• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Маусым, 2016

Рақым айы – берекелі ай

352 рет
көрсетілді

* 2016 жылдың 6 маусымы – қасиетті Рамазан айының бірінші күні Аса қамқор, ерекше Мейі­рімді Алланың атымен бастаймын! Құрметті мұсылман бауырлар, отандастар! Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді мүбәрак Рамазан айының келуімен құттықтаймын! Рамазан – он екі айдың сұл­таны, берекелі де кешірімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жү­ретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады. Өйткені, ораза адамды тақуалыққа тәр­биелейді. Сабырлылық, қайы­рымдылық, мейірімділік, бауыр­малдық секілді адамдық асыл қасиеттер артып, иман күшейеді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. Сауаптар еселеніп жазылатын айда жасалған қайырлы істің қайтарымы адам баласы үшін құпия-сыр. Тіпті, ауыз бекітушіге берілетін сый мен сауап, құрмет пен марапат пайғамбарлар мен періштелерге де белгісіз. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ора­за – тек Мен үшін. Оның сый­ын (сауабын) Өзім ғана бере­мін...», – деп оразаның қадірі мен қа­сие­тін, мәні мен маңызын баян­даған. Шарапаты мен шапағаты мол айда күнәлі істерден бас тартып, сауап жинауға, ішкі дүниемізді тазартуға, Жаратушының разы­лығына бөленуге асығайық! Рамазанның қадірін жақсы түсінген сахабалар оразаға алты ай қалған сәттен бастап: «Раб­бымыз, бізді Рамазан айына аман-есен жеткізе гөр!», – деп дұға еткен. Пенденің осы айда ұстаған оразасы, қосымша құлшы­лықтары, өзгелерге жасаған қайырымдылығы, барлық сауапты амалдары еселеніп жазылады. Ораза – күндіз тек ішіп-жеуден өзін шектеу деген сөз емес. Ораза – рухтың азығы, тәннің шипасы. Рамазан жан мен тәнді рухани тазартатын, мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Аузы берік жандар әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған кейбір оғаш іс-әрекеттерін көріп, тұрпайы сөздерін естісе де: «Мен оразамын», – деген бір ауыз сөзбен нәпсісіне тоқтау салып, сабыр сақтайды. Ал сабыр иесіне берілетін сый – жәннат. Денсаулығына байланысты немесе кәрілік жетіп ораза ұстауға шамасы жетпеген адамдар ауыз бекіткен кісілерге ауызашар берсе, ол да – үлкен сауап. Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала ең болмаса бір түйір құрма, тіпті, бір ұрттам сумен болса да қамқорлық жасағанға сауап жазады…», – деген. Биыл маусым-шілде айларына тұспа-тұс келген Рамазанда ауыз бекітуге күннің ыстығы кедергі келтірмейді деп сенеміз. Себебі, оразаны рухани тұрғыдан сезінген жан Алланың теңдессіз сыйынан шет қалғысы келмейтіні хақ. Рақым айы – Рамазан құт­ты болсын! Қасиетті айда ұста­ған оразамыз, жасаған дұға-ті­лек­­теріміз, құлшылық-ғиба­дат­тарымыз, әрбір қайырлы амал­дары­мыз қабыл болғай! Алла Та­ға­ла отбасымызға амандық, жұ­мы­сы­мызға береке-бірлік нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Әумин! Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти