Соңғы жылдары Ақтөбе қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Осыдан бір ай шамасында 234 жас отбасы қолжетімді пәтерге ие болып, қоныс тойын тойлаған болатын. Жақында тағы да 270 ақтөбелік отбасы тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесі бойынша жаңа пәтерге қоныстанды. Осы салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев су жаңа пәтерге ие болғандарға ізгі тілегін білдіріп, пәтер кілттерін тапсырды.
«Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабындағы бой көтерген жаңа үй «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы бойынша салынған. №20 үйдің ауласында өткен салтанатты шараға «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма басшысы Айбатыр Жұмағұлов та қатысты.
Өңір басшысы «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Халықтың барлық санатына арналған тұрғын үй» бағыты бойынша облыста 14 тұрғын үй пайдалануға берілгенін, соның нәтижесінде 2832 адам жаңа пәтерге ие болғанын жеткізді. «Жас отбасыларға арналған тұрғын үй» бағдарламасы бойынша 432 пәтерлі 2 үй пайдалануға берілгенін де атап өтті.
Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің бағасы нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен. Тоғыз қабатты жаңа үйдегі пәтерлердің әр шаршы метрі 100 мың теңге тұрады.
– Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері мемлекеттің әлеуметтік саясаты халықты жан-жақты қамту және тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналды. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы, сондай-ақ, «Нұрлы Жол» бағдарламасы арқылы тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту ел азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз етудің негізгі өзегіне айналды. Биыл өңірде 580 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріледі. Соның нәтижесінде 5 мың отбасы жаңа пәтерге ие болады, — деді Бердібек Мәшбекұлы.
Қоныстой иелері атынан сөз алған Сәуле Сарина мемлекеттік бағдарламаның арқасында үш бөлмелі пәтерге қол жеткізгенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатымен сабақтастыра келіп, сол үшін Мемлекет басшысына, осындай бағдарламаны аймақта жүйелі жүзеге асырып отырған облыс басшылығына ризашылығын білдірді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы