Әлия есімді қыздардың дені батыр текті болады-ау. Қазақ көркем гимнастикасы тарихында әлемде үздік бестікке кірген даңқты қызымыз туралы дүниежүзіндегі ең мықты бапкерлердің бірі саналатын Ирина Винер Бейжің Олимпиадасының алдында «Менде Олимпиада ойындарында топ жаруға лайық төрт гимнасшы бар. Соның бірі – Әлия Юсупова», деген болатын.
Әлия Юсупова үлкен спортпен қоштасқаннан кейін Ирина Винердің өзіне жұмысқа шақырғанын естігенбіз.
Әлиядан соның жайын сұрадық.
– Неге мен Ресейге баруым керек?! Рас, Ирина Винер – әлемдегі ең үздік бапкерлердің бірі. Өз қолымда өскен қызсың, бірге жұмыс жасайық деп шақырғаны рас. Бірақ, мен «Ресейде бапкерлер көп қой, Қазақстанға керегірекпін», дедім. Мен өз елімнің патриотымын. Бізге өз олимпиадашыларымызды дайындау керек. Сондықтан, тұлғаңды алтыннан құямын десе де Қазақстаннан кетпеймін.
Осыны айтқанда Әлияның танадай көзі жарқ ете қалған.
Әдетте, көркем гимнасшылар сайысқа шыққанда жадырап шығады. Мәселен, Олимпиада ойындарының жеңімпазы Алина Кабаеваның езуі бір жиылғанын көрген емеспіз. Есесіне біздің қызымыздың әлемдік сында жарқ етіп бір күлгенін және көрген емеспіз. Табиғатында байсалды қыз қанша жерден көркем гимнастика талап етсе де өтірік күле алмайды. Оның Олимпиада ойындарының жүлдегері болмағандығын кейбіреулер осы мінезінен де көреді.
Бірақ, қазақ қызының намысқойлығында шек жоқ. Сырт көзге ұяң көрінетін қарындасымыз ұлт намысы, мемлекеттік мәселеге келгенде жолындағыны құрақтай жапырады. «Неге мен Ресейге кетуім керек. Мен өз елімнің патриотымын», деген сөзі соның бір айғағы ғана.
2006 жыл. Катар. Дохада Азия ойындарының байрақты бәсекесі қызып жатыр. Ақ көйлегі қызыл тобығын жауып жүретін, аузынан Алласы түспейтін арабтар етегіне сүрініп жүретіндей халде емес. Қазақтың бота тірсек, бота көз аруы Әлия Жүсіпова-Юсупова көркем гимнастиканың төрт түрінен өткен сынында бар алтынды бір өзі сыпырып алды. Командалық есепте де Қазақстанды алға шығарарлықтай ерлік жасады.
Екі өкпемізді қолымызға алып арасын жұқа шатыр бөлген күрес залына асықтық. Роман Мелешин ақтық сында айқасып жатқан еді. Бір кезде айқай-шуды тұншықтырып Қазақстаның әнұраны ойналды. Әлияның құрметіне. Әлияның үзеңгілес серіктерінің құрметіне. Осы кезде Роман төрттағандап жатқан қарсыласын жерден қап көтергендей салақтатып жұлып алған. Шеке тамырлары білеуленіп сәл тұрды да оң жақ қапталға бір-ақ ұрды.
Роман Мелешин де Азия ойындарының жеңімпазы. Алып сарайды қуанғаннан мойнымызға іліп кетердей халде жүрміз. Соңынан Роман айтты ғой. Қазақстанның Әнұранын естігенде кеудеме алапат күш бітті деп. Солай. Әлия өзі ғана алтын алып қоймай серіктеріне және Шығыстың балуанына да алтын ұстатқан.
Сонда деймін-ау, халқы тау-тау құмнан көп Қытай гимнасшылары қазақ қызының құрметіне бас иді.
Афина Олимпиадасында осы Әлия Юсупованың кем дегенде үштікке кіретін мүмкіндігі болды. Бар жаттығуды мінсіз орындады. Лентасын шұбалтып түсіріп алған Ресей қызы алдына түсіп кетті. Бейжің Олимпиадасында да украиналық Бессонова екеуінің ұпайы қайта-қайта есептеліп, қазылар атақты футболшының қызына жақ тартты. Адамдар қазылық еткен жерде әділ төрелік күту қиын. Сәл-пәл мін тауып, күштінің алдында шыбындаған атша бұрып кетеді. Көркем гимнастикада әлемдік аренада бір төрешіміздің жоқтығы біздің Әлияның жолын сан рет байлаған.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлына рахмет. Шымкентке келген бір сапарында Әлияның қолынан ұстап тұрып, «Әлия, мен сенің жеңгеніне сендім», деді. Облыс әкіміне «Әлияға арнайы көркем гимнастика мектебін ашып беріңдер», деп тапсырды.
Сол мектеп Шымкенттегі жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы жобасында пайдалануға берілді.
– Бүгінде онда жүз елу, екі жүз шамасында шәкірттер жаттығады, – дейді Әлия. –Басында оншақты-ақ қыз болған. Бапкерлеріміз мықты. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сәбина Әшірбекова Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алды. Ирина Винер бапкерлерім жарыстарда Сәбинаны көріп жоғары баға берген. Өнерін талдап, пайдалы кеңестерін беріп тұрады. Оның сыртында 2002 жылғы Даяна Әбдірбекова мен Әлина Рүстемова деген гимнасшыларымыз жақсы табысқа жетіп келеді.
2003 жылғы Роза Әбитова деген шәкіртіміз 2018 жылы жасөспірімдер арасында өтетін олимпиада ойындарына жолдама алды.
Әлия Юсупова бүгінде көркем гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері, Халықаралық санаттағы төреші, Шымкенттегі №9 көркем гимнастикадан олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры.
Қоштасарда бір сауал қойғанбыз.
– Әлия, әкең, атақты боксшы Мақсұт ағайды жақсы білеміз. Бірақ, фамилияңа қарап тегі татар екен деп қалатындар өз ішімізде де бар.
– Түсіндім, аға. Әкем қазақ, шешем қазақ. Әкеміздің төлқұжатында Юсупов болып жазылып кеткендіктен осылай болған. Ал мен қазақ қызы екенімді әрқашанда мақтан тұтамын.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Шымкент