Киокушинкай-кан каратэ бойынша Қытайда өткен халықаралық турнирде Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсеткен теміртаулық Никита Гарас қарсылас шақ келтірмей, Азияның абсолютті чемпионы атанып қайтты.
Никита каратэмен 11 жылдан бері шұғылданып келеді. Бұған дейін тек жастар арасындағы жарыстарда бақ сынап келген спортшының бұл ересектер арасындағы турнирге алғаш қатысуы. Қытайдағы Азия чемпионатында ол төрт жекпе-жек өткізіп, екі қарсыласын техникалық нокаутқа түсіріп, тағы да екеуін ұпай саны бойынша жеңді.
Жалпы, биылғы біріншілікте Қазақстан намысын қорғаған төрт спортшының төртеуі де жүлделі орындарға ие болды. Ересектер сапында алғаш өнер көрсеткен 18 жастағы Никита Гарастан ешкім де мұндай жетістікті күтпеген екен.
«Никита – бірегей спортшы. Бала кезінен әр жаттығуға, әр жекпе-жекке үлкен жауапкершілікпен қарады. Осы жолы жүлделі орыннан көрінер деп үміттенсек те, одан осынша табандылық танытады деп ойламаған едік. Жарады азамат!» – деді жаттықтырушысы Игорь Лим.
Қайрат Әбілдинов.
Дерек: egemen.kz.
Фото: bnews.kz.