Астанадағы Ұлттық музейде «Жайық-Орал» халықаралық тарихи-мәдени экологиялық экспедициясының мерейтойлық шарасы өтті.
Мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылған бұл шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы қолдау білдірді. Оған ҚХА мүшелері, «Жайық-Орал» экспедициясының ардагерлері мен қатысушылары, ғылыми және шығармашыл зиялы қауымның өкілдері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Басқосуда жиырма жылдық тарихы бар экспедицияның қызметі, жүріп өткен жолы тұрғысында кең көлемде айтылды. Ресейлік әріптестермен тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқан экспедиция 2001 жылдан бастап халықаралық мәртебеге ие болыпты. Көп жылдар бойы экспедиция құрамында Парламент Мәжілісінің депутаттары, саяси партиялардың, атқарушы биліктің өкілдері, мамандар, эколог ғалымдар, өлкетанушылар, археологтар, тарихшылар, журналистер, студенттер мен оқушылар жұмыс істейді екен.
Шараның ашылуында сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов Қазақстандағы ынтымақ пен ел бірлігінің маңыздылығына тоқталып, әрі қарай да осы бағытта жұмыстарды жалғастыра беру керектігін айтты.
– Биылғы жыл – мемлекетіміз үшін ерекше жыл. Себебі, ел Тәуелсіздігіне 25 жыл толып отыр. Біз үшін Тәуелсіздіктен қымбат құндылық жоқ. Демек, оның қадіріне де жете білуіміз керек. Бүгінгі іс-шарамыздың басты мақсаты – қазіргі бірлігімізді одан әрі нығайту. Бірлік, достық, келісім болған жерде өркендеу де, даму да болады, – деді Е.Тоғжанов.
Шара кезінде экспедицияның еліміз үшін маңызды Жайық өзені байссейнінің экожүйесін, бай тарихи-мәдени құндылықтарды сақтап қалу проблемаларын, спортты, денешынықтыруды, саламатты өмір салтын, патриоттық тәрбие беруді, ұрпақтар сабақтастығын, трансшекаралық ынтымақтастықты дамытуды насихаттауды өз миссиясы ретінде қарастыратыны атап өтілді.
Осы жылдар ішінде экспедицияға қатысушылар тек Жайық өзені ғана емес, сондай-ақ, Орал бассейніндегі Сақмар, Елек өзендері бойынша бірнеше мыңдаған шақырым жүзіп өтіпті. Соның нәтижесінде ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізген көрінеді. Сондай-ақ, экспедиция тарапынан кітаптар шығарылып, телевизиялық фильмдер түсірілген және тағы басқа да жұмыстар жүзеге асырылған.
Айта кетейік, жиын барысында экспедицияның 20 жылдық тарихын қамтитын «Жайық – достық өзені» атты фотосурет көрмесі ұсынылды.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»