• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Маусым, 2016

Қарағандыда «Жасыл ел» жастарды жұмысқа шақырады

628 рет
көрсетілді

ҚАРАҒАНДЫ. 1 маусым. «Жасыл ел» жобасы қарағандылық студент жастарды жаз айларында еңбек етіп, табыс табуға шақырып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жұмыс істеген әр адамға ай сайын 35-40 мың теңгеден жалақы төленеді. Оған қоса, маусымдық еңбеккерлер арнайы киіммен, құрал-саймандармен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Облыстық штабтың жетекшісі Нұргелді Омархановтың айтуынша, қазір 16 жастан асқан жастарды жұмысқа тарту шаралары жүріп жатыр. Жұмысқа, әсіресе, тәртібі қиын жасөспірімдерді алу, яғни олардың бос уақытын пайдалы еңбекпен алмастыру көзделіп отыр. Биылғы маусымда «Жасыл ел» Қарағандының өзінде 250 жасты жұмыспен қамтиды. Олардың бәрі алатын жалақысын адал әрі сапалы еңбек етіп, маңдай терімен табуға міндетті. Бұл орайда қатаң қадағалау жасалады. Түлкібұлаңға салып, ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүргісі келгендерге тиісінше шара қолданылып, жалақысы қиылуы мүмкін. Айта кетейік, «Жасыл ел» жобасы қолға алынған он жылдан астам уақыт ішінде Қарағандыда 12 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Осы аралықта олар 300 мыңнан астам ағаш отырғызып, 2,5 гектар жерді өңдеген. «Жасыл ел» еңбеккерлері, сонымен қатар, арамшөптер жұлып, өсімдіктерді суару жұмыстарын да жүргізеді. Әлеуметтік жобаның аясында жастар соғыс және еңбек ардагерлерінің үй шаруасына көмектесіп, қолғабыс жасайды. Қайрат Әбілдинов. Дерек: egemen.kz. Фото: bnews.kz.