• RUB:
    5.08
  • USD:
    482.86
  • EUR:
    533.17
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2016

Қыста жазуын, жазда қазуын тоқтатпаған

492 рет
көрсетілді

Тарих ғылымдарының докторы, профессор, белгілі археолог Сәйден Жолдасбайұлы жайында Қай кезеңде болсын, қоғамдық өмірдің, оның ішінде қоғамдық сананың құрамдас бір бөлігі және жетекші әрі қозғаушы күші болып саналатын тарих ғылымы қашан­да өз ішіндегі әртүрлі пікірлер мен ойлардың өзара күресімен, бәсекесімен қызықты, сонысымен күрделі. Тарих ғылымының қоғамда алатын ерекше маңызын ертерек түсінген дүниенің төрт бұрышындағы алпауыт елдердің билеушілері оған аса көп көңіл бөліп, біріншіден, тарихшыларға өз биліктерінің «киелілігін» тарихи тұрғыда дәлелдетуге, екін­шіден, өз халқының тарихын басқалардан жоғары қойдырып, өздеріне бағынышты болған елдер мен халықтардың тарихын төмендетіп көрсетуге тапсырмалар беріп отырған. Біз мұны еліміздің соңғы 2-3 ғасырлық тарихы мен тарихнамасынан анық байқаймыз. Соның салдарынан еліміздің тәуелсіздік алғанына ширек ғасыр уақыт болса да, отандық тарихнамамызда «қазақтар тек көшпелі болған», «қазақтарда мемлекет болмаған», «қазақтар тек бертін кезде пайда болған», «қазақтарда қалалар болмаған» және тағы басқа осындай сарындағы тұжырымдар айтылып қалып жүр. Бұл дегеніміз  отарлық кезеңдегі үстем болған «ғылыми» тұжырымдардың сана­мызға тереңдеп енгендігінің көрінісі болса керек. Мұндай тұжырымдарға қазақ жұртының жекелеген ғалым­дары әрқашан да қарсы шығып, өз пікірлерін ғылыми тұрғыда дәлелдеп отырды. Сондай ға­лым­­дардың бірі Сәйден Жол­дасбайұлы болатын. Ол 1975 жылы қорғаған «XVI-XVIII ғасырлардағы қазақтардың қыстау­лары мен тұрақтары» атты кан­дидаттық диссертациясында «жалған» тұжырымдарды ұзақ жылдарғы археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған деректерге сүйеніп сынға алады. С.Жолдасбаевтың ғылыми жаңалықтары туралы оның диссертациялық жұмысына бірінші оппонент болған академик Әлкей Марғұлан қорғау барысында былай деп сөйлеген екен: «...Бүгінгі күнге дейін тарихшылар қазақ халқын тек қана көшпелі болған деп келсе, диссертант бұл пікірді жоққа шығарып, қазақтардың сонымен бірге, егіншілікпен айналысқанын, отырықшы өмір сүргенін және тұрақты мекендерде тұрғанын дәлелдеп отыр». Атақты академиктің айтқан сөзіне қарап, С.Жолдас­бай­ұлы­ның сол жылдары ашқан жа­ңалықтарын бір жағынан, көзсіз ерлік деуге де, екінші жа­ғынан, ғылымға деген адалдық деу­ге де болады. Себебі, «қазақтар тек қана көшпелі болған» деген үс­тем пікірлерге сол жылдары қарсы шығу – нағыз ерлікке тең іс болатын. С.Жолдасбайұлына өзінің тың тұжырымдарын қор­ғаудың қаншама қиын, күрделі болғанын қорғағандар ғана түсіне алады. Қорғау барысын­да қаншама қарсы пікірлер ай­тылса да, ізденуші өзінің Оң­түстік Қазақстанда, Орталық Қазақстанда жүргізген қазба жұмыстарының материалдарымен дәлелдер келтіре отырып, өз тұжырымдарын қорғап шығады. Өткен ғасырдың 70-жылда­рының ортасында тарих ғылы­мындағы қатып қалған мәңгі мұз­дықтай тұжырымдарға соққы берген С.Жолдасбайұлы бүгінгі күндері ғылымның биік шыңдарын бағындырып, тарихшыларымыз бен археологтарымыздың ақсақалдарының біріне айналып отыр. Тарих ғылымдарының док­торы, профессор, бірнеше қо­­ғамдық академияның мүшесі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қа­зақ-Түрік университеті жанын­дағы Археология ғылыми-зерттеу институтының директоры Сәйден Жолдасбайұлы Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Үлкен диқан ауылында дүниеге келді. Ол елге қадірлі отбасы Іліпбаев Жолдасбай мен Іліпбаева Күпаштың тұңғышы. Кіші диқан ауылындағы он жылдық мектепті бітіріп, әскери борышын өтеп келген соң, 1958 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетіне оқуға түседі. Ол оқыған 1958-1963 жылдары қазақ тарихына қатысты оқу­лықтарды айтпағанда, арнайы зерттеулердің өзі мардымсыз болатын. Сол мардымсыз әде­биет­терде қазақтардың «тек көш­пелі» мал шаруашылығымен айна­лысқандығы ғана айтылатын. С.Жолдасбайұлының археолог болуына оның тарих фа­культетіндегі көп ұстаз­дары­ның бірі – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби археолог, архео­логия мамандығы бойынша алғашқы тарих ғылымдарының кандидаты Әбдіманап Оразбаев көп ықпал жасайды. Студент С.Жолдасбайұлы ұстазының археология ғылымы, Қазақстан археологиясы және оның болашағы жөніндегі дәрістерін тыңдап, жаз шыға ұстазымен бірге архео­логиялық экспедицияларға қа­тысады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мынадай бір жақсы дәстүр бар. Ол – университетте жұмыс істеп жүрген профессорлардың бәрі дерлік, біріншіден, уни­вер­ситеттің түлектері болса, екіншіден, олардың бәрі сту­денттік жылдары ғылыми үйір­мелердің белсенді мүшелері болған. С.Жолдасбайұлы да ұс­тазының жетекшілігімен студенттік үйірмелерде археология тақырыптары бойынша ғылыми баяндамалар жасайды. Оның ғылыми баяндамасы үздік деп танылып, студенттердің одақтық деңгейдегі ғылыми форумына ұсынылады. 1962 жылы Ленинград қаласында өткен VIII Бүкілодақтық студенттер конференциясына қатысып, өзінің алғашқы зерттеуінің нәтижелерін баяндайды. 1969-1975 жылдары С.Жол­дасбайұлы нағыз архео­логиялық мектепте шыңдалады. К.Ақышев басқаратын Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспе­дициясының құрамындағы па­леоэтнографиялық топқа же­тек­шілік етеді. Түркістан, Созақ өңірлерінде көптеген орта­ға­сырлық тұрақтар мен қала-бе­кіністерді қазып, архео­ло­гиялық зерттеулер жасайды. Осы қазба жұмыстарының барысында ол алғаш рет қазақтардың бау-бақшалықпен, егіншілікпен айналысқанын дәлелдейтін нақты материалдар табады. Бұл заттай материалдар С.Жолдасбайұлына «қазақтар тек көшпелі болған» деген тұжырымның жалған еке­нін дәлелдеуге негіз болады. С.Жолдасбайұлы қол жет­кізген жетістігімен шектелмей, енді бүкіл Жетісу өңірінің ор­тағасырлық тарихын зерттеуге бел буады. Оның бұл ойларын ұстазы К.Ақышев қолдайды және оған ғылыми кеңесші болуға келісімін береді. Осылайша, ға­лымның ұзақ жылдарға созылған ғылыми ізденістері одан әрі жалғасады. Ғалымның әріптесі, академик К.Байпақовтың жазуынша, С.Жолдасбайұлы осы жылдары Жетісу өңірінде 250-ден аса қыстау-тұрақтар мен 400-дей қоныстарды зерттеген. Ғалымның Жетісу тарихына арналған монографиясы Отан тарихындағы күрделі бір­неше мәселені шешіп берді. Онда автордың ашқан жаңа­лықтары мен жасаған ғылыми тұжырымдарын былайша қыс­қаша ықшамдап беруге болады: а) қазақ халқының Жетісу тайпалары осы өңірде біздің заманымызға дейін жартылай отырықшы өмір сүрген; ә) XV-XVIII ғғ. Жетісудағы қазақтардың қыстауларындағы құрылыс жүйелері осы аймақтағы ежелгі үйсіндердің қыстауларындағы құрылыс жүйелерімен ұқсас екендігі анықталып, Жетісу өңірі – қазақ тайпаларының бірнеше мыңжылдар бойы атамекені болғандығы дәлелденеді, осы тұжырым қазақтар Жетісуға тек XIX ғасырдың екінші жартысында ғана қоныстана бастаған деген пікірлердің қате екендігін дәлелдейді; б) Жетісудағы қа­­зақ қыстауларының құры­лы­сы Орталық Қазақстан мен Шығыс Қазақстандағы қыс­таулар жүйесімен ұқсастығы анықталып, оған ортақ этникалық бай­ланыстың негіз болғандығы дә­лел­денеді; в) жартылай отырықшылық күні бүгінге дейін сақталған тарихи сөздер мен сөз тіркестері арқылы көрсетіледі; г) алғаш рет көшпелі, жартылай көшпелі, жартылай отырықшы мал шаруашылығы деген ұғым­дарға ғылыми анықтамалар мен түсіндірмелер беріледі; ғ) қыстаулардағы мекенжайларда қыс айларында «кәң» атты жылыту жүйесінің болғандығы және оны қазіргі күндегі – технология негізінде қайта қолданса, оның экономикалық тиімділігі өте жоғары болатындығы айқын­далады; д) археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған ою-өрнек, әшекей бұйымдары, әсіресе, қошқар мүйізді өрнек­тер, Қазақстанның өзге де ай­мақтарынан табылған осындай сипаттағы ескерткіштермен салыстырылып, олардың өзара ұқсастығы дәлелденеді. Профессор өзінің ғылыми ізденістерін педагогикалық қызметпен қатар жүргізген ұстаз-ғалым. Ол әр жылдары қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың тарих факультетінде ұ­стаздық қызметте болды. 2002 жылдан күні бүгінге дейін профессор С.Жолдасбайұлы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-Түрік университетінде «Археология және этнология» кафедрасының меңгерушісі, одан кейін университет жанын­дағы Археология ғылыми-зерт­теу институтының дирек­торы қызметін атқарып келе­ді. Ол аспирант кезінде Түр­кіс­тан өңіріндегі қалалар мен қоныстарды, тұрақтарды жетек­шілерінің басшылығымен зерттеуді бастаған болатын. Ара­да елу жылдай уақыт өте келе оның басшылығымен шәкірттері бұл істі одан әрі жалғастыруда. Әсіресе, оның зерттеу бағытында Сығанақ қаласының алатын орны ерекше. Қаланы қазу үшін қаншама күш-жігер жұмсалғаны ағайымыздың өзіне ғана аян. Бірнеше жылдық археологиялық зерттеу қорытындысы ретінде 2010 жылы оның «Ортағасырлық Сығанақ қаласы (Х-ХVIII ғғ.)» атты еңбегі төрт тілде жарық көр­ді. Зерттеу жұмыстары әлі күн­ге дейін жалғасуда. С.Жолдасбайұлының көп қырлы жұмыстарының біріне – орта мектептер мен жоғары оқу орындарына арнап Қазақстан тарихынан оқулықтар жазуы жатады. Еліміз тәуелсіздік алған­нан кейінгі алғашқы жылдары қазақ тілінде, жоғары оқу орындарының студенттеріне Қазақстан тарихының оқулық­тары болмағаны баршаға мәлім. Осындай қажеттілікті сезінген С.Жолдасбайұлы 1995 жылы «Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақ­стан» атты оқулық шыға­рып, студенттер қауымының сұраныстарын абыроймен өтеуге тырысты. Бұл оқулық студенттер арасында үлкен сұраныстарға ие болғандықтан, ағамыз 2010 жылы бұл оқулығын қайта толықтырып, көлемін бірнеше есе көбейтіп, өте жақсы дизайнмен «Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақ елінің тарихы» деген атаумен «Кітап» баспасынан шығарды. Қазіргі күнде ғалымның бұл оқулығы студенттердің қолы­нан түспейтін кітаптардың біріне айналғанын күнде көріп жүр­міз. Ол Білім және ғылым министрлігінің тапсыруымен 2003 жылы орта мектептің 7-сыныбына арналған «Қазақстан тарихы» оқулығы мен хрестоматиясын, әдіскер-ұстаздармен бірге оқыту әдістемесін, сондай-ақ, арнайы бағыттағы жалпы білім беретін мектептің 10-сы­ныптарының оқушыларына арнап оқулық пен хрестоматияны баспадан шығарды. Профессор С.Жолдасбайұлының бұл оқу­лықтары орыс және ұйғыр тіл­деріне аударылған. Бүгінгі күнге дейін ол мектеп оқушылары мен ЖОО-ның студенттеріне арналған Қазақстан тарихы бойын­ша жалпы саны 34 оқулық, оқу құралын, оқу-әдістемелек құралдарын және хрестоматияларды жарыққа шығарыпты. Өз мамандығын сүйетін және оған беріле қызмет ететін адамдар уақытпен санаспайды. Профессор С.Жолдасбайұлы да атқан таң мен батқан күнмен есептеспей, қыста жазуын, жазда қазуын тоқтатқан емес. Берекет КӘРІБАЕВ, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы АЛМАТЫ
Соңғы жаңалықтар