта өзінің қаза тапқандар есебінде тұрғанын білген. Өз құқығын қорғау мақсатында Атырау қалалық сотына өзіне қатысты қайтыс болу туралы актілік жазбаның және қайтыс болу туралы куәлікті заңсыз деп арызбен жүгінген. Сот отырысында жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында фото арқылы арызданушының туыстары мәйітті Елена Придановаға ұқсас болуына байланысты сол деп танығаны анықталды. Кейіннен арызданушының туыстарының бірі мұны қайтыс болды деп тану туралы куәлігін алған. Сот отырысында арызданушының барлық туыстары оны өздерінің әпкесі, тәтесі ретінде таныған. Жинақталған барлық дәлелдемелердің жиынтығымен сот арызданушы Елена Приданованың талабын негізді деп танып, оған қатысты қайтыс болу туралы актілік жазбаны және қайтыс болу туралы куәлікті заңсыз деп таныды» – дейді Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы Боранбай Ғалиев. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек: Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі. Фото: azh.kz.