Жақында Қызылорда қаласында «Қазгермұнай» БК» ЖШС базасында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ компаниялар тобындағы жас мамандардың IV форумы болып өтті. Шараға қатысушылар денін «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес компаниялары – «Қазгермұнай» БК» ЖШС, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «ТұлпарМұнайСервис» ЖШС, «КРУЗ» ЖШС, «Жөндеу» ЖШС және ҚМГ БӨ-нің жұмыскерлері құрады.
Естеріңізге сала кетсек, жас мамандар кеңестері «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ орталық аппараты мен компанияның 12 еншілес ұйымында 2012 жылдан бастап жұмыс істейді. Кеңестің басты мақсаты – жастарды компания жұмысына, оның өндірістік және стратегиялық мәселелерді шешу істеріне белсене қатысуға ынталандыру, мамандардың кәсіби деңгейлерін арттыру үшін жағдай жасау, корпоративті құндылықтар түсінігін қалыптастыру, ғылым саласында көрсеткен шығармашылық мүмкіндіктерін ашып, дамыту болатын.
Осыған орай бұл жолғы форумда да инновациялық жобалар сайысы ұйымдастырылды. Сайысқа 35 жас маман өндірісті дамытуға, компания қызметінің экономикалық тиімділігін арттыруға бағытталған өз жобаларын ұсынды.
– Біз бұл сайысты компаниямыздағы ең белсенді және дарынды жұмысшыларды анықтау үшін өткіземіз. Жұмысшылардың ұсынған жаңа технологиялары мен жаңаша көзқарастарын пайдаланып, өндірістің кейбір үрдістерін оңтайландырып, жұмыс тиімділігін арттыруды мақсат етеміз. Өткен жылдарда сайыста жеңіске жеткендердің жобалары өндіріске енгізіліп, жұмысының оң нәтижесін беріп жатыр, – дейді «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ аппарат басшысы Бауыржан Асқаров.
Жобалар сайыстың алты секциясы бойынша ұсынылып бағаланды. Геология, геофизика және игеру секциясында «KMG-Manager. Мобильді басқару» атты жобасымен «Қазгермұнай» БК» ЖШС кен орындарын модельдеу қызметінің 1-ші дәрежелі инженері Нариман Әбжанов және «Мұнай қыртысына су жіберу жұмысын модельдеу» жобасымен «Ембімұнайгаз» АҚ «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы зерттеу жұмыстары цехының ұңғымаларын зерттеу жөніндегі операторы Самат Беков жеңімпаз атанды. Мұнай мен газ өндірудің техникасы мен технологиясы секциясы саласында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ геология және кен орындарын игеру департаментінің аға инженері Дамир Шырақбаев марапатталды. Ұсынылған жоба «Өзенмұнайгаз» АҚ кен орындарында штангалық терең сорғыларды пайдалану кезіндегі зиянды факторлардан қорғанудың оңтайлы тәсілдері. Газ факторларының әсері», деп аталады. Ұңғымаларды жерасты жөндеу, ұңғымаларды күрделі жөндеу және бұрғылау уақытында кезекті жөндеуден өткізудің технологиялары секциясы бойынша «Өзенмұнайгаз» АҚ жобаны басқару департаментінің аға инженері Ақжігіт Түйешиевтің «Роликтік қарнақты жерасты құрылғыларының қажалуына қарсы қолдану» жобасы үздік деп танылды. Мұнай өндірудің технологиялық үрдісі мен беткейлік қысымды тұрақтау жұмысындағы химияландыру, энергетика және автоматтандыру секциясы бөлігінде «Өзенмұнайгаз» АҚ автоматтандыру және телекоммуникация басқармасының бақылау-өлшеу құралдар және автоматика жөніндегі 6-шы дәрежелі слесарі Жарылғап Өтешевтің «ВГУ-200 су қыздыру қондырғысынан арнайы техникаларға су құюды қашықтықтан басқару және автоматтандыру» атты жобасы жеңімпаз атанды. Экономика және қаржы секция бағытында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бюджеттік жоспарлау және экономикалық талдау департаментінің аға экономисі Арман Батаев пен осы департаменттің жетекші экономисі Болатбек Ораловтың бірлесіп ұсынған «Ұңғымаларды жерасты жөндеудің басымдылығын арттыра отырып шығындарды оңтайландыру» жобасы сайыста жеңіп шықты.
Сайыстан өзге форумға қатысушылар «Қазгермұнай» БК» ЖШС игеріп жатқан Ақшабұлақ және Нұралы кен орындарына барып, Оңтүстік Торғай бассейніндегі өндірістің ерекшеліктерімен танысты. Сонымен қатар, форум аясында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры, Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Құрманғазы Есқазиевтың жас мамандармен кездесуі өтті.
– Біздің компания үшін инновациялық жобаларды енгізу ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Себебі, кеніштердің көпшілігі бүгінде өндірістің шарықтау кезеңінен өткен орындар. Мұнай және газ нарығында қалыптасқан қиын кезеңге қарамастан, аталмыш саланың және онда істейтін білікті мамандардың келешегі зор болатынына күмәнім жоқ. Болашақ көшбасшылар өз жолын осы форумнан бастайды, – деді компания басшысы.
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»