Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған дөңгелек үстел өтті.
Жиынды Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті ұйымдастырды. Дөңгелек үстелге Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуаныш Асылов, Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Ғалым Доғалов, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлы, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Нұр Отан» партиясы «Бірлік» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлия Қайшарова, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және басқа да арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Отырысты ашқан Қуаныш Асылов бірінші кезекте қатысушыларды 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.
«Біз еліміз үшін өте маңызды Рәміздер күні мерекесін осымен 9-шы рет атап өткелі отырмыз. Мемлекеттік рәміздер патриоттық сезімнің негізін қалайтын атрибуттар. Рәміздерімізді құрметтеп, оны ел ішіне насихаттаудың маңызы зор. Халқымыз мемлекеттік рәміздеріміздің мерекесін атап өту қарсаңында тұр. Рәміздер күні еліміз бойынша бір мезетте Әнұранымыз шырқалады. Сондай-ақ, патриоттық тәрбие беру бағытындағы түрлі іс-шаралар өткізіледі әрі осынау мереке барысында лайықты азаматтарды марапаттау болады. Оларға медальдар, Алғыс хаттар, мақтау қағаздары тапсырылады», – деді Қ.Асылов.
Одан әрі ол «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары аясында патриоттық тәрбие беру ісі және мемлекеттік рәміздерімізді дәріптеу жаңаша сипатта қарқын алып отырғанын сөз ете келіп, аумақтық рәміздер мен мемлекеттік рәміздер саласында заңнамалардың жетілдірілгені және оны қолдану тәжірибесі туралы айтып өтті.
Әлия Қайшарова өз кезегінде мемлекеттік рәміздер елдігіміздің белгісі екенін сөз ете келіп, Қазақстанның Туы әлемнің көптеген елдерінде желбіреп, Әнұранымыз жаһандық ауқымды шараларда шырқалып жүргені әрбір отандасымыздың мақтаныш сезімін оятатынын жеткізді. Оның айтуынша, ұрпақ тәрбиесінде рәміздеріміздің орны ерекше.
Ал шараға құрметті қонақ ретінде шақырылған Мемлекеттік елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков Елтаңбаның жасалу тарихы туралы әңгімелей келіп, оған алдағы уақытта енгізілуі ықтимал өзгерістер, стандарттау қағидаларының жаңашылдықтары туралы айтып берді. Оның айтуынша, алдағы уақытта Елтаңба алтын түстес болуы мүмкін. Сондай-ақ, Елтаңбадағы 40-тан астам белгілерге нақты атауларын көрсету көзделуде.
Бұдан кейін сөз алған Ғалым Доғалов өз кезегінде мемлекеттік рәміздердің маңыздылығын, оның ел өміріндегі айрықша орнын сөз ете келіп, оны стандарттау тұрғысындағы мәселелерге назар аударды.
Жиын барысында қатысушылар өзара пікір алысып, өздерінің ойларында жүрген сұрақтарын қойды. Өз кезектерінде аталған комитет өкілдері қойылған сауалдарға нақты жауап берді.
Айта кетейік, мемлекеттік рәміздеріміз еліміздің жаңа тарихымен тығыз байланысты. Рәміздер күнінің негізгі идеясы қазақстандық патриотизм мен ұлт бірлігін, халқымыздың бірлігі мен жетістіктерін нығайта түсу болып табылады.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»