• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
02 Ақпан, 2011

Азиада аламаны

371 рет
көрсетілді

Астана мен Алматыда VII Қысқы Азия ойындарының жарыстары өтіп жатыр

ОТАНДАСТАР ОЛЖАСЫ

Астанада алауы тұтанған  Ақ  Азиаданың жарыстары қос қала­мызда дүрілдеп өтіп жатыр. Кеше кешкісін елорда жұртшылығы мен қала қонақтары  «Қазақстан» спорт сарайында шайбалы хоккейден ерлер арасындағы  Қазақ­стан мен  Қы­тай құрама команда­лары ара­сын­­дағы кездесуді тама­ша­лады. Отан­дас­тарымыз    қар­сы­­лас­тарын 14:1 есебімен ой­сыра­та ұтып, жан­күйер­лерге тамаша жеңіс сыйлады. Қысқы  Азиаданың аясындағы бұл хоккей матчына  Елбасы  Нұрсұл­тан  Назарбаев келді. Патриотизмді күшейтіп, адам­ды рухтандыратын нәрсе ірі спорттық жарыстарда олжа салу екені белгілі. Ал сондай дүбірлі дода өз жеріңде өтіп жатса ше.  Онда оның салмағы тіптен арта түспек. Елімізде байрағы көтеріл­ген Қыс­қы  Азия ойындарындағы әрбір жеңіс елге, жерге деген отаншыл­дық рухын тіптен көтере түсеріне күмән жоқ. Соның ішінде қысқы ойындардың патшасы саналатын шайбалы хоккейдің орны тіптен ерекше. Спорт жана­шырлары ара­сын­да әлдеқашан мо­йындалған бұл ойынның жан­күйерлері көп болатыны сондық­тан заңдылық та. Мұның дәлелін алыстан ізде­мей-ақ, жоғарыда аталған кездесуге келген иін тірескен жұртшы­лықты айтсақ та жетіп жатыр. Енді ойын барысына келейік. Кездесудің алғашқы кезеңінен ұлт­тық құрама қарқынды ша­буыл­дарымен жанкүйерлерін желпіндірумен болды. Ойынның алғашқы үшінші минөтінде-ақ  Вадим  Кра­с­­но­слободцев алғашқы шайбаны қонақтар қақпасына дәл бағыттаса, оның командаласы  Роман  Старченко  көп  ұзамай екінші шайба­ның авторы атанды. Бұл жеңісті жол алғашқы айналымда есепті 4:0-ге жеткізумен аяқталды. Евгений  Рымарев пен Алексей  Ва­силь­ченконың    соққан  қос шайба­сы осы кезеңді қорытындылады. Екінші айналымда қонақтар ширақ қимылдауға барын сала кірісіп кетті. Олардың осылай ойын өр­негін көрсетуі жерлестерімізге осы кезеңнің 10 минөті өткенше шайба салуға мүмкіндік бермеді. Қақпа алдында қарбалас шабуыл­дар орын алды осы тұста. Қызығы мен қиын­дығы қатар жүріп, жан­күйерлерді бірде желпіндірсе, енді бірде жүре­гін сыздататып әттеген-ай дегізетін хоккей спорты коман­далық ойын бол­ғандықтан, ешкім­нің де нашар ой­науға қақысы жоқ. Өйт­кені, бірдің жіберген қателігі бәрі­не тиіп кетуі әбден мүмкін. Ал жеңіс болса, бәрі­мізге ортақ. Сондықтан да команда­ның дүбір­лі сында барын салып, қателік­терге бой алдырып алмауы қа­зіргі таңда басты назарда тұр­ғаны айтпаса да түсінікті. Отандас­тары­мыздың өз­дері­нің алға қой­ған тек қана жеңіс деген жігерлі мақсат­тары­ның арқа­с­ында осы кезеңнің аяқ­талуын алты минөт қалғанда  Роман  Стар­ченконың өзінің командалас ат­тасы  Роман  Савченкодан ал­ған пасын қытай­лықтар қақпа­сына бір-ақ салды.  Іле бұл жеңісті жолды  Евгений  Фадеев әдемі жалғастыр­ды. Есеп – 6:0.  Осы айналым бітуге таяған тұста  Алексей  Литвиненко есепті тағы бір еселеп, көрер­мендер ықыласына бөленді. Сөй­тіп, бұл ке­зең де қазақстандық хоккейшілер пай­дасына 7:0 деген есеппен тіркелді. Үшінші кезеңнің басы алма-кезек шабуылдармен үдей түсті. Спорт сарайының ішіндегі жан­күйер жұрттың  «Шайба!, Шайба!, Қазақстан алға!» деген дауыс­тары­нан құлақ тұнып қалды.  Бұл әдемі ойын өрнегін көрсетіп жат­қан отан­дастарымыз тұрмақ, жиылған жұрт­тың барлығын да рухтан­дыру­мен болды. Қолдары­на  Қазақстан жа­лауын ұстаған жас­тар жағының жалынды ұран­дары жерлестеріміз жігерін жани түскендей. Шешуші уақыттың тартысты да, қызықты өтетіні белгілі ғой. Мұндағы екі жақтың да жанта­ласын әбден түсінуге болатын сияқты. Біздің құрама тағы да екі шайбаны қарсылас командаға дәл бағыттап, есепті 9:0-ге жеткізді. Ашуға булыққан қарсыластары­мыз қарқынды шабуыл жасады. Осы тұста Қытай құрамасының ойыншысы Уанк біздің қақпашы­ның осал тұсын тауып, есепті 9:1-ге жеткізді. Осыдан кейін олар көбіне қорғанысқа қарай ығыса бастады. Сасқаны ма, әлде шын қуанғаны ма, команда мүше­лері­нің жүздеріне күлкі үйіріліп, ө­з­деріне деген ризалық сезімдерін көрсеткендей болды. Тағы да қар­балас сәт. Кім оңай жеңілгісі келеді дейсің. Оның үстіне миллиардтан астам жан­күйер елінде тақы­мын қысып отыр­ғанын ескерсек, олардың да жанталасып жатқан­дықтарын түсі­ну­ге болатын секілді. Соңғы айналымдағы бұл тар­тысты шабуылдарда Талғат Жай­лау­ов қарсыластар қақпасына онын­шы шайбаны дәл бағыттаса, он екінші және он үшінші шай­балар­ды Старченко мен Гаврилин қы­тай­лықтар қақпасына оңай ба­ғыт­тап үлгерді. Ойын аяқта­ларға бір минөт қалғандағы Фадеевтің ерлігін жан­күйерлер сүйсіне бағалады.  Сөйтіп, 14:1 есебімен Қазақстан құрамасы бұл кездесуді сәтті аяқ­тап, жерлестеріне жеңіс сыйлады. Бүгін бұйыртса, еліміз құра­масы Тайпей  құрама командасы­мен  шеберлік байқасады. Бұл сын­да да отандастарымыз намыс­ты қол­дан бермейді деген сенімдеміз. Осы күні Жапония мен Қы­тайлық Тайпей командасын 18:0, Қырғызстан Малайзияны 23:2 есебімен жеңсе, Тайланд пен Кувейт арасындағы кездесу 5:3 есебімен аяқталды. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.