Қызылорда облысында мемлекеттік мекеме қызметкерлері ұйымдастырған бюджет қаражатын көп жыл бойы жымқыру схемасы әшкереленді. Іс Бас прокуратураның бақылауына алынып, сот шешіміне өзгеріс енгізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сот анықтағандай, ауылдық клубтың бухгалтері мен мекеме директоры қызметтік өкілеттігін пайдаланып, шамамен 10 жыл бойы қаржы жымқырып келген. Қылмыстық схема қызметкерлерге жалақыны артық аударып, кейін түрлі сылтаумен сол қаражатты кері қайтарып алу арқылы жүзеге асқан. Бұл ретте, көптеген қызметкер басшылықтың заңсыз әрекетінен бейхабар болған.
Жалпы келтірілген шығын көлемі 36 млн теңгені құраған. Осы қылмыс үшін сот бастапқыда оларға 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Астанада жедел жәрдем станциясының қызметкерлері жылдар бойы қаржы жымқырған
Алайда бухгалтерге қатысты «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң қолданылып, жаза 1/3-ке қысқартылып, 4 жыл 8 айға төмендетілген.
Кейін сот актілерінің заңдылығын тексеру барысында рақымшылық нормасының дұрыс қолданылмағаны анықталды. Аталған санаттағы істерге заңның арнайы нормасы қолданылуы тиіс болған.
Осыған байланысты Бас прокуратура наразылық білдіріп, Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот апелляциялық қаулыны өзгертті. Нәтижесінде, бухгалтердің жазасы 5 жыл 7 айға дейін ұзартылды.
Қадағалаушы орган өкілдері бюджет қаражатын жымқыру деректеріне қатысты жауапкершілік қатаңдатылатынын атап өтті.
600 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру: Өңір медицинасындағы былықтың беті ашылды