Ұлттық ұланның №6655 әскери бөлімінде келісімшарт негізінде қызмет атқарған кіші сержант Берікжан Қалиевтің Ақтөбеде лаңкестермен соңғы демі біткенше айқасқан ерлігі елге мәлім. Арыстай азаматтың артында аңырап төрт баласы мен аяулы жары Нұрсұлу Қалиева қалды. Сарбаздың сүйегі 8 маусым күні туған ауылы Жақсыбайда жерленді. Қаралы жиынға қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов Елбасының тапсырмасымен отбасына мемлекеттік қолдау көрсетілетінін айтқан еді. Кеше Мемлекет басшысының тапсырмасы бұлжытпай орындалғанына барша батысқазақстандықтар куә болды. Қалиевтер отбасына Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Зашаған кентінен жаңа пәтер кілтін табыстады.
– Ақтөбедегі қанды оқиғада үш әскери қызметкер қаза тапты. Солардың бірі – жерлесіміз Берікжан Қалиев. Соңында төрт баласы қалды. Елбасымыздың лаңкестік құрбандарының отбасыларының ешбірі қараусыз қалмасын деген тапсырмасы бойынша жан-жақты қолдау көрсетілуде. Зайыбы Нұрсұлу Қалиева мектепке жұмысқа орналасты. Балалары Зашаған кентіндегі мектепте сабақ оқитын болады, кішкентайы шағын орталыққа барады. Отбасына үш бөлмелі пәтер берілді. Оның алдында 5 миллион теңге қаржылай көмек көрсетілді. Алдағы уақытта да назарымыздан тыс қалдырмай, қамқорлық көрсететін боламыз, – деді облыс басшысы.
Нұрсұлу Қалиева Елбасы қамқорлығына ризашылығын білдірді. Ол өз жүрегінің түкпіріндегі ой-тілегін былайша жеткізді:
– Елде тек тыныштық пен береке-бірлік болсыншы. Алғысым шексіз. Күні кеше ғана өте шағын пәтерде тұрдық. Қазір бәрі де жеткілікті, – деген ол, сонымен қатар, жарының асыл қасиеттерін еске алды. Жұбайымның мінезі ақжарқын, өте салмақты болды. Ешкімнен қолынан келген көмегін аямайтын. Қызметіне жауапкершілікпен қарап, жан-тәнімен беріліп істейтін. Балаларына жақсы тәрбие берді.
Нұртай ТЕКЕБАЕВ,
журналист,
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы
Суретте: пәтер кілтін тапсыру кезінде