Семейде бұрынғы ерлі-зайыптылар ажырасқаннан кейін төрт баласының кімнің тәрбиесінде болатыны жөнінде бір-бірімен келісе алмай, сотқа жүгінген еді. Енді олар бір шешімге келіп отыр. Шығыс Қазақстан облысының №2 кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының хабарлауынша, қыздар – шешесімен, ұлдар әкесімен қалатын болды. Жасөспірімдер соты сот отырысына дайындық барысында тараптардың медиация жолымен өзара келісімге келгенін хабарлады.
Нәтижесінде, бұрынғы ерлі-зайыпты жандар қыздарды – анасына, ұлдарды әкесіне қалдыру жөнінде шешім қабылдауға келіскен. Осыған байланысты, ата-аналар балалардың бір-бірімен араласуына шектеу қоймауға келісіп, алимент төлемдерінен де босатылды.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»
СЕМЕЙ