«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары мен Маңғыстау облысының әкімі Ақтау қаласында партия белсенділерімен, имамдармен және зиялы қауым өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.
Бүгін барша Қазақстан жұртшылығы Елбасының Ақтөбедегі жантүршігерлік лаңкестіктің құрбандарын еске алуға арналған ұлттық аза тұтуды жариялаған кешегі мәлімдемесін талқылауда. Бұл тақырып Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Алик Айдарбаевтың Ақтау қаласындағы кездесулерінің де негізгі өзегі болды.
Кездесуде лаңкестердің елді дүрбелеңге салып, қоғамда үрей туғызуды көздегені, алайда, олардың бұл әрекеттерінен түк шықпағаны айтылды. Қайта қанды оқиға біртұтас Қазақстан халқын одан әрі ұйыстырып, жұдырықтай жұмылдыра түсті. Барша Қазақстан халқы адамгершіліктен ада қандықол қылмыскерлердің қолынан қаза тапқандардың туған-туыстары және жақын-жуықтарымен бірге аза тұтуда.
Мұхтар Құл-Мұхаммед маңғыстаулықтарға Мемлекет басшысының лаңкестерді заңның барлық қатаң талаптары бойынша жазалауды, ал теракт құрбандарының отбасыларына қажетті көмек пен қолдау көрсетуді тапсырғанын жеткізді.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістігі мен табыстарының берік іргетасы бейбітшілік, бірлік және тұрақтылық екеніне назар аударды. Бұл қасиетті құндылықтар еліміздегі барлық азаматтар табан тірейтін негіз болуы керек.
Мұхтар Құл-Мұхаммед партияластарын, имамдарды, сондай-ақ, Маңғыстау облысының ғылыми және шығармашыл зиялы қауым өкілдерін Елбасының мәлімдемесін өңірдің әр тұрғынына түсіндіру үшін бірігіп жұмыс істеуге шақырды. Бұл жұмыстардың жергілікті жастарға ерекше көңіл бөле отырып жүзеге асырылуы тиіс екені де сөз болды.
Кездесу барысында корейлер қауымдастығының төрайымы Раиса Маденова: «Біз тек бірге ғана кез келген қиындықты еңсере аламыз. Себебі, біз бір халықпыз және біздің тағдырымыз да бір. Біз Мемлекет басшысының сөзін әр отбасына жеткіземіз. Біз ешкімге тәуелсіздігімізді, бірлігімізді және жеңістерімізді тағдыр тәлкегіне салуға жол бермейміз», – деді.
Өз кезегінде, «Болашақ» президенттік бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның жетекші ЖОО-сында білім алған жас мұнайшы Марат Сибасов тәуелсіз, бейбіт және тұрақты дамып келе жатқан елде туып-өскен қазақстандықтардың жас буыны Отанымыздың тыныштығын бағалап, оны сақтауда өзгелерден көбірек күш жұмсауы керектігін айтты.
Жерлестерінің бұл сөздеріне Маңғыстау облысының басқа да тұрғындары қолдау білдірді. Сондай-ақ, Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг университетінің ректоры Әділбек Ботабеков пен облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағын Қрымқұлов та аталған тақырыпта сөз сөйледі.
«Егемен-ақпарат»