• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2016

Бұл – жаһандық мақсаттарға қосылатын нақты үлес

288 рет
көрсетілді

БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының БҰҰ-ның энергетика бойынша Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға қосқан үлесі туралы жоғары деңгейдегі іс-шара өткізілді. Оның шеңберінде Астана қала­сында өтетін ЭКСПО-2017 көрме­сін таныстыру рәсімі болды. Ша­ра­­ны ұйымдастыруға Қазақстан Рес­пуб­ликасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігі, БҰҰ Экономикалық және әлеу­­меттік мәселелер департаменті, ең нашар дамыған елдер, теңізге шығу мүм­кіндігі жоқ дамушы елдер және шағын аралдық дамушы елдер бойынша БҰҰ Бас хатшысының орынбасарының офисі қатысты. Кездесудің табысты өтуіне «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы, Назарбаев Университет және G-Global халық­аралық хатшылығы өз үлесін қосты. Іс-шараға қатысушылар – БҰҰ жа­нындағы Тұрақты өкілдіктердің елшілері мен сарапшылары, үкіметтік емес ұйымдардың, ғылыми және іскер­лік топтардың өкілдері 2030 жылға қа­рай энергияға жалпыға бірдей қол­жетімділікті қамтамасыз ету үшін БҰҰ-ның, ұлттық үкіметтердің, бизнестің, азаматтық қоғам мен басқа да мүдделі тараптардың күш-жігерін үйлестіру бойынша пікір алмасты. Іс-шара барысында БҰҰ Бас хат­шысының орынбасары Гьян Чандра Ачария, БҰҰ Бас хатшысының Эко­номикалық даму бойынша көмекшісі Ленни Монтиель, БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі – барша үшін тұрақты энергетика бастамасының жетекшісі Рей­чел Кайт, Назарбаев Университеттің инновациялар бойынша вице-президенті Қанат Байғарин, G-Global басшысының орынбасары Мұрат Қарымсақов, үкі­мет­тік емес ұйым­дардың, академиялық және іскерлік топтардың өкілдері сөз сөйледі. ЭКСПО-2017 өкілі Руслан Жемков көрмеге дайындық барысы және салынған объектілерді көрмеден кейінгі пайдалану туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп, оның тұсаукесерін жасады. Қатысушылар энергия тиімділігін арттыру, баламалы энер­гия көздерін дамыту және қазіргі заманғы энергия көздерінің жалпыға бірдей қолжетімділігін қамтамасыз ету саласындағы ұлттық саясатпен таныс­тырылды. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанада БҰҰ қамқорлығымен «жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту бойынша халықаралық орталық құру бастамасына қатысты ақпарат берілді. Соңынан өткен талқылау барысында іс-шараға қатысушылар «Бола­шақтың энергиясы» тақырыбында ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көр­месін өткізу Қазақстанның энергетика саласындағы жаһандық мақсаттарға жетуге қосатын нақты үлесі болып табылатынын атап өтті.