АСТАНА. 5 маусым. Бүгін волейболдан Қазақстанның әйелдер құрамасы Әлем Гран-приі жарысының Алжирде өткен бірінші іріктеу раундын Мексика командасын жеңумен аяқтады. Бұл туралы республика волейбол федерациясы баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген egemen.kz тілшісі хабарлады.
Федерация хабарлағандай, Қазақстан волейболшы қыздары қарсыластары қарсылығын төрт партияда қайтара білген. Олар алғашқы екі сетте бәсекелестерін 25:16, 25:20 етіп еркін ұтып шыққан. Бірақ үшінші партияда мексикалықтар Вячеслав Шапран шәкірттерін соңғы сәтке дейін уыстарында ұстап тұрған. Олар ақырғы мезетте жеңісті тартып әкеткен – 25:21. Осыдан кейін төртінші партия да аса тартысты өткен. Дегенмен, бар шеберліктерін салған қазақстандықтар ең соңында мерейлерін үстем ете білген. Есеп – 25:23!
Кездесуде Қазақстан құрамасы сапынан Радмила Береснева (16 ұпай), Людмила Исаева және Кристина Аниконова (13 ұпайдан) ұпайды көбірек жинап, команданың жеңісіне үлкен үлес қосты.
Осылайша бірінші іріктеу раунды ойындарын үшінші топта өткізген Қазақстан волейболшы қыздары Алжир және Мексика құрамаларынан басым түсіп, 6 ұпай жинады. Олар тек Перумен өткен бірінші ойында ғана қарсыластарына есе жіберіп алды.
Біздің қыздар бұдан әрі Әлем Гран-приі жарысының екінші іріктеу раунды ойындарына қатысу үшін Колумбияға аттанады. Ойындар 11-13 маусым күндері ойналады.
Талғат Райымбек.
Дерек, фото: Қазақстан волейбол федерациясының баспасөз қызметі.